Жаңалықтар

Оразкүл Асанғазы – 65 жаста

Астанада әдеби-сазды кеш өтті
Оразкүл Асанғазы – 65 жаста
24.02.2017 18:02 12898

Оразкүл Асанғазы есімі аталса қазақ тілі, қазақ тілі сөз болғанда Оразкүл бейнесі еске түсетіні рас. Бұдан бөлек, маған Астанадағы ілініп тұрған әрбір көше аты қайраткер қыздың қолтаңбасындай болып көрінеді де тұрады. Қазақтың қайсар қызының 65 жасқа толған мерейтойы Астанада өтті.

Еңбек жолын ұлағатты ұстаз болудан бастап, қайраткерлік деңгейге көтерілген  тұлға жайлы жиналған жақсы-жайсаң толғана сөз қозғады. Қазақта намысын қолдан бермейтін қайсар мінезді, қайраткер, алғыр арулар жетерлік. Солардың ішіндегі бірегейі де, табанды, өжет, ұлтына адалы да Оразкүл Асанғазықызы екенін айтқан ел ағалары кеш иесіне сыйлықтарын табыстады.  Әсіресе, ұстазына деген ыстық ықыласын жеткізуге арнайы келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «Мен бұл тойға министр ретінде емес, менің мемлекеттік қызметке келуіме есік ашқан ұстазыма шәкірттік лебізімді білдіру үшін келіп отырмын. Біз осы кісінің өр тұлғасына қарап үлгі алып өстік. Оразгүл апамның бойынан үйренген көп қасиеттер бізді биіктерге шығуға жетеледі. Әсіресе, ұстазымнан көрген жетімдерді жебеу, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру сияқты жұмыстарды қайда барсам да ескерусіз қалдырған емеспін»,-деп ұстазымен мақтанатынын айтты.

Сенаторлардың сәлемін арқалап келген Бірғаным Әйтімова тіл жанашыры Оразкүлдің көшбасшылық қасиеті мен өр мінезін бағалап, иығына шапан жапты. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинның және барлық халық қалаулыларының құттықтауын жеткізген қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан Оразкүл Асанғазықызының талайлаған лауазымды қызметті абыроймен атқарып, елімізде сапалы заңдардың қабылдануына үлес қосқанын айтып,  халыққа қызмет ету білімнен емес, мінезден екенін атап өтті.

Сондай-ақ, осы кеште мемлекеттік тілдің қолдануын кеңейтудегі еңбегі мен мәдениет пен білімге қосқан ерекше үлесі үшін қазақ қызы төсіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» және Бас прокуратураның «Мерей» медалін тақты. Сөз алған ОҚО әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов Оразкүл Асанғазықызына Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атағы берілгендігін жариялады.

Оразкүл Асанғазықызының еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолындағы еңбегі орасан. Сондықтан да абыройлы азаматтың бүгінге дейін алған атағы да айтып тауысқысыз. Соның ішінде қазақтың қайсар қызы «Құрмет» орденінің иесі екенін, «Еңбектегі Ерлігі үшін», «ҚазКСР ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен және «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталғанын, «Мәдениет қайраткері» атағын алғанын айта кеткен жөн. Міне осындай атақ пен даңққа толы қырық жылдық ерен еңбек пен батыр қыздың бүгінге дейінгі өмірін қамтитын «Қайсарлық пен қайраткерлік» атты ғұмырнамалық жазба да салтанатты кеште оқырманға жол тартты. Мерейтойдың өтуіне мұрындық болған да жаңа еңбек пен оның авторы белгілі журналист Нәзира Байырбек екенін кеш соңында бір-ақ білдік.

Эссе-диалог түрінде жазылған еңбектің өмірге келуіне тоқталған автор Нәзира Байырбек былай деді:

– «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Ақселеу Сейдімбек ағамен бір кездесуімде маған «уақытыңды тиімді пайдаланып, қазақтың мықты қыздары жайлы жазсаң қайтеді?» деп ақылын айтты. Мен ол кезде тарихта аты қалған тұлғалар жөнінде айтып отырған шығар деп ойладым және соған батылым да бармады. Уақыт өте келе батыр қыздарды тек өткен өмірден іздей берудің қате екенін түсініп, айналамдағы қазақ қыздарының көшін бастап жүрген белсенді тұлғалар жайлы қалам тербей бастадым. Сол көштің алдында Оразкүл апайдың тұрғанын байқадым. Сөйтіп, осы еңбек өмірге келді.  Ол кісі туралы жазғанда «баланы ұлша тəрбиелесең ұл болады, құлша тəрбиелесең құл болады» дегенге көз жеткіздім. Апайдың бойынағы өрлік пен биік жауапкершілікті асқар тау әкесінің тәрбиесінен екенін ұқтым. Мен бүгін Ақселеу ағамның бір аманатын орындағандай қуанып отырмын. Бұл – мен үшін мәртебе!

Кеш соңында сөз алған мерейтой иесі Оразкүл Асанғазықызы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін кемелді заңның, баянды бағдарламаның бар екенін, ана тілімізді ардақтау үшін заңнан гөрі ұлттық намыс пен рухтың маңызы зор екенін айтып, тілді басқарған адамдардың қалғитын уақыты емес екенін тағы да бір рет ескертті.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға