Жаңалықтар

Өңірлік рәміздер өзекті мәселенің бірі

Өңірлік рәміздер өзекті мәселенің бірі
Фото: El.kz 14.06.2023 15:20 591

Ертеде Еуропа елдерінде дворяндар өздерін басқадан ерекшелеп тұру үшін және өзінің дәреже деңгейін көрсету мақсатында гербтер ойлап тапқаны белгілі. Оны жасайтындарды «герольдтар» деп те атаған. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Кейіннен бұл ауқымды геральдика ғылымына айналды. Бүгінгі таңда геральдика ғылымы Еуропаның барлық елдерінде дамыған. Тіпті Геральдиканың академиялары да бар. Оларда дәріс беретіндерді герольмейстерлер деп те атайды.

Осы геральдика саласының бір тармағы өңірлік нышандар. Орысша «региональная символика» деп те атаймыз. Қазіргі таңда елімізде геральдика саласын зерттеп жүрген, осы саланың нақты мамандары жоқ. Оларды болашақта еліміздегі университеттерде даярлау, шетелдерде тәжірибеден өткізу күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Бүгінгі қозғайтын тақырыптардың бірі өңірлік нышандар. Еліміздің әр ауылында, ауданында және облыстардың өзіндік белгілері бар.

Мұндай белгілер әлбетте мемлекеттік рәміздермен қатар аталмайды. Мәдени, спорттық, ғылыми және білім саласындағы шараларда және аудан, облыс өндіретін азық-түлік тауарларының белгісі ретінде қолданылады. Осыдан біраз бұрын өңірлік нышандардың атауына біраз талас-тартыстар болып еді. Бірқатар азаматтар бұған «Төлтаңба» атауын берейік, заңға өзгерістер енгізіп «Өңірлік рәміздер» ресми статусын берейік деп жанталасты.

Олардың басты мақсаты өздері сызған сауатсыз «гербсымақтарының авторы» болып елдің құрметіне бөлену немесе атаққа ие болу еді. Бірақ біз мәселенің терең саяси жағын да қарастыра отырып, түбегейлі қарсы болдық. Онсыз да жүзге, руға бөлініп жүретін қазақтың әр облысына жеке герб жасатып, оған заңды статус беріп жіберсек, ертең ту көтеріп, жеке ел боламыз деп шу шығармасына кім кепіл.

Ел ішіне іріткі салуды көздегендер саны аз емес екенін көріп жүрміз. Осы мақсатта Парламент Мәжілісінің депутаттары болған Нұртөре Жүсіп, Алтай Әлтай, Мақпал Мысалармен кездесіп түсіндірген еді. Алла жар болғанда Мәжілісте қаралуы жоспарланған бұл мәселе Мәжіліс тарап кетіп тоқтап қалды. Жалпы зерттеулерге қарағанда Қытай, Қырғыз елдерінде өңірлік нышандарды «белгі» деп ғана атайды.

Монғолияда «Таным белгі», ал Еуропа елдерінде, Ресейде «Герб» деп аталады. Ресейдің өзінде 3 миллионға жуық герб бар.

Муниципиалды қалалардан бастап балабақшаға дейін өз гербтерін бекітіп алған. Қазақстанда әр облыс пен аудан, ауылдың өз белгілері бар. Алайда оны қабылдау ережелері ешқандай заңмен реттелмеген. Жаңа тағайындалған аудан әкімі өз қалауы бойынша ішкі саясат бөлімдеріне тапсырма беру арқылы өзгерте береді.

Ол белгідегі ұлттық, мемлекеттік, саяси, идеологиялық бағыттарына мән беріп жатқан жоқ. Кейбір белгілерді хайуандар, алқаптар, ескерткіштер, техника, зауыттар т.б сол тұрғылықты жердің ерекшелігін көрсетуге тырысқан Кеңестік кезеңңнен қалған үрдіс жалғасып келеді. Мұның бәрін реттеу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы «Геральдикалық зерттеулер орталығы»  арнайы ереже жазып шыққан еді. Ережеге сәйкес әкім өзі басқаратын өңірдің белгісін өзгерту үшін алдымен байқау жариялау керек.

Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған эскиз Қоғамдық кеңесте талқыланып, Орталықтың сараптамалық кеңесінен өту қажет. Одан кейін ғана аудандық және облыстық мәслихаттардың кезекті сессиясында қаралып, көпшілік дауысқа ие болған туынды жеңімпаз атанып, қолданысқа енгізілу қажет деген тәртіп бар. Өкінішке орай, әзірленген ереже нұсқасы Архив, құжаттама және баспа ісі Комитетіне өткен жылы тапсырылғанмен еш нәтижесіз шаң басқан архивтердің ішінде қалған тәрізді.

Өткен жылы қоғам өкілдерінің келесімінсіз қабылданған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының өңірлік белгілері қаншама дау-дамайға әкеп соқты. Өз білгендерін жасағысы келген облыстың басшылары қоғамның қатты сынынан кейін шегінуге тура келді. Әр өңірдің өзіндік айырым белгісі болуына ешкімнің қарсылығы жоқ. Алайда, қоғаммен талқыланып, ақылдасып жасаған істе береке боларын бәріміз білеміз.

Жалпы қазіргі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағадйы әлемдік геосаяси жағдайдғы дағдарыстан өтіп жатқан кезеңде елді бөлінуге әкелетін мұндай мәселелерді күн тәртібіне қою, тіпті оны қарастырудың өзі үлкен саяси қателік болмақ. Біздің бір Туымыз, бір Елтаңбамыз, бір Әнұранымыз бар. Алдымен осынын өскелең ұрпаққа насихаттап, жүректеріне қондырып алайық. Ол үшін қомақты қаражат бөліп, ауқымды шараларды министрлік шұғыл түрде қолға алуы керек.

Өкінішке орай, стандартты бір екі сағаттық «Патриоттар форумы» сынды шағын шарамен мемлекеттік рәміздерді насихаттап тастап жайбарақат жатқан мемлекеттік мекемелердің жұмысының нәтижесінен ештеңе де шықпайды. Жақында 4 маусым күні елімізде «Рәміздер күні» аталып өтті. Алайда, ақпараттық қолдау болмағандықтан ол шаралар туралы БАҚ , ақпарат арналары қысқа-нұсқа ақпарат берумен шектелді.

Мемлекеттің қаржысы құйылған әрбір шара қоғамның назарына ұсынылуы керек.

Тек бір «Патриоттар форумына» 40 миллион теңге қаржы бөлінеді. Сондықтан оның сандық емес сапалық форматына баса назар аударған жөн. Өңірлік нышандарды қабылдау ережелерін енгізе ала отырып, алдағы болашақта аз қазақтың ортасына от салмау үшін әр өңірдің өзіндік белгілерін жаппай қабылдау мәселесін біршама уақытқа тоқтатқан жөн деп санаймын.

Қазіргі таңда қазақстандықтар үшін еліміздің бір тудың астында  жиналып, береке бірлігі артқан дамыған елдер қатарына қосылудың басты шарты ынтымақ пен бірлік. Сонда ырысымыз көбейіп, еліміз дамиды дегенге кәміл сенемін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға