Жаңалықтар

Өрт сөндірушілер тек өртке ғана жауап бермейді

Өртке қарсы қызметте жүріп, халық тыныштығы мен тәртібіне қорған болған отбасылардың бірі – Қайрақбаевтар жанұясы
Өрт сөндірушілер тек өртке ғана жауап бермейді
15.11.2022 23:50 2896

Өрт сөндіру қызметкерлерінің  әр жұмыс күні ерлікпен тең. Олар өз қызметін міндет санап, басқалардың өміріне қашанда араша түсуге әзір тұрады. Өртке қарсы қызметте жүріп, халық тыныштығы мен тәртібіне қорған болған отбасылардың бірі – Қайрақбаевтар жанұясы.

Өз отбасыңды мақтан етіп, атаңның жолын қуып, жақындарыңмен бөлісе алатын ортақ қызығушылықтардың болғаны жақсы іс болып табылады. Өрттен қорғау қызметіне келіп, онда ұзақ уақыт қалған адамдар үшін жұмыс тағдырға айналатыны рас. Себебі өрт – тілсіз жау. Оны алдын ала болжау мүмкін емес. Қоршаған ортадағы заттардың бақылаусыз жануы, адам өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізетін тілсіз жаумен күресудің өзі ерлікке тең. Елімізде атасының салып кеткен сара жолын жалғап, әкесінің  ізімен жүрген жандар көп емес.

Солардың бірі – Қайрақбаевтар отбасы. Әулеттің иесі Бодан Қайрақбаев 1919 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Сыр бойындағы кешкі мектептің 10 сыныбын аяқтап, Ленинград қаласында оқыған. Кейін Харьков қаласында мемлекеттік қауіпсіздік бойынша үш айлық жедел уәкіл құрамынын курсын тәмамдаған.1939 жылдан бастап әр салада жұмыс жасаған. Өртке қарсы қызмет органында 1952- 1975 жылдары өрттен қорғау инспекторынан, өрттен қорғау бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтеріліп, майор шенінде зейнетке шыққан. Жары Рахия Сәрсенбаева көп жылдар бойы есепші болып жұмыс жасаған. Бодан ақсақал мен Рахия әже төрт ұл-қызды тәрбиелеп өсірген. Өнегелі отбасының ұл-қыздары бүгінгі таңда әр саланың тізгінін ұстап жүр.Тұңғыштары Мария Бұхарбаева саналы ғұмырын балаларға білім беруге арнап, көптеген жылдар бойы ұстаз болып жұмыс жасаған. Екінші перзенті Нысанбек Қайрақбаев инжинер-архитектор болып жұмыс жасаған, Гүлсара Қайрақбаева медицина саласына өз үлесін қосқан. Кенжелері – Сламбек Қайрақбаев әкесінің жолымен, өртке қарсы қызмет органдарында қызмет атқарған.

Әке жолын жалғастырған Сламбек Қайрақбаев 1959 жылы дүниеге келген. Қызылорда политехникалық техникумын, Алматы қаласындағы өрт техникалық училищесін және Ташкент қаласындағы Жоғарғы инженерлік өрт-техникалық мектебінде білім алған. Өртке қарсы қызмет органдарында 1980 жылдан бастап 1997 жылға дейін  қызмет атқарып, майор шенінде зейнетке шыққан. Жұбайы Айнакүл Қайрақбаева он жылға жуық уақыт әуежайда жолсерік болып қызмет еткен. Сламбек Боданұлымен 2 ұл 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Тұңғыштары Руслан 1981 жылы дүниеге келген. Екінші ұлдары Нұрлан «Қорқыт ата» атындағы  Қызылорда мемлекеттік университетін «дене шынықтыру» мамандығы бойынша аяқтаған. Бүгінгі таңда  Байкен-U уран өндіру кен орнында жұмыс жасайды. Отбасында 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Кенжелері  Индира 1987 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата»  мемлекеттік университетін  «ағылшын тілі» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған. Бүгінде «СNLС» қытай компаниясында жұмыс атқарады. Жанұясында төрт бірдей қызғалдақтай қыздарды тәрбиелеп отыр.

Жанұяның тұңғышы  Руслан Қайрақбаев 1981 жылы Қызылорда қаласында өмірге келген. Қызылорда қаласында мектеп табалдырығын аттап, білім алған. Көкшетау техникалық институтын «өрт қауіпсіздігі инжинері» мамандығы бойынша аяқтап, сырттай «Қызылорда экономика, экология және құқық университетін» «заңгер» мамандығы бойынша оқыған. Әйелі Айнұр Қабылханқызы Қызылорда қаласындағы «Қазгермұнай» БК ЖШС мұнай компаниясында кадр басқармасының жетекші маманы болып жұмыс жасайды.

Халқымызда өмірге ұл бала келсе, «атқа мінер туды» деп, қыз бала дүниеге келсе, «жанұяға қуаныш келді»,- деп сүйіншілейтін болған. Руслан мен Айнұр болашақтарынан үміт күтіп отырған бес балапанды тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Айсун атты қыздары Назарбаев Зияткерлік мектебінде, ал Жайсан мен Сұлтан «Мұрагер» мектеп лицейінде білім алып жүр. Кенже қызы Наргиз бастауыш сыныпта болса, кішкентай ұлы Салман 2021 жылы өмірге келген. Бүгінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып қызмет атқарып жатыр. Бұл қызметке дейін Руслан Сламбекұлы Қызылорда облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы  № 11 мамандандырылған өрт бөлімінің аға инженері - кезек жетекшісі, Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы, Төтенше жағдайларға ден қою басқармасының жедел кезекшісі, Азаматтық қорғаныс басқармасы азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын бақылау  бөлімінің бас маманы тағы да өзге де қызметтерде қызмет етіп жүріп өз саласында шыңдалған.

 «Біздің жұмыстың мақсаты – төтенше жағдайдын алдын алу мен жою және тиімді шаралар қабылдау болып табылады. Нысандарға жоспарлы және жоспардан тыс теориялық  және практикалық тексерістер жүргіземіз. Қазіргі таңда өрттің, судың тағы да басқа түрлі жағдайлардың алдын алу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Олар әр кезеңге бөлінген. Сонымен бірге әр сала мекеме қызметкерлері, кәсіпкер және тұрғындармен жиындар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өткіземіз. Рейдтер ұйымдастырылып, тұрғын секторларды аралаймыз. «Жас Отан» Жастар қанатының еріктілері, колледж студенттері бізбен бірігіп белсенді жұмыс атқарады»,-деді полковник.

Руслан  Сламбекұлы мектеп табалдырығында оқып жүрген кезінен атасының жолын қуып, әкесінің ізімен жүруді алдына мақсат етіп қойған. Адамдарға көмек көрсетемін, халық үшін қызмет етемін деген мақсатпен төтенше жағдай саласын таңдаған. Атасы Бодан мен әкесі Сламбектен өзге бірнеше жылдар бойы Қызылорда облыстық өртке қарсы қызметі мен төтенше жағдай саласын басқарған Ибадулла Махмұтұлы мен Бөрібек Әбдіқалықов, Бахтияр Қайымұлы мен Сағынбек Сиратұлынан үйренері көп болғанын жеткізді.

Қызмет міндеттерін үлгілі орындағаны және қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін ведомстволық наградалар - ІІІ, ІІ, І дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Қазақстан Республикасы Ішкі істер  министрлігі  Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл», «Қазақстан полициясына 25, 30 жыл» мерекелік медалдарымен, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесу үшін» төсбелгісімен, алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталған.

Өз ісіне адал, елі үшін қызметін абыройлы міндет санайтын өрт сөндіру саласын ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан Қайрақбаевтар династиясы  келер ұрпаққа үлгі болары анық.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға