Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр – Нартай Аралбайұлы

Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр –  Нартай Аралбайұлы
Фото: parlam.kz 20.09.2023 17:43 2018

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев отырыста еңбек миграциясына қатысты мәселені көтерді. Өзге елде жұмыс істеп жүрген азаматтардың заңдық тұрғыда еш қорғансыз екенін айтып, премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мәжілісменнің сөзінде өзге елге жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың саны мыңдап саналады. Жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппай, қымбатшылықтың қамытын киіп, әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартқан қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр.

Оларды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазір сол азаматтарымыз заңдық тұрғыда еш қорғансыз қалып жатыр. Оның бір дәлелі – Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатқан отандастырымыз. 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда еліміздің 9600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеді. Бірақ ресми сандар шынайы жағдайды көрсетпейді, себебі қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүр, оны отандастарымыздың басын біріктіретін орталықтар растап отыр. Заңсыз жүрген еңбек мигрантының жағдайы түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды, – дейді депутат.

Депутат Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттары көз жұмғанда және қандай да бір жарақат алғанда оларға ешкім өтемақы төлемейді, қажет десе, жұмыс беруші оларды заңсыз еңбек мигранты ретінде құзырлы орындарға ұстатып жібере алатынын айтады.

Осыған қатысты депутат бірнеше ұсыныс айтты.

Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын пысықтауды тапсырамын. Екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша, Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңды тетікті табуды тапсырамын, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға