Жаңалықтар

Орман өртенді: темекі тұқылын далаға тастаған ер адамға қылмыстық іс қозғалды

Орман өртенді: темекі тұқылын далаға тастаған ер адамға қылмыстық іс қозғалды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 12.05.2023 18:00 670

Павлодар облысында темекі тұқылын далаға тастаған ер адамға қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов айтты, деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі. 

13 сәуірде «Ертіс орманы» резерватындағы Бәйімбет орман шаруалығы өртеніп, кейін қызыл жалын Ресей аумағына тараған. Өрттің ауданы – шамамен 200 гектар.

Біз кінәлі адамды анықтадық. Оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін полицияға материал жіберілді. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады, - деді Қайрат Шаймарденов.

Оның айтуынша, өрт шыққанда Аққулы ауданының ТЖБ қызметкерлері оқиға орнына шұғыл жеткен. Осылайша, олар өрттің ошағын анықтап, кінәлі адамды тапты.

Күдікті сол жерге темекі тұқылын тастаған. Содан кейін өрт шыққан. Мұны куәгерлер де растады. Қызметкерлер күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Оқиға орнында өрттің темекі тұқылынан болғаны анық көрінеді, - деді басшы.

Еске сала кетсек, өртті сөндіруге орман шаруашылығынан 92 адам, 24 техника және Павлодар облысы ТЖД-дан 25 қызметкер және 6 техника жұмылдырылған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға