Жаңалықтар

Өркендеудің өзегі саяси реформаларды сапалы жүргізуден көрінеді

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахан елдегі саяси өзгерістер туралы пікір білдірді
Өркендеудің өзегі саяси реформаларды сапалы жүргізуден көрінеді
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан 07.11.2022 12:23 802

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахан елдегі саяси өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

 «Президенттік сайлауды саяси өзгерістердің бастамасы деп түсінемін. Қасым-Жомарт Тоқаевпен Парламент Сенаттында 10 жыл әріптес болдық. Артық сөзі жоқ, таза, кішіпейіл, қарапайым азамат. Әділетті Қазақстан құруды мұрат етіп, осы жолда табанды еңбек етіп келеді. Конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты маңызды заңға жариялы түрде қол қойды. Бұл өзгерістер ашық әрі әділ қоғам құрудың негізгі жолы екеніне, азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, инклюзивті қоғам құруда заңды түрде қолдаудың тетігі болады. Конституцияның үштен бірі, 33 бапқа 50-ден аса өзгеріс енді және бұл саяси жүйедегі түбегейлі бетбұрысқа бастайды. Заңға сәйкес, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау тетігі күшейтіліп, жергілікті өкілді органдардың дербестігі артып, Конституциядағы өзгерістер әділеттілік қағидаты негізінде өзара қатынастың жаңа сипатын көрсетеді», – деді Қуаныш Айтахан.

Оның сөзінше, елдіктің еңсесін тіктейтін бағдармалар дұрыс құрылуда, бастысы, бақылау күшейтіліп, сапалы орындалуына мән берілуі тиіс.

«Кезектен тыс президенттік сайлаудан кейін Парламент қабырғасына жаңа тұлғалар келетіні анық. Өйткені партиялардың тіркелуінде жеңілдіктер қаралып, сайлауға түсуіне кең жол ашылды. Республикалық және жергілікті жердегі өкілді органға мажоритарлық сайлау арқылы елге беделді азаматтар келеді. Заң шығарушы орган жаңарғаннан кейін Үкіметті қайта құратыны белгілі. Осылайша ел аймағында саяси өзгерістер орын алғалы тұр», – деді ол.

Қысқасы, қайраткер өркендеудің өрісі саяси реформаларды сапалы жүргізуден көрінеді дегенді алға тартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға