Жаңалықтар

Орта Азия елдерінің бірігуі – болашаққа жасалған үлкен қадам – Әли Бектаев

Түркістанда Орта Азия елдерінің ең алғашқы Парламентаралық форумы өтеді
Орта Азия елдерінің бірігуі – болашаққа жасалған үлкен қадам – Әли Бектаев
Фото: ult.kz 07.02.2023 13:05 2396

Түркістанда 8-10 ақпан күні Орталық Азия елдері I Парламенттерінің форумы өтеді. Мұнда қандай түйткілді мәселелер қозғалып, шешілетіні жайлы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әли Бектаев алдымен Орта Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақ пен бірлікке әсіресе татулықтың маңызына тоқталды. Біздің экономикалық дамуымыз да, әлеуетіміздің артуы да, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы да бір-бірімізбен тікелей байланысты екенін айтты.

«Түркістанда 9-10 ақпан аралығында Орта Азия Парламентаралық форумы тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Бұл – Қазақстанның бастамасымен өтетін үлкен іс-шара. Былтырғы жылы президенттеріміз кездескен уақытта осы тақырыпты көтерген болатын. Парламентаралық форум соның жалғасы десе де болады. Орта Азия мемлекеттері тек қана билік, Үкімет органдарымен емес, жан-жақты саламен қарым-қатынасын тереңдете түсуі керек. Сонда ғана ұтымды өмір сүре аламыз», – деді ол.

Алда болатын форумда 5 мемлекеттің Парламент Төрағаларының арасында екіжақты келісім өткізіледі деп жоспарлануда. Парламенттің басшылары көптеген мәселені жеке де талқылайды. Оның ішінде Парламентаралық қарым-қатынас, елде болып жатқан экономикалық процесстің барлығын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, көрші жатқан мемлекеттер мен біздің заңымыздың бір деңгейлес болуы, өтетін шаралардың бір-біріне кедергі жасамауы үлкен мәселе болып отыр.

«Аталған мәселенің барлығы экономикаға оң әсерін тигізеді. Орта Азия елдерінің интеграциясы, қарым-қатынасы дами түссе, жалпы мемлекеттердің ішкі өнімі кемінде 15 пайызға өсуі мүмкін деген болжам бар. Бұл шындыққа жанасады. Себебі біздің ортақ мәселеміз көп», – деді Әли Әбдікәрімұлы.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Парламентаралық форумда қозғалатын бірқатар мәселе жайлы сөз етті.

«Шешілуі тиіс мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығына қатысты трансшекаралық сулар. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдармен көп әңгіме, келісім жүргізуге тура келеді. Олардың бәрін Президент, Премьер-министрсіз-ақ су шаруашылығы өкілдерінің деңгейінде түбегейлі шешілетіндей қылу қажет деп есептеймін», – деді ол.

Ал екінші болып көршілес жатқан өңірлер арасындағы сауда-саттық мәселесі қозғалды. Егер еліміз ол мемлекеттермен тәжірибе алмасатын болса, одан әрі дами түсетіні анық.

«Өзбекстанның көкөніс өндіруден тәжірибесі мол. Біздің Қазақстанда да ол тәжірибе бар, бірақ енді дамып келе жатыр. Соның ішінде жылыжайларды дамыту жолында көршілес елдерден үйренеріміз көп. Алайда орта және шағын бизнесті дамыту, оларға мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету барысында біздің де беретін тәжірибеміз жоғары. Яғни өңірлік, жергілікті әкімшілік деңгейде осы мәселелерді шеше отырып дамитын уақыт келді. Еліміздің өзара дағдарыс мәселесін шешіп, көршілер арасындағы ынтымақ пен татулықтың болуына ықпал етуі бірінші кезекте қаралады. Орта Азияда мәдениетіміз, дәстүріміз, тамырымыз бір бес мемлекет бар. Олардың арасында қандай да бір мәселе туындайтын болса, көмектесуіміз қажет. Бірақ мұны бір форумның аясында шеше қою мүмкін емес», –  дейді Әли Әбдікәрімұлы.

Оған қоса ол алдағы форумда көршілес мемлекеттердің депутаттары сөз сөйлейтінін айтты.

«Үлкен форумның пленарлық мәжілісінде әр мемлекеттің бір-бір депутаты мәдени, тарихи байланысымыз туралы арнайы баяндама жасайды. Шынында да біздің ортақ дүниелеріміз өте көп. Кездесу барысында түрлі маңызды мәселелер көтеріледі деген ойдамын», – деді.

Сонымен қатар Әли Бектаев форумға келген өнерпаздар концерт өткізетінін де айтты.

«Әр мемлекеттің өнер иелерінің концерті болады. Мұндай форумдар өткен кезде мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері бір-бірімен пікір алмасып, қарым-қатынас орнатады. Елдер арасындағы байланыс одан әрі дами түсуіне мүмкіндік туады. Түркістан қазаққа ғана емес, барлық түркі әлеміне ортақ жәдігер. Орта Азия мемлекеттерінің тәу ететін жері. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенісі бәріміздің мақтанышымыз. Түркістанның соңғы кездері дамып келе жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазіргі салынып жатқан мұражайлар, тарихи орталықтары түркі әлемінің, Орта Азияның тарихынан сыр шертеді», – деді Әли Әбдікәрімұлы.

Сөз соңында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Орталық Азия елдері Парламенттерінің форумын жиі өткізіп тұруға ниетті екенін айтып жеткізді.

«Біз бір-бірімізбен жиі араласып, пікір алмасып тұруымыз керек. Бұдан тек қана пайда келеді деген ойдамын. Қазіргі геосаяси жағдайда Орта Азия елдерінің бірігуі, ынтымақтасуы, ортақ мүдделерін талқылауы, қажетті шешімді бірге қабылдауы болашақта дамуға жасалған үлкен қадам болмақ», – деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға