Жаңалықтар

Оралды қорғауға тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушы жұмылдырылады

Оралды қорғауға тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушы жұмылдырылады
Фото: primeminister.kz 22.04.2024 10:00 4634

21 сәуір күні таңертең Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті межеден асып, 8,5 метрді құраған. Өзен суы жайылған жерге орналасқан саяжай алаптары су астында қалып, Жайық және Шаған өзендерінің маңындағы шағын аудандарға су жеткен. Орал қаласында су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілген режимде жүргізілуде, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

Қорғаныс құрылыстарын нығайту шараларына облыс бойынша 10,6 мыңнан астам адам және қала бойынша 6,4 мың адам, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінен тартылған 2 мыңнан астам техника жұмылдырылды.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев шарықтау шегіне жеткен су тасқынымен күресу үшін Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Алматыдан тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушыны БҚО-ға жіберуді тапсырды. Оралға ТЖМ және Қорғаныс министрлігі бойынша 200 адам келіп, жұмысқа кірісіп кетті.

Қанат Бозымбаев Оралдың периметрі бойынша су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын тексерді. Су тасқынының шарықтау шегі ұзарады деген болжам бар, осыған байланысты вице-премьер су басу қаупі бар аймақтағы өзендердің бойындағы топырақ бөгеттерін тағы бірнеше метрге көтеруді тапсырды.

Сурет: primeminister.kz

БҚО ауылдық елді мекендерінде жағдай тұрақты және бақылауда. Су тасқыны кезеңі басталғалы өңірдегі Жайық және Шаған өзендерінің бойында 136 шақырымнан астам бөгет салынып, оның ішінде Орал қаласында 45 шақырымды құрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға