«Ордабасы» «Қайсарды» ойсырата жеңіп, тарихи алтын дубль жасады

«Ордабасы» «Қайсарды» ойсырата жеңіп, тарихи алтын дубль жасады
Фото: «Ордабасы» ФК баспасөз қызметі

Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионында өткен Қазақстан Кубогының финалында Шымкенттің «Ордабасы» командасы Қызылорданың «Қайсар» клубын 4:1 есебімен ойсырата жеңді.

Осылайша, шымкенттік ұжым өз тарихында алғаш рет бір маусымда ел чемпионаты мен Қазақстан Кубогын жеңіп алып, тарихи алтын дубль жасады.

Финал алдындағы жағдайға қарағанда, «Ордабасы» айқын фаворит саналды. Шымкенттік команда Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанса, «Қайсар» турнир кестесінің соңғы сатысында қалып, жоғары дивизионмен қоштасқан еді.

Дегенмен қызылордалықтар Кубок жолында мінез танытып, «Қайрат» пен «Тобыл» секілді мықты қарсыластарды жарыс жолынан шығарған болатын. Сондықтан шешуші кездесуде де жанкүйерлер «Қайсардан» табанды қарсылық күтті. Алайда Андрей Мартин шәкірттері алғашқы минуттардан-ақ ойын тізгінін өз қолына алды.

Кездесудің 7-минутында шымкенттіктер есеп ашты. Жылдам қарсы шабуыл кезінде Лео Натель Жасұлан Әмірге пас берді. Оның соққысын «Қайсар» қақпашысы Нұрымжан Салайдин қайтарғанымен, доп Сұлтанбек Астановқа жетті. Ол баспен дәл соққы жасап, командасын алға шығарды – 1:0.

Араға төрт минут салып, Астанов есепті еселеуге тамаша мүмкіндік алды. Қақпашыны алдап өткен футболшы бос қақпаға допты дәл бағыттай алмады.

Одан кейін де «Ордабасы» қарсыласын қысымда ұстады. Эльхан Астановтың голы офсайдқа байланысты есепке алынбады. Бьорн Йонсен мен Абагна да бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды.

41-минутта шымкенттіктер екінші голын соқты. Йонсен қарсылас айып алаңы маңында допты тартып алып, шабуылды бастады. Лео Натель мен Абагнаның әдемі комбинациясынан кейін норвегиялық шабуылшы есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша, бірінші тайм толықтай «Ордабасының» басымдығымен аяқталды.

<strong>«Ордабасы» ФК баспасөз қызметі</strong>
«Ордабасы» ФК баспасөз қызметі

Үзілістен кейін де алаңдағы жағдай өзгерген жоқ. «Ордабасы» шабуылдарын жалғастырып, есеп айырмасын ұлғайтуға ұмтылды. 50-минутта Йонсеннің баспен бағыттаған қауіпті соққысын Салайдин қайтарды. Бір минуттан кейін қақпашы Лео Нательдің жақын қашықтықтан жасаған соққысына да тосқауыл болды.

Алайда 60-минутта қызылордалықтардың қорғанысы тағы сыр берді. Йонсен қарсыласынан допты тартып алып, Абагнаға пас шығарды. Ганалық жартылай қорғаушы айып алаңының шетінен қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеді – 3:0.

Бұдан кейін Никола Античтің пасынан соң «Қайсар» қорғаушысы Клайдер допты өз қақпасына бағыттап алды. Бірақ VAR тексерісінен кейін офсайд тіркеліп, гол есепке алынбады.

71-минутта «Ордабасы» төртінші голын соқты. Алекса Аманович өз алаңынан Эльхан Астановқа керемет ұзын пас берді. Қарсылас қақпасына жеке шыққан шабуылшы мүмкіндігін мүлт жібермеді – 4:0.

«Қайсар» да жауапсыз қалған жоқ. Агостиньо Азеведо сол қапталдан допты айып алаңына асырған кезде, оның добы қорғаушылар мен қақпашы Толепбергенді жаңылыстырып, торға түсті – 4:1.

<strong>«Ордабасы» ФК баспасөз қызметі</strong>
«Ордабасы» ФК баспасөз қызметі

Кездесудің соңғы минуттарында «Ордабасы» бесінші голын да соғуы мүмкін еді. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Эвертонның соққысы маңдайшаға тиді. Ал қосымша уақытта Салайдин тағы бір қауіпті соққыны қайтарды. Қорытынды есеп – 4:1. «Ордабасы» Қазақстан Кубогының жеңімпазы!

Андрей Мартин: Бұл – толықтай лайықты жеңіс

Финалдан кейін «Ордабасының» бас бапкері Андрей Мартин шәкірттерінің ойынына жоғары баға берді.

«Ең алдымен, қарсыласымыз – «Қайсар» футбол клубына алғыс айтқым келеді. Олар үшін бұл жыл өте қиын болды. Өкінішке қарай, Премьер-лигадан түсіп қалды. Соған қарамастан, Кубок финалында өз қаласын лайықты таныстырды. Ойын туралы қысқаша айтсам, «Ордабасы»  бірінші минуттан соңғы минутқа дейін кездесуді толық бақылауда ұстады. Біз шабуылда белсенді болып, заманауи әрі сапалы футбол көрсеттік. Сондықтан жеңісіміздің заңдылығына ешкім күмән келтірмейді деп ойлаймын. Шымкент қаласын, футболмен өмір сүретін барлық жанкүйерді құттықтаймын. Бізді үнемі қолдап жүрген қала әкіміне де алғыс айтамын. Бұл қолдау бізді алдағы уақытта да Қазақстанның үздік командалары қатарында болуға ынталандырады. Финалды екі апта күтуге тура келді. Осы уақыт ішінде кейбір ойыншыларға демалыс беріп, команданы психологиялық және физикалық тұрғыдан дайындадық. Соның нәтижесінде қаламыздың намысын абыроймен қорғап, лайықты жеңіске жеттік», – деді Мартин.

«Қайсар» бапкері жанкүйерлерден кешірім сұрады

Қызылордалық команданың бас бапкерінің көмекшісі Дмитрий Карпов финалдағы жеңілістен кейін клубтың жанкүйерлеріне үндеу жасады.

«Бүкіл маусым бойы бізді қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтамын. Олардың алдында ұяттымыз, сол үшін кешірім сұраймыз. Біз «Ордабасының» қаншалықты мықты екенін білдік. Олар алтын дубльге әбден лайық. Финалда тактика мен физикалық дайындықтан бөлек, психологияның да маңызы зор. Премьер-лигадан түсіп қалу бізге ауыр психологиялық соққы болды. Бұл қиындықты еңсеруге тырыстық, бірақ қолымыздан келмеді», – деді Карпов.

Сондай-ақ ол нигериялық танымал футболшы Виктор Мозестің не себепті алаңға шықпағанын түсіндірді.

«Виктор Мозес таңертеңнен бастап өзін жайсыз сезінді. Сондықтан бүгінгі ойынға қатыса алмайтынын айтты», – деп толықтырды бапкер.

Мозес матчқа шақырылған футболшылардың тізімінде болғанымен, алаңға шықпады және марапаттау рәсіміне де қатыспады.

«Қайсар» енді келесі маусымды Бірінші лигада өткізеді. Бұл клуб үшін құрамды қайта жасақтау мәселесін де туындатады. Себебі Бірінші лигада шетелдік футболшыларға қатысты шектеулер бар.

Шымкенттік клуб үшін бұл маусым тарихи жетістікпен аяқталды. «Ордабасы» Қазақстан чемпионы атанып қана қоймай, ел Кубогын да жеңіп алды.

Бұл – клуб тарихындағы үшінші Қазақстан Кубогы және алғашқы алтын дубль.

Андрей Мартин бастаған команда маусым бойы тұрақты ойын көрсетіп, шешуші кездесуде де өзінің басымдығын дәлелдеді. Ал «Қайсар» үшін маусым сәтсіз аяқталғанымен, Кубок финалына дейін жетуінің өзі қызылордалықтардың күрескерлік мінезін көрсетті.

 

Оқи отырыңыз