Онлайн құрбан шалуды бизнеске айналдырып жіберген жоқпыз ба?

 Коллаж El.kz
Фото: Коллаж El.kz

Құрбан айт – мұсылман жұртшылығы үшін діни мереке ғана емес, қайырымдылық пен жанашырлықтың айқын көрінісі. Кейінгі жылдары Қазақстанда бұл құлшылық түрі жаңа форматқа көшіп, онлайн құрбан шалу қызметі кеңінен қолданыла бастады. Әсіресе мегаполисте тұратын, уақыт тапшылығы бар немесе мал сою ісін ұйымдастыруға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін бұл жүйе үлкен жеңілдікке айналды.

Онлайн құрбан шалу қашан басталды?

Қазақстанда онлайн құрбан шалу жүйесі алғаш рет 2021 жылы енгізілді. Сол кезеңде COVID-19 пандемиясына байланысты мешіттер мен қоғамдық орындарда шектеулер күшейіп, ҚМДБ халыққа қауіпсіз әрі ыңғайлы балама ұсынды.

Алғашында qurban2021.kz платформасы іске қосылса, кейін жүйе жетілдіріліп, бірыңғай ресми порталға көшірілді. Бүгінде онлайн тапсырыс беру, төлем жасау, есеп алу және мұқтаждарға ет тарату толық цифрлық форматта жүзеге асады.

Қазіргі таңда қазақстандықтар құрбандық шалуды арнайы Qurban платформасы арқылы рәсімдей алады. Бұл өз кезегінде тұрақты әрі сенімді жүйеге айналды. 2025 жылы республика көлемінде жалпы саны 36 046 мал құрбандыққа шалынып, Qurban.Muftyat.Kz сайтына 2149 онлайн тапсырыс берілген.

muftyat.kz

Онлайн құрбан шалу шариғатқа сай ма?

Бұл сұрақ көпшілікті алаңдататыны анық. Дін өкілдерінің айтуынша, онлайн құрбан шалу ислам шариғатына толықтай қайшы емес. Өйткені исламда «уәкалат» – өкілдік беру қағидасы бұрыннан бар.

Зекет және қайырымдылық қорының Атырау облысы бойынша жауапты өкілі Шалхар Даулетханұлы бұл туралы былай деді:

Қазіргі кезде онлайн құрбан шалуға болады, бірақ белгілі шарттар орындалуы керек. Бұл мәселе бойынша көптеген мүфтияттар мен ислам құқық ілімін терең меңгерген ғалымдары рұқсат деп үкім берген. Өйткені шариғатта құрбан шалу міндет, ал оны өкілеттік-уәкалат арқылы жүзеге асыруға болады, – дейді. 

Маманның сөзінше, онлайн тапсырыс беру – белгілі бір мешітті немесе қорды өз атыңнан құрбан шалуға уәкіл ету дегенді білдіреді. Бұл ислам фиқһында бұрыннан бар тәжірибе.

Тазалық пен бақылау қаншалықты сақталған?

Онлайн құрбан шалу жүйесінде ең маңызды мәселенің бірі тазалық, қауіпсіздік және шариғат талабының толық сақталуы. ҚМДБ мәліметінше, құрбандық процесі бірнеше кезең бойынша қатаң бақылауда жүргізіледі.

muftiyat.kz

Ең алдымен құрбандыққа шалынатын мал алдын ала ветеринарлық тексерістен өтеді. Мамандар олардың денсаулығын, жасын және жалпы жағдайын қарап, шариғат талаптарына сәйкес келетінін анықтайды. Ауру, әлсіз немесе кемістігі бар мал құрбандыққа жіберілмейді. Мал сою жұмысына арнайы дайындықтан өткен, HALAL сертификаты бар қасапшылар тартылады.

Құрбандық еті арнайы санитарлық талаптарға сай өңделеді. Еттің сапасын сақтау үшін тоңазытқыш қоймалар мен арнайы мұздатқыш көліктер пайдаланылады. Әсіресе етті мұқтаж отбасыларға жеткізу барысында тазалық пен қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар ҚМДБ жыл сайын қасапшылар мен ұйымдастырушыларға арналған оқыту семинарларын өткізіп келеді.

Онлайн құрбан шалудың тәртібі

Қазіргі жүйе бірнеше кезеңнен тұрады:

  • сайтқа кіру;
  • мал таңдау;
  • онлайн төлем жасау;
  • SMS арқылы растау алу;
  • құрбан шалынғаннан кейін фото/видео есеп жіберу.
muftiyat.kz

Сонымен қатар мұқтаж отбасылар да портал арқылы өтініш қалдыра алады. Ет арнайы тізім бойынша әлеуметтік жағдайы төмен жандарға таратылады.

Онлайн құрбан дұрыс болу үшін қандай шарт сақталуы керек?

Дін өкілдерінің айтуынша, онлайн форматта құрбан шалу шариғатқа сай болуы үшін бірнеше маңызды талап толық орындалуы қажет. Онлайн құрбан шалуда адам белгілі бір мешітті, қорды немесе ұйымды өз атынан құрбан шалуға уәкіл етеді. Яғни тапсырыс беруші қаражатты:

«Менің атымнан құрбан шалуға өкіл боласыз» деген ниетпен жолдайды.

Құрбан шалу Құрбан айт намазынан кейін басталып, айттың алғашқы үш күні ішінде орындалуы керек. Егер мал белгіленген уақыттан бұрын немесе кеш шалынып кетсе, ол құрбан ретінде есептелмейді.

muftyat.kz

Құрбандыққа шалынатын малдың:

  • жасы толған;
  • дені сау;
  • дене кемшілігі жоқ;
  • шариғатта рұқсат етілген мал түрінен болуы міндетті.

Сондықтан онлайн қызметтерде мал алдын ала тексеріліп, арнайы іріктеуден өткізіледі.

Алаяқтықтан қалай сақтануға болады?

Мамандар азаматтарды тек ресми әрі сенімді платформаларды қолдануға шақырады.

muftiyat.kz

Зекет және қайырымдылық қорының Атырау облысы бойынша жауапты өкілі Шалқар Дәулетханұлы:

Тексерілмеген сайттар мен адамдарға ақша жіберуге болмайды. Кей жағдайда құрбан уақытынан бұрын сойылып кетуі немесе мүлде орындалмауы мүмкін. Сондықтан ресми мешіттер мен ҚМДБ ұсынған платформаларды таңдаған дұрыс, – дейді.

Онлайн құрбан шалу – қазіргі қоғамға бейімделген заманауи шешім. Бұл жүйе уақыт үнемдеп қана қоймай, қайырымдылықтың әділ әрі жүйелі жүзеге асуына мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз