Қазақстан футболындағы биылғы маусым мәресіне жақындады. Шымкенттің «Ордабасы» клубы ел чемпионатын мерзімінен бұрын жеңіп алып, өз тарихында екінші рет алтын медальға қол жеткізді. Ал чемпиондыққа басты үміткер саналған алматылық «Қайрат» шешуші кездесулерде ұпай жоғалтып, екінші орынмен шектелді. Дегенмен Қазақстан Премьер-лигасындағы (ҚПЛ) тартыс мұнымен аяқталған жоқ. Соңғы турда бірнеше команда жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін күреседі.
«Ордабасы» чемпиондықты қалай жеңіп алды?
2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының 29-туры чемпиондық бәсекеге нүкте қойды. Маусым бойы турнир кестесінің жоғары бөлігінде талас жүргізген «Ордабасы» мен «Қайраттың» тағдыры екі күн ішінде шешілді.
Шымкенттік клуб өз алаңында елордалық «Жеңісті» қабылдап, жеңіске жеткен жағдайда чемпиондық атаққа қол жеткізе алатын еді. Алайда кездесу алаң иелері күткендей өрбіген жоқ.
46-минутта «Ордабасы» қорғаушысы Гай Килама допты өз қақпасына бағыттап алды. Ал 66-минутта Жасұлан Әмір екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Осылайша шымкенттіктер есепте ұтылып жатып, бір ойыншыға кем қалды.
Соған қарамастан алаң иелері 70-минутта таразы басын теңестірді. Эльхан Астановтың голы «Ордабасыны» жеңілістен құтқарғанымен, 1:1 есебі чемпиондықты өз алаңында тойлауға мүмкіндік бермеді. Кездесу аяқталғаннан кейін команда капитаны Сергей Малый да қызыл қағаз алды.
Ендігі үміт «Ақтөбе» мен «Қайрат» матчының нәтижесіне артылды. Алматылық клуб келесі күні «Ақтөбемен» сырт алаңда кездесті. Чемпиондық жарысты жалғастыру үшін «Қайратқа» міндетті түрде жеңіс қажет еді.
Матчта есепті «Ақтөбенің» нигериялық шабуылшысы Бабаджиде Оджо ашты. Артынша Азамат Тұяқбаев таразы басын теңестірді. Бірақ Агустин Пасторица алаң иелерін қайта алға шығарды. 70-минутта испаниялық Марк Гуаль есепті 2:2-ге жеткізді.
Ойын тең аяқталды. Нәтижесінде «Қайрат» 64 ұпаймен чемпиондыққа таласу мүмкіндігінен айырылды. Ал 68 ұпай жинаған «Ордабасы» соңғы турдың нәтижесіне қарамастан бірінші орынды иеленді.
Бұл – Шымкент клубының 2023 жылдан кейінгі екінші чемпиондығы.
«Қайрат» неге чемпиондық атақты қорғай алмады?
«Ордабасының» табысын тек қарсыласының соңғы турлардағы сәтсіздігімен түсіндіру жеткіліксіз. Маусым барысын сараласақ, шымкенттік клубтың чемпиондыққа жетуіне құрамды күшейту, негізгі ойыншылардың тұрақтылығы және жарыс күнтізбесі әсер еткенін байқауға болады.
Ең алдымен, екі клубтың трансферлік саясатына назар аударған жөн. «Ордабасы» маусым барысында құрамын бірнеше маңызды футболшымен толықтырды. Әсіресе Бьорн Йонсеннің келуі команданың шабуылдағы мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Норвегиялық футболшы маусым ортасында қосылғанына қарамастан, аз уақыт ішінде Премьер-лиганың сұрмергеніне айналды.
Сергей Кейлер мен Әбинұр Нұрымбет те бапкерлер штабының ойыншылар таңдау мүмкіндігін кеңейтті. Нәтижесінде «Ордабасы» негізгі құрамдағы футболшыларға ғана тәуелді болмай, қажет кезде қосалқы ойыншылардың көмегіне жүгіне алды.
«Қайратта» жағдай басқаша өрбіді. Қысқы трансферлік кезеңде келген Ойва Юккола мен Яакко Оксанен команданың ойынына бейімделгенімен, басқа жаңа ойыншылардан күткен нәтиже толық байқалмады. Себастьян Себальос жазда клубтан кетсе, Лукас Африко Егор Сорокиннің орнын лайықты баса алған жоқ. Густаво Мендонса да тұрақты түрде шешуші рөл атқара алған жоқ.
Жазда командаға қосылған Марк Гуаль шабуыл шебін күшейткенімен, бір футболшының нәтижелілігі барлық мәселені шешуге жеткіліксіз болды.
Екі шабуылшының қатар кетуі – үлкен соққы
«Қайраттың» чемпиондық жарыста әлсіреуіне әсер еткен маңызды факторлардың бірі – шабуылдағы екі жетекші ойыншысынан айырылуы.
Дастан Сәтбаев «Челсиге» ауысқанға дейін Қазақстан чемпионатындағы 15 матчта жеті гол соғып, екі нәтижелі пас берген. Ал Жоржиньо 19 кездесуде сегіз гол және төрт нәтижелі пас тіркегенімен, ауыр жарақатына байланысты маусымды мерзімінен бұрын аяқтады.
Осылайша алматылық клуб қысқа уақыт ішінде шабуылдағы негізгі екі ойыншысынан айырылды.
Бұл өзгеріс команданың гол соғу мүмкіндігіне ғана емес, шабуыл ұйымдастыру тәсіліне де ықпал етті. Себебі нәтижелі футболшылардың орнын басу үшін жаңа ойыншылардың жеке шеберлігімен қатар, олардың өзара түсіністігі мен команда жүйесіне бейімделуі де маңызды.
Марк Гуаль белгілі бір деңгейде осы олқылықтың орнын толтырғанымен, оның ойын мәнері классикалық орталық шабуылшыдан ерекшеленеді.
Ал дәл осы кезеңде «Ордабасы» шабуылын күшейтіп, құрамдағы бәсекелестікті арттырды.
Еурокубок ойындары «Қайраттың» нәтижесіне әсер етті ме?
Екі клубтың маусым ішіндегі жүктемесі де бірдей болған жоқ. «Ордабасы» негізінен ішкі жарыстарға назар аударса, «Қайрат» шілде айынан бастап еурокубок матчтарына қатысты. Халықаралық кездесулер, ұзақ сапарлар және тығыз күнтізбе футболшылардың физикалық дайындығына қосымша салмақ түсіргені анық. Маусымның алғашқы бөлігінде алматылықтар мұндай жүктемеге төтеп бергенімен, қыркүйекте жағдай күрделене түсті.
«Қайрат» өз алаңында «Тобылдан» 1:4 есебімен жеңіліп, кейін «Астанаға» 0:1 есебімен жол берді. Чемпиондық бәсекеде осы екі нәтиже шешуші рөл атқарғандай.
Команда еурокубок аясында «Рига» және «Панатинаикос» клубтарымен де кездесті. Мұндай жағдайда футболшылардың қалпына келуіне бөлінетін уақыт қысқарады. Дегенмен «Қайраттың» ұпай жоғалтуын тек шаршаумен байланыстыру дұрыс болмас. Қарсыластар дайындығы, тактикалық шешімдер мен құрамдағы өзгерістер де нәтижеге ықпал етті.
Чемпиондық жарысқа күнтізбе мен төрешілік шешімдер де әсер етті
Маусым барысында «Ордабасы» мен «Қайраттың» тікелей бәсекелестерге қарсы кездесулеріндегі жағдай да әртүрлі болды.
Мәселен, «Тобыл» «Қайратқа» қарсы негізгі футболшыларының басым бөлігін алаңға шығарса, «Ордабасымен» өткен кездесуде бірқатар жетекші ойыншысын қосалқы құрамда қалдырған. Бұған қостанайлықтардың еурокубоктағы ойындары әсер еткен.
Ұқсас жағдай «Астанамен» өткен матчтарда да байқалды. Елорда ұжымы «Ордабасы» клубына қарсы кездесуде Марин Томасов пен Иван Башичті бастапқы құрамға қоспады. Ал «Қайратқа» қарсы екеуі де алғашқы минуттардан ойнап, командасының жеңіске жетуіне үлес қосты.
Мұндай айырмашылықтар чемпиондық жарысқа әсер етуі мүмкін. Алайда командалардың құрам таңдаудағы шешімдерін әдейі бір клубқа басымдық беру әрекеті ретінде бағалауға нақты негіз жоқ. Әр бапкер жарақат, шаршау, дисквалификация қаупі мен алдағы ойындарды ескере отырып шешім қабылдайды.
Төрешілікке қатысты даулы эпизодтар да назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе «Ордабасы» мен «Атырау» арасындағы кездесу талқыланды. Матч барысында атыраулықтардың екінші голы VAR қарауынан кейін есепке алынбаған. Кейін бұл шешімнің қате болғаны айтылды. Сонымен қатар қосымша уақытта «Ордабасының» пайдасына белгіленген пенальти де дау туғызды. Нәтижесінде шымкенттік клуб жеңіліп жатқан ойында бір ұпай еншіледі.
Ал клуб президенті Дархан Қызайбай маусым соңында жанкүйерлердің көкейіндегі күдікке былай деп жауап берді:
Өз басым ешқандай төрешіні танымаймын, олармен сөйлескен емеспіз. Біз тек команданың көңіл күйіне, нәтижесі мен қателіктерге мән бердік. Өз алаңымызда өткен ойында да екі бірдей футболшымыз қызыл қағаз алды. Мұның өзі біраз дүниені аңғартуы керек шығар, – деді Қызайбай.
Турнирлік кестеде әр ұпай маңызды болғанымен, бір ғана төрешілік шешім бүкіл маусымның нәтижесін анықтады деу қисынсыз. «Ордабасының» чемпиондығы ұзақ маусым бойындағы тұрақты нәтижелердің жиынтығынан қалыптасты.
«Астана» мен «Оқжетпес» қола медальға таласады
Чемпиондық пен күміс жүлденің иелері анықталғанымен, үшінші орын үшін күрес әлі аяқталған жоқ.
29 турдан кейін «Астана» 53 ұпаймен үшінші орында тұр. Елордалық клуб соңғы кездесуінде турнир кестесінің соңындағы «Қайсармен» 0:0 есебімен тең түсті. Осы мүмкіндікті «Оқжетпес» тиімді пайдаланды. Көкшетаулықтар «Каспийді» 3:0 есебімен жеңіп, ұпай санын 51-ге жеткізді. Екі команданың арасын небәрі екі ұпай бөліп тұр.
Соңғы турда «Астана» сырт алаңда «Жетісумен», ал «Оқжетпес» «Елімаймен» кездеседі.
Егер «Астана» жеңіске жетсе, үшінші орынды ешкімге бермейді. Ал елордалықтар ұпай жоғалтып, «Оқжетпес» жеңіске жетсе, қола жүлденің тағдыры өзгеруі мүмкін. Бұл тартыстың маңызы медальмен ғана шектелмейді. Командалар үшін келесі маусымдағы еурокубок жолдамалары да маңызды.
Премьер-лигадан қай командалар шығып қалуы мүмкін?
Маусымның соңғы турындағы басты интрига турнир кестесінің төменгі бөлігінде сақталып отыр.
«Қайсар», «Жетісу», «Атырау», «Алтай» және «Ертіс» жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін күресуде. Аталған бес команданың екеуі маусым қорытындысында Премьер-лигамен қоштасуы мүмкін.
Жағдайы қиын командалардың бірі – Қызылорданың «Қайсары». 29 турдан кейін 25 ұпай жинаған клуб соңғы орында тұр. Жоғары дивизионда қалу үшін қызылордалықтарға «Жеңісті» жеңу қажет. Бірақ үш ұпайдың өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Команда басқа қарсыластарының да ұпай жоғалтқанына үміт артады.
«Жетісудың» да жағдайы күрделі. Талдықорғандықтар соңғы турда қола медальға таласып жатқан «Астананы» қабылдайды. Сондықтан екі команда үшін де кездесу нәтижесінің маңызы зор.
«Атырау» Жезқазғанда «Ұлытаумен» ойнайды. Атыраулықтар жеңіске жетсе, басқа матчтардың нәтижесіне тәуелді болмай, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалады.
Өскеменнің «Алтайы» Алматыда «Қайратпен» кездеседі. Қарсыласының күміс жүлдені қамтамасыз еткені өскемендіктер үшін жеңіл ойын болады деген сөз емес. Алайда «Алтай» жеңіске жетсе, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалу мәселесін шешеді.
Ал Павлодардың «Ертісі» чемпион атанған «Ордабасымен» ойнайды. Павлодарлықтарға тең нәтиженің өзі жеткілікті. Сондықтан қалған үміткерлермен салыстырғанда олардың жағдайы біршама тәуір.
Командалардың тағдыры жинаған ұпайына ғана емес, тең ұпай жағдайында қолданылатын турнирлік көрсеткіштерге де байланысты болуы мүмкін екенін еске саламыз.
Соңғы турда кім кіммен кездеседі?
31 қазан, сенбі
15:00 – Қазақстан уақыты
Барлық сегіз матч бір мезгілде басталады.
«Жетісу» – «Астана»
«Жеңіс» – «Қайсар»
«Ертіс» – «Ордабасы»
«Қайрат» – «Алтай»
«Ұлытау» – «Атырау»
«Елімай» – «Оқжетпес»
«Тобыл» – «Ақтөбе»
«Каспий» – «Қызылжар»
Жоғары дивизионға қай командалар оралады?
Келесі маусымда Қазақстан Премьер-лигасының құрамында да өзгерістер болады. Бірінші лига нәтижесі бойынша Қарағандының «Шахтері» мен Түркістанның «Тұраны» жоғары дивизионға жолдама алды.
«Шахтер» 2024 жылдан бері Премьер-лигада өнер көрсетпеген еді. Ал «Тұран» бір жылдық үзілістен кейін қайта оралады.
Бұл екі клубтың қосылуы келесі маусымдағы бәсекені жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Дегенмен олардың жоғары дивизионда қаншалықты нәтижелі ойнайтыны құрамды жасақтау мен маусым алдындағы дайындыққа байланысты болады.
Енді футбол жанкүйерлерінің назары 31 қазанда өтетін соңғы турға ауады. Бір командалар жүлделі орын үшін таласса, енді бірі Премьер-лигада қалудың соңғы мүмкіндігін пайдалануға тырысады.
Чемпион белгілі. Бірақ Қазақстан футболындағы биылғы маусымның соңғы әрі маңызды сұрақтарына жауап әлі берілген жоқ.