Жаңалықтар

Оңтүстікте гүлге оранған ауыл бар

Гүлзарлы мекен
Оңтүстікте гүлге оранған ауыл бар
07.03.2017 13:25 14782

Гүл – көктем. Егіз ұғым. Жер ана бусанып, тоң жібіп, айнала көкмайсаға көмкерілетін осы бір сәтте қыз-келіншектердің де құшағы қызылды-жасылды гүлге толады. Өйткені, 8 наурызда бірі анасына, бірі жарына, бірі әпкесіне, бірі әжесіне, бірі қарындасына, енді бірі ұстазына гүл шоқтарын сыйлап, көктемнің алғашқы мерекесіне өзіндік әр беруге тырысады.

Оңтүстік Қазақстан облысы, қарт Қазығұрт етегінде Тұрбат деген ауыл бар. Кезінде бұл елді мекен тұрғындарының аты гүл өсiрумен шыққан, даңқы гүлмен алысқа жайылған.

Өкініштісі сол, жылдың қай мезгілінде барсаңыз да көктем болып қарсы алатын сол гүлзарлы мекенде бүгінде санаулы ғана отбасы гүл өсірумен айналысады. Өзгелері жылыжай ішіне қияр, қызанақ, өзге де көкөніс түрлерін өсіруге әлдеқашан кірісіп кеткен. Өйткені, бұл іске мемлекеттен қаржылай қолдау бар, ал гүлге жоқ.

Қолдау болмаса да, ата кәсіпке адалдық танытып, айналасын гүлге көмкеріп отырған бірді-екілі отбасыны Тұрбатқа арнайы келсеңіз, сөзсіз кездестіресіз. Солардың бірі –  Өмірзақовтар отбасы. Олар 35 жылдан бері жылыжайда жұпар иісі аңқыған гүлдерді өсіріп, өзгелерге қуаныш сыйлап жүр.

– Үйімнің ауласында өсіп тұрған бұл голландиялық гүл көшеттерін осыдан 5-6 жыл бұрын отырғызған болатынмын. Аумағы 15 сотық.  Әлі 10 жылға дейін өсе береді. Гүл өсірудің өзіндік қиындықтары мен құпия, сырлары бар. Тау етегінен итмұрынды теріп ап, біраз уақыт жібітіп қоямыз. Сосын роза гүлдің күлтегіне жалғаймыз. Одан гүл көшет өніп шығады. Егілген гүлді әр он-он бес күн сайын суғарып тұру керек. Желтоқсан айында жылыжай жасап, гүлдің үстін жабамыз. Қыс мезгілінде қалыпты температураны 10-15 градус жылылықта ұстап тұру үшін көмір жағып шығамыз. Ал наурыз айының басынан бастап, сабағынан қырқылған гүл сатылымға шығарыла бастайды, - дейді Батыр аға.

Бүгінде Батыр ағаның раушан гүлдеріне сұраныс мол. Шымкенттен ғана емес, Алматы, Астана, Көкшетау сынды өзге  қалалардан да сатып алушылардың қатары қалың. Олар үйіне келіп, төмен бағада алып кетеді. Алыс қалаларға апарып сату үшiн гүлді таңертең сабағынан кесiп, дестелеп орап, мұздай суға батырып, арнайы мұздатқыш қондырғыға салады. Олар бiрқалыпты салқын температурадағы ылғалды ұрада сақталуы тиiс. Мұздатқыштың температурасы +5-7 градус күйде болса ғана гүлшанақтары ашылмай, айға дейiн сақталатын көрiнедi. Биыл гүлдің әр данасы 100-250 теңге аралығында саудаланып жатыр. 2 мың түп көшеттен кемінде 4 мың дана раушан гүлі өсіп шығады екен. Ал оқу жылының соңына қарай гүл ашқан раушан гүлі екінші рет сабағынан қиылады.

– Ауылымызда гүлді алғаш кәсіп ете бастаған Өсерқұл Сайтқұлов есімді ақсақал еді. Ол 1968 жылы қызғалдақ егiп, Ленинград қаласына апарып сатудан бастаған екен. Мансап қууды көздемей, өзі ұнатқан кәсібін бар жан-тәнімен істеп, раушан, қалампыр гүлдерiнiң көшетiн отырғызып, аялап өсіріп, оны Свердловск қаласына апарады. Алдынан түрлі қиындықтар кезіксе де мойымаған Өсерқұл атаның 1985-1990 жылдары кәсібі өркендеп, атағы алысқа кетеді. Кеңес Одағы тарап, жекешелендiру науқаны басталғанда арасында Өсерқұл ата бар, екi жүз үй бөлiнiп шығып, жеке жер сатып алады. Содан соң қария өз кәсібіне туған-туысқандарын ғана емес, ауылдықтарды да баулуға кіріседі. Біз де гүл өсірудің қыр-сырын осы кісіден үйрендік. Бүгінде ауылымызда 7-8 жанұя осы кәсіптің арқасында отбасыларын асырап отыр. Жиі бас қосып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, кеңес беріп тұрамыз, - дейді Батыр аға.

Гүл өсіруден табыс мол болмаса да, бұл кәсібінен бас тартпақ ойы жоқтығын да айтты. Өзі аядай ауылды әсемдік әлеміне айналдыруды көздейді. Екі ұлын да осы іске баулып, еңбекқор етіп өсірген. Енді ұрпағы гүл өсіруді ары қарай жалғастырып, аянбай тер төксе екен дейді.  

– Мереке сайын көрші-қолаңға, ағайын-туысқа өз ауламызда өскен гүлдерді сыйға тартамыз. Бұл кез келген жанға жылылық, көңілдеріне ерекше қуаныш сыйлайтыны анық. Бұдан өзге жылыжайымызға қияр егеміз. Әрине, гүлге қарағанда, қиярдан түсетін табыс көп. Бірақ басты орынға ақшаны қоятын болсақ, әлдеқашан өзге салаға ауысып кетер едік. Маңыздысы ол емес. Ата кәсіпке адалдық. Жүрек қалаған іспен айналысу. Үйімізге, айналамызға сұлулық сыйлау. Жақындарымызды қуанту. Біз үшін маңызды дүниелер осы. Сол үшін де гүл шаруашылығын жалғастыра береміз деп ойлаймын, - дейді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға