Бұрын брендтер жарнама үшін оқырманы көп блогерлерге жүгінетін. Қазір әлеуметтік желіде басқа формат танымал бола бастады. Мыңдаған оқырманы болмаса да, өнімді шынайы әрі табиғи көрсете алатын UGC креаторларға сұраныс артып келеді. Бұл мамандық Қазақстанда да біртіндеп дамып жатыр. UGC креатор деген кім, олар қалай табыс табады және брендтер неге блогердің орнына креатормен жұмыс істеуге қызығушылық танытады?
UGC – ағылшын тіліндегі User Generated Content, яғни «қолданушы жасаған контент» деген ұғымның қысқартылған түрі. Ал UGC креатор – брендтің өнімі немесе қызметі туралы қарапайым қолданушының контентіне ұқсайтын фото мен видео жасайтын маман.
Мысалы, креатор косметиканы қолданып көріп, әсерін айтып береді, киімді киіп көрсетеді, мейрамханаға барып шолу жасайды немесе өнімді күнделікті өмірде қалай пайдалануға болатынын көрсетеді.
Мұндай контенттің басты ерекшелігі – оның тым жарнамалық болып көрінбеуінде. Видео әлеуметтік желідегі кәдімгі қолданушының контентіне ұқсайды. Ал дайын материалды бренд өзінің Instagram парақшасында немесе жарнамалық кампанияларында пайдалана алады.
Сондықтан UGC креатордың басты капиталы – оқырман саны емес, сапалы контент жасай білуі.
Блогер мен UGC креатордың айырмашылығы
Екі маман да брендпен жұмыс істейді. Алайда олардың қызметінде маңызды айырмашылық бар.
Блогер жарнаманы өзінің аудиториясына ұсынады. Яғни бренд оның оқырмандарына, қаралымына және аудиториямен байланысына қызығушылық танытады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал UGC креатор жағдайында негізгі өнім – контенттің өзі. Бренд креатордан видео сатып алып, оны өз парақшасында немесе жарнамада қолдана алады.
Сол себепті UGC креатор болу үшін міндетті түрде ондаған мың оқырман жинаудың қажеті жоқ. Кей жағдайда бірнеше мың аудиториясы бар немесе жаңадан бастаған креатордың өзі тапсырыс ала алады.
Бұл сала бұрыннан бар
UGC ұғымы бұрыннан бар. Интернетте қолданушылардың тауар мен қызмет туралы пікір жазуы, фото немесе видео жариялауы әлеуметтік желілердің алғашқы кезеңдерінен бері пайда болған.
Алайда UGC креатордың жеке кәсіп ретінде қалыптасуына соңғы жылдары қысқа видеолардың қарқынды дамуы әсер етті. TikTok, Instagram Reels секілді форматтардың танымал болуы брендтерге әлеуметтік желінің табиғатына сай, көп көлемдегі жаңа контент қажет екенін көрсетті.
Бұрын компаниялар бір үлкен жарнамалық ролик түсіріп, оны ұзақ уақыт пайдаланса, қазір әлеуметтік желі үшін үнемі жаңа видео қажет. Осы сұраныстың нәтижесінде контентті арнайы бренд үшін түсіретін UGC креаторлар көбейді.
Астаналық UGC креатор Жадыра Бекет те осы үрдістердің әсерін байқағанын айтады. Ол креаторлықты бір жыл бұрын бастаған. Қазір оның Instagram парақшасында 5 мыңнан астам оқырманы бар және осы уақыт ішінде түрлі танымал брендтермен серіктестік орнатқан.
UGC креаторлар Америка мен Еуропада бұрыннан бар мамандар. Ресейге келген бұл толқын біздегі креаторлыққа да әсер етті. 2025 жылдың қыркүйегінде Ресейде таргетке қатысты өзгерістер болған кезде жарнама нарығындағы тәсілдер де өзгере бастады. Осы кезеңде UGC креаторларға сұраныс арта түсті. Себебі өнімді блогер емес, қарапайым креатор ұсынғанда, контент табиғи көрінеді, – дейді Жадыра Бекет.
UGC креатор қанша табыс табады?
UGC контенттің негізгі артықшылығы – табиғилық.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлеуметтік желі қолданушысы кәсіби түсірілген жарнамадан гөрі күнделікті өмірге жақын видеоны қабылдауы мүмкін. Креатор өнімді өзінің тәжірибесі арқылы көрсеткенде, ол дәстүрлі жарнамадан өзгеше көрінеді.
Бұдан бөлек, бренд үшін UGC контенттің тағы бір тиімді тұсы – бір өнімге бірнеше түрлі шығармашылық нұсқа жасауға болады. Бір креатор бірнеше сценарий, түрлі алғашқы кадр немесе әртүрлі формат ұсына алады. Компания кейін олардың ішінен жарнамасына тиімдісін таңдайды.
Осылайша бренд тек креатордың аудиториясына емес, оның контент өндіру қабілетіне ақша төлейді. Қазір креаторлар орташа есеппен бір Reels үшін 10 мың теңге алады. Айына 10-20 тапсырыс орындаған жағдайда, олардың табысы шамамен 100-200 мың теңгені құрауы мүмкін. Ал тұрақты клиенттері мен бірнеше брендпен ұзақ мерзімді келісімі бар креаторлардың айлық табысы бұдан да жоғары болуы ықтимал.
Табыстың көлеміне видео саны, түсіру мен монтаж жұмысы, сценарий, жариялау, сондай-ақ брендтің дайын контентті жарнамада пайдалану құқығы сияқты факторлар әсер етеді.
Кейбір компаниялар өзіне қажетті контентті тұрақты түрде жасап тұратын креатормен ұзақ мерзімді келісім жасайды. Мұндай жағдайда эксклюзивті шарт та болуы мүмкін. Яғни креатор белгілі бір брендпен жұмыс істеген кезде соған ұқсас бәсекелес өнімдерді жарнамаламауға келіседі.
Жадыра Бекеттің айтуынша, креатордың тұрақты табысқа шығуына осындай ұзақмерзімді серіктестік әсер етуі мүмкін.
UGC креаторлар тұрақты табыс таба алады. Жарнамасы жақсы өтіп, брендтің құндылығын аша алса, кейбір бизнес өкілдері олармен ұзақ мерзімге келісім жасайды. Ол кезде креатор бір ғана брендпен жұмыс істеп, оған ұқсас басқа өнімдерді жарнамаламауы мүмкін, – дейді ол.
UGC креатор болу үшін неден бастау керек?
Көпшілік UGC креатор болу үшін алдымен үлкен аудитория жинау керек деп ойлайды. Алайда маманның пікірінше, бұл жерде блог жүргізу мен контент жасауды қатар дамыту маңызды.
Жадыра Бекеттің өзі бұған дейін SMM саласында жұмыс істеген. Креаторлыққа және блог жүргізуге бұрыннан қызыққандықтан, бір жыл бұрын осы бағытты кәсіби түрде қолға алған.
Мен SMM саласында жұмыс істегенмін. Бұрыннан креаторлыққа, блог жүргізуге қызығатынмын. Сондықтан бір жыл бұрын UGC креаторлықты бастадым. Блог бастау үшін контент керек. Одан кейін түр мен дауыс та маңызды. Сол кезде аудитория қалыптасады, – дейді креатор.
Оның айтуынша, жаңадан бастаған маман алдымен өз парақшасын дамытып, қандай контент жасай алатынын көрсетуі керек. Кейін дайын портфолиосымен брендтерге ұсыныс жібере алады.
Ол үшін компанияның Instagram парақшасына тікелей жазуға немесе электронды поштасы арқылы ұсыныс жолдауға болады. Егер брендке креатордың контенті ұнаса, компания өзі де серіктестік ұсынуы мүмкін.
Жаңадан бастаған креаторлардың қателігі
Жадыра Бекет жаңадан бастаған UGC креаторлардың жиі жіберетін қателігінің бірі – парақшаны тек жарнамалық видеолармен толтыру екенін айтады.
Оның пікірінше, креатор өзін тек өнім түсіретін адам ретінде емес, жеке тұлға ретінде де көрсете білуі керек.
Көп UGC креатордың қателігі – тек жарнама бойынша видео түсіруі. Ал олар блогын қызықты дамытса, әлемдік, үлкен брендтермен жұмыс істей алады. Блогта креаторлар өз қызығушылығы, өз өмірі, хоббиі жайлы көрсетуі керек, – дейді ол.
Бұл жерде креатордың жеке стилі де маңызды. Себебі брендтер бір-біріне ұқсас ондаған видеоның арасынан өзіндік ерекшелігі бар контентті іздейді.
Креатордың сөйлеу мәнері, кадр құруы, монтажы, тақырып таңдауы және аудиториямен қарым-қатынасы оның жеке брендіне айналуы мүмкін.
«Барлық брендпен жұмыс істеу міндетті емес»
UGC креатор үшін тағы бір маңызды мәселе – қандай брендпен жұмыс істейтінін таңдау.
Жадыра Бекет өзінің блогында жеке тұлғасын бірінші орынға қоятынын айтады. Сондықтан кез келген ұсынысты қабылдай бермейді.
Менің блогымдағы басты бағыт, ұстаным – блогта өзімнің болуым, менің эксперттілігім мен оқиғаларым. Өзіме ұнамаған және қолданбайтын брендтердің барлығымен жұмыс істей бермеймін, – дейді ол.
Бұл ұстаным UGC креатор мен кәдімгі жарнама жасаушының айырмашылығын да көрсетеді. Өйткені аудиториясы қалыптасқан креатор үшін кез келген жарнаманы қабылдау жеке имиджіне әсер етуі мүмкін.
Креаторлықтың болашағы
Әлеуметтік желідегі жарнама өзгерген сайын брендтерге де контенттің жаңа түрлері қажет болып отыр. Бір ғана танымал блогердің жарнамасымен шектелмей, әртүрлі креатордан бірнеше форматтағы видео алу компанияларға контент қорын көбейтуге мүмкіндік береді.
Ал UGC креатор үшін бұл – жеке блогын дамытып қана қоймай, контент жасауды кәсіби қызметке айналдырудың бір жолы.
Сондықтан UGC креаторлықты тек «телефонға видео түсіру» деп түсіну жеткіліксіз. Бұл – контент өндіру, жеке бренд қалыптастыру және бизнестің өнімін аудиторияға табиғи түрде жеткізу дағдылары тоғысқан жаңа кәсіптердің бірі.
Бүгінде креатордың қанша оқырманы бар екенінен бөлек, оның не түсіре алатыны, қалай сөйлейтіні және брендтің идеясын көрерменге қаншалықты табиғи жеткізе алатыны да маңызды бола бастады.