Жаңалықтар

«Ордабасы» Шымкентке алғашқы чемпиондықты сыйлай ала ма?

«Ордабасы» Шымкентке алғашқы чемпиондықты сыйлай ала ма?
Фото: instagram.com/fc__ordabasy 12.07.2023 14:30 774

Шымкенттің атынан талай команда премьер-лигада өнер көрсеткен. Бірақ бірде-біреуі Қазақстан чемпионы атанып көрмеген. Биыл бұрын-сонды болмаған мүмкіндік туып тұр. «Ордабасы» біріншілікте көш бастады. Оның үстіне, қосымша қаржы бөлініп, командаға жаңа ойыншылар келіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігі қосымша 1 миллиард 71 миллион теңге бөлген. Бұл команданың еурокубокқа қатысуы үшін керек екен. Бұл лот мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған. Қалалық әкімдік бұл шығынды былай түсіндіреді: іс-сапар шығындары, УЕФА талаптарына ойындарды ұйымдастыру, футболшылар мен бапкерлерге жалақы төлеу, жалға автобус пен спорттық базаны алу. Сонымен қатар салық бар.

Команда премьер-лигада 15 матчтан кейін бірінші орында тұр. Дүйсенбі күні 17-турдың кейінгі шегерілген матчтында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубын аяған жоқ. Астанада өткен сырт алаңдағы ойын Александр Седнев шәкірттерінің пайдасына шешілді. Бұл ойында олар 4 гол соқты.

 Сөйтіп, «Астананы» қуып жетті. Дегенмен, «Ордабасының» бір ойыны кем. Сондықтан келесі матчты ұтса, үш ұпай алға ұзайды.

«Окжетпес» (Көкшетау) – «Ордабасы» (Шымкент) – 0:4

Голдар: Абдихоликов, 14 (0:1). Садовский, 36 (0:2). Тағыберген, 64- пенальтиден (0:3). Исламхан, 86-пенальтиден (0:4).

Алаңнан қуылды: Шәмші Бексұлтан, 42.

Ал Қазақстан кубогында команда екінші жыл қатарынан финалға шықты. Былтыр шешуші кезеңде Оралдың «Ақжайық» клубынан басым түсіп, чемпион атанған. Соның арқасында УЕФА Конференция лигасына қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Бұл жолы да олар жартылай финалда «Астанамен» кездесті. Елордадағы алғашқы ойында Григорий Бабаян шәкірттері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қарымта кездесуге қонақтар бірнеше көшбасшы футболшысын әкелген жоқ. Олардың арасында Марин Томасов бар. Өйткені «Астана» үшін маңызды ойын УЕФА Чемпиондар лигасы болып тұр.

Сонымен ине шаншар орын болмаған Шымкенттегі матчқа тоқталсақ, Бірінші таймда гол соғылған жоқ, әйтпесе алаң иелері бірнеше рет қауіпті шабуыл ұйымдастырған. Елорда командасының қақпашысы Александр Заруцкий өз орнынан табыла білді.  Үзілістен соң астаналықтар алға ұмтылғанымен, шымкенттіктер қорғаныста сауатты қорғанды. Көп ұзамай Шохбоз Умаров қарсылас қорғаушыларын алдап өтіп тоғыздыққа тепкен доп қақпадан дәл табылды.

Григорий Бабаян Ян Вороговский мен Абат Айымбетовті алаңға шығарды.

Жалпы есеп теңескен соң матч қосымша уақытқа созылды. Бұл 30 минутта алаң иелерінің пайдасына шешілді. Кездесудің 105-минутында Бауыржан Исламханның бұрыштан әуелеткен добын қорғаушы Темірлан Ерланов тиімді пайдаланды. Екі матчтың қорытындысы бойынша «Ордабасы» финалға жолдама алды.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Астана» (Астана) – 2:0

Голдар: Умаров, 53 (1:0). Ерланов, 105+2 (2:0).

Алаңнан қуылды: Бейсебеков, 112.

Енді олар финалда Қостанайдың «Тобылымен» кездеседі. Қарсыласы жартылай финалда «Атырауды» екі матч да 1:0 есебімен жеңді.

«Ордабасы» қазір үш фронтта ойнап жатыр. Премьер-лига мен кубоктан бөлек, алда УЕФА Конференция лигасы бар. Алғашқы қарсылас – Польшаның «Легия» клубы болып тұр. Бірінші ойын 27 шілдеде Шымкентте өтеді. Команда осы маңызды матч қарсаңында құрамын күшейтіп жатыр. Мысалы, жақында Украина құрамасының шабуылшысы Артем Беседин қосылды.

Артем Киевтің «Динамо» клубының түлегі. Кәсіпқой мансабын 2016 жылы бастап, украиналық команда сапында 143 мәрте алаңға шығып, 35 гол соққан.

«Динамо» сапында Беседин Украинаның екі дүркін чемпионы, екі дүркін Суперкубоктың иегері және кубоктың жеңімпазы атанды.

Халықаралық деңгейде Украина құрамасының сапында 19 матчқа қатысып, 2 гол соқты. Украинаның 16 жасқа дейінгі құрамасынан бастап барлық құрамаға шақырылған.

Сондай-ақ Артем мансабында Украинаның «Металлист» және Кипрдің «Омония» командаларында ойнаған.

Қазақстан футболшыларынан орталық алаңды күшейту үшін Думан Нәрзілдаевты қатарға қосты. Ол команда капитаны Асхат Тағыбергенмен бір кездері «Қайсарда» бірге ойнаған. Сондықтан Тағыберген-Нәрзілдаев жұбынан бапкерлер штабы көп үміт күтетін секілді.

Думан Нәрзілдаев бұған дейін «Қайсар» және «Каспий» командаларында ойнаған. Ол осы маусымда Премьер-лигада 12 ойын өткізді.

TransferMarkt порталы ойыншының трансферлік құнын 250 000 еуроға бағалайды.

Клуб президенті Бауыржан Әбдубаитов бұл трансферлерге қатысты өз пікірін білдірді. Ол екі ойыншымен барлық мәселе шешілгенін, тек біреуімен әлі келіссөз жүріп жатқанын жеткізді.

«Артем Беседин мен Думан Нәрзілдаев бойынша барлық мәселе шешілді. Тек техникалық аз-кем рәсімдер бар. Ал Евгений Макаренконың кандидатурасы әлі талқыланып жатыр. Сондықтан бірдеңе айтуға ерте. Команадада бәсекелестікті күшейткіміз келеді. Сол себепті әр позиция бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - дейді ол.

Клуб президенті айтып отырған Евгений Макаренко бұған дейін Венгрияның «Фехервар» командасында өнер көрсеткен. Украина құрамасы сапында 15 матчқа қатысқан. 2020 жылғы Еуропа чемпионатында бақ сынады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға