Жаңалықтар

Өнегелі отбасы – Бәйденовтер әулеті

Өнегелі отбасы – Бәйденовтер әулеті
06.06.2019 15:19 5563

«El.kz» интернет-жобасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына арналған арнайы жобасын ұсынады. 2013 жылы осындай ұлттық маңызы бар конкурсты өткізу туралы идеясын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев  ерекше атап өткен болатын. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бұл ауқымды республикалық жоба биыл алтыншы рет өткізіліп жатыр. Жоба екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең қалалық немесе облыстық деңгейдегі ең үздік екі отбасы таңдалса, келесі кезең өз өңірінің атынан қатысатын отбасылар республикалық сыннан өтуі тиіс. Осыған байланысты, «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсының ақтық кезеңі жыл сайынғы дәстүр бойынша Елбасымыздың Жарлығымен бекітілген қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күніне орай астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін болады. Сол кезде Қазақстанның ең үлкен әрі өнегелі отбасын білетін боламыз...

Бүгін, біз жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының 2019 жылғы Қызылорда облысы жеңімпаздарының бірі – Бәйденовтер әулеті жайында сөз қойғаймыз. Бәйденовтер әулетінің отағасы Құрманғали Бәйденұлы мен отбасы мүшелері «El.kz» интернет-жобасына отбасылық өнегелі құндылықтар мен дәстүрлері жайлы баяндап берді.   

 

Ауқымды бұл жобаға биыл Қызылорда облысы бойынша 370-тен астам отбасы қатысқан екен. Сыр елі – жыр елі, Шиелілік жеңімпаз Бәйденовтер әулетінің ендігі мақсаты – республикалық сыннан өту.

Тыл ардагері, Құрманғали Бәйденұлы Бәйденов – 1936 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Майлытоғай ауылында дүниеге келген. 1945-1955 жылдар аралығында осы ауылдағы №141 орта мектепте білім алған.  1955 жылы  Ташкент қаласына «Мал дәрігерлік» оқуына түсіп, 1957 жылы оқуды тәмамдайды.

Еңбек жолын Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Тартоғай совхозының фермасында ірі қара малымен айналысатын төрт мыңға жуық сауын жəне ет бағытындағы мал дəрігері болып ұзақ уақыт жұмыс істеген. Сол жылдары Алматы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары Тартоғайда ет бағытындағы АҚШ-тың «Сантагер» бұқалармен асылдандыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл істің басы-қасында Құрманғали аға жүріп, өзі де тәжірибе жинақтап білімін шыңдайды. Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде мал дəрігері болып қызмет етіп «Мал шаруашылығының озаты» деген медальмен марапатталады. Асыл тұқымды қойларды жеке бағуға озат шопан қажет болған кезде,  Құрманғали аға «Мен бағамын» деп бірден шопандық жолға түседі.

Ірі қара фермасында жүріп озат сауыншы Ұрғанша Ниязбековамен шаңырақ көтереді. Кейін Тартоғай ауылында қойшы болып жұмыс істейді. Құрманғали аға, қазір 83 жаста. Зейнеткер, тыл ардагері.

Құрманғали Бəйденов – араб тілінде еркін оқуды өз əкесі ірі молда болған Бəйденнен дəріс алып, Құран Кәрім оқуды меңгереді. Зейнетке шыққан соң ауыл мешітінде имам болып жұмыс атқарады. Қарапайым еңбек адамы адал еңбегімен көптің құрметіне бөленіп жүрген жан.

«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысыдағы Жеңіс күнінің 65 жылдығы» құрметіне арналған мерекелік медалімен наградталған. Тыл ардагері.

 

Насихаттың аздығынан өнегелі отбасылар назардан тыс қалуда

Ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқауға қатысу идеясы жайлы әулеттің үлкен қыздарының бірі – Нақияның пікірі мынадай:

«Ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқауға қатысу идеясы ауылымыздағы Мәдениет Үйінің директоры Е.Теңгебаевтың және көркемдік жетекшісі Ғ.Каденованың ұйытқы болуымен басталды. Бұл байқауға өзіміз де бағымызды сынап көргеніміз дұрыс деп қатысып отырмыз. Осы орайда,мұндай ұлттық байқауға қатысуға мұрындық болған мәдениет қызметкерлерін атап өткен жөн болар. Дана халқымыз «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ел ішінде небір өнегелі отбасылар бар. Насихаттың аздығынан мұндай отбасылар назардан тыс қалып қойып жатады».

 

Әулеттің отанасы Ұрғанша Ниязбекқызы Ниязбекова – 1940 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданының Тартоғай совхозына қарасты  1-ферма Байсал бауында дүниеге келген. Ірі қара фермасында озат сауыншы болған. 1954 жылы Мәскеуде өткен қазақ қыздарының халықаралық жетістіктер көрмесіне қатысады. Ол «Озат ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында» Қызылорда облысы атынан қатысқан бірінші қазақ қызы болатын.

Құрманғали мен Ұрғанша қарапайым еңбек адамы ретінде адал еңбектің арқасында ел құрметіне бөленіп жүрген жандар. Олар отбасында 5 ұл, 6 қыз тəрбиелеп өсірген қадірлі ата-ана. «Алтын алқа» иегері, еңбектің зейнетін көріп отырған – Ұрғанша апамыз қазір 80 жаста. Жалпы 44 немере, 41 шөбере сүйіп отыр. Атап айтар болсақ:

Үлкен ұлы Бәйденов Әбілдахан - «ТОО Дачин и К» компаниясында қызмет атқарады. Жары Жаңагүл  «Күміс алқа» иегері, 2 ұл, 4 қыз, 9 немере тәрбиелеп отыр. Құрманғалиев Самат «ЗК - 169-4»  мекемесінде наряд бастығы қызметінде. Байденов Талғат құрылысшы болып қызмет атқарады. Байденова Эльвира үй шаруасында. Құрманғалиева Сандуғаш үй шаруасында. Құрманғалиева Назгүл «Сыр сұлуы» жеке балабақшасында тәрбиеші қызметінде. Құрманғали Іңкәр Қызылорда қаласы «Болашақ» колледжінде студент.  

Бәйденова Нағима - 3 қыз, 6 немере тәрбиелеп отыр. Жолдасы Қабылов Бердірахман. Қабылова Нұргүл үй шаруасында. Көшкенжеева Айнұр №153 Ш.Есенов мектеп-лицейінде жұмыс істейді. Көшкенжеева Эльмира Шиелі ауданында «Айналайын» балабақшасында бала күтуші қызметінде.

Бәйденова Нақия - «Қазақстан Темір жолы ПЧ-57» Тартоғай ауылында темір жолда қызмет атқарады. Жолдасы Жаукебаев Косманап, 4 қыз, 1 ұл, 6 немере тәрбиелеп отыр. Жаукебаева Перизат Алматы қаласы Қазақстан темір жолы «Жолаушылар тасымалы» АҚ инженер қызметін атқарады. Аймағанбетова Мөлдір Алматы қаласында «Тұран-эксперт» мекемесінде технолог қызметінде. Жаукебаева Айнагүл үй шаруасында. Жаукебаев Бағлан «ҚазАтомпром» компаниясында мастер қызметінде. Аймағанбетова Ақниет Алматы қаласында ҚазАТК университетінде студент.

Бәйденова Ғалия - Шиелі ауданының №10 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің аяжаны 5 баланың анасы, жолдасы Қыдырбаев Дүйсен, 4 немере тәрбиелеп отыр. Қыдырбаев Исатай «КазАтомПром» мекемесінде, Қыдырбаева Ақтоты «Ақмешіт» колледжінде мұғалім. Қасиета Фариза ТТК «Автобаз» есепші. Қасиетов Бағдат ТТК «Автобаз» жұмысшы. Қасиета Ғазиза 6 сынып оқушысы. 

Ұлы Бәйденов Сейітхан - «ТОО Нефть тех сервис» мекемесінде қызмет атқарады. 3 баланың әкесі, жары Мұстафаева Райхан 4 немере тәрбиелеп отыр.  Бәйденова Гүлвира Қызылорда облыстық наркологиялық диспансерінде медбике. Құрманғалиева Құралай Қызылорда облыстық денсаулық сақтау мекемесінде кадр бөлімінде қызмет атқарады. Құрманғали Алмат Қызылорда қаласы №6 емханасында фельдшер қызметін атқарады.

Бәйденова Гүлмира - Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округі әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінің маман заңгері. «Күміс алқа» иегері, 3 ұл, 3 қыздың анасы. Жолдасы Жолымбеков Шардарбек.

Бәйденова Гүлнәр - облыстық балалар ауруханасында қызмет атқарады. 3 баланың анасы. Жолдасы Қадіров Бекзат, 1 немересі бар. Бақберген Жасұлан «Қызылорда тех сервис» мекемесінде жұмыс істейді. Бақберген Арайлым №261 мектепте лаборант. Бақберген Сағыныш Болашақ университетінде студент.

Бәйденова Гүлзира - Тартоғай ауылында №153 Шахмардан Есенов атындағы мектеп-лицейінде жұмыс жасайды. 3 баланың анасы, жолдасы Төлегенов Бауыржан. Төлегенова Маржан Қызылорда облыстық Ана мен Бала перенеталды орталығында медбике. Жанысбек Ақбота «Тұран-экспресс» мекемесінде жолсерік қызметінде. Жанысбек Еркебұлан 153 мектеп-лицейінде 8 сынып оқушысы.

Бәйденов Әділхан - ауылдық әкімшілікте қарауыл қызметінде, 2 ұлдың әкесі. Жары Қойшыбекова Жанар. Құрманғали Азамат оқушысы, Құрманғали Дәулетхан оқушы.

Бәйденов Жеңісхан - жеке кәсіпкер, 4 баланың әкесі. Жары Жалауова Жазира. 4 баласы да мектеп оқушысы.

Бәйденов Қанат - ТОО «ТТК Шиелі» мекемесінде оператор болып жұмыс істейді. 4 баланың әкесі. Жары Айдарова Жанар Шиелі кенті 46 мектеп-лицейде әлеуметтік-педогог. 4 баласы да мектеп оқушысы.

Олардың әрқайсысы қазіргі күні бір-бір үйдің отағасы мен отанасы атанып, өздері де немере сүйіп отырған ата-әжелер. Бұл отбасын ауыл-аймақ түгел таниды. Нағашы-жиенді, құда-құдандалы болып айрандай ұйып отырған шағын ауылдағы бұл үйдің ұлдары қажырлы да еңбекқор, кісіден көмегін аямайтын азамат болса, қыздары ибалы, кісінің ала жібін аттамайтын адал жандар. Келіндері әрқайсысы бір-бір үйдің сыйлы жандары.

«Байденовтер отбасының ұлдары халқымыздың ат өнерін жоғары бағалайды. Олар тұлпар баптап, бәйгеге қосып, көкпар шабады. Бір сөзбен айтқанда ат құлағында ойнайтын азаматтар десем қателеспеймін. Ал қыздары болса, анасымен бірге кілем тоқу, киіз басу, ұршық иіру сияқты тағы да басқа ұлттық қолөнерге жаны үйір. Олардың әрқайсысының үйінен көздің жауын алатын, қолдан шыққан бұйымдар кездестіруге болады», дейді ұлы Жеңісхан.  

 

– Құрманғали ата, жарыңыздың қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?

Ұрғаншаның ең жақсы қасиеті – қонақжайлылығы мен дастархан байлығы. Қай уақытта қонақ келсе де қабағын шытпай ас-суын қамдап, олардың көңілін табуға тырысатындығы. Түнде келген 40 кісіні, күндіз келген 40 кісіні ың-шыңсыз, қасына қыздарын ертіп алып күте беретіндігі. Бұдан жаман болған жоқ. Елдің алғысын алды, ықыласына бөленді.

 

– Ұрғанша апа, отағаның қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?

– Отағасы Құрманғали балаларына қамқор әке, құда-құдағайларға сыйлы, көрші-қолаң мен ағайын-туысқанға жанашыр азамат. Қақ соқпен жұмысы жоқ. Тек өзінің жұмысын ғана білетін, адалдықты ең бірінші орынға қоятын ол балаларына да осы қасиетті үлгі етіп, адал еңбек жасауға тәрбиеледі.

 

Қызы Гүлзира ата-анасының үлгі тұтарлықтай жетістігі туралы мынадай ойымен бөлісті:

«Баласы үшін ата-ананың әрбір әрекеті жетістік деп білемін. Әкем мен анам бізді өмірге әкелді, бағып-қақты, оқытып-тоқытты, үйлі-баранды етті. Міне, осының бәрі жетістік емес пе?! Десе де, әкем совхоздың кезінде қой шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін, анамның сауыншы болып, өз еңбегінің арқасында облыстан әйелдер арасындағы тұңғышы болып Мәскеу көрмесіне қатысуы балалары үшін мақтаныш пен жетістік деп білемін. Ауылда бұл оқиғаны біреу білсе, біреу білмес. Ал, мұны біз өз отбасымызда мақтанышпен айтып отырамыз».

– Гүлмира ханым, «Күміс алқа» иегері көп балалы анасыз. Сіздің ойыңызша отбасылық өнегелі құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғырту үшін не қажет?

– Менің ойымша, әр отбасының өз ерекшелігі, өзіндік құндылығы мен дәстүрлері болады. Сол сияқты біздің отбасымызда да бұлжымас заң бар. 8 наурыз, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз және 9 мамыр мерекесінде барлық ұл-қыздар бала-шағасымен әкеміздің үйі, қарашаңыраққа жиналып бас қосамыз. Бұл біз үшін және ата-анамыз үшін де үлкен мереке. Сол сияқты шілдехана, тұсау кесер, сүндет той сияқты тойларда үнемі ата-анамыздың жанынан табылуға тырысамыз. Бұл келешек ұрпақ үшін өнеге боларлық жағдай.

 

Үлкенге құрмет, кішіге ізет – отбасымыздың басты қағидаты

Әбілдахан аға, осы әулеттің тұңғышы ретінде отбасылық қатынастар қандай қағидаттарға сүйенеді деп ойлайсыз?

– Отбасындағы қарым-қатынас ұлттық құндылықтарға негізделген. Яғни, кішінің үлкенді сыйлауы, үлкеннің кішіге ізет көрсетуі – отбасымыздың басты қағидаты. Сол сияқты қыз балаларға деген құрметіміз де ерекше. Әкеміз үнемі қызды сыйлауды, оның қабағына кірбің түсірмеуді өзі қадағалап отырады. Бізге сол қасиетін дарыта алды деп ойлаймын.

«Мен ең алдымен әкеме қарап өстім. Біз үшін әкеміздің айтқаны заң болды. Сондағы әкемнің ұстанымы: адал бол және еңбек ет. Осы екеуін өз бойына қалыптастырған адам ешқашан аш қалмайды, көштен де қалмайды деп отырады. Ал анам болса, бізге сабырлылықты, қажырлылықты үйретті. Өзі сондай сабырлы. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген сөзді үнемі айтып отырады», дейді – ұлы Әділхан.  

– Ғалия ханым, көп балалы ана әрі ұстазсыз. Отбасының рухани-адамгершілік кұндылықтары неге байланысты және отбасында педагог, тәрбиешілердің ықпалы қаншалықты деп ойлайсыз?

– Отбасындағы рухани-адамгершілік құндылықтары тәрбиеге байланысты. «Отан – отбасынан басталады» демекші, отбасындағы мықты тәрбие қай жерде өз нәтижесін береді. Ата-анамыз бізге тәрбиені «мынаны жаса, мынаны жасама, өйтпе, бүйтпе» деп айтқан емес. Мұның барлығын біз олардың іс-әрекеттерінен көріп өстік. Екеуінің де қатты дауыс көтергенін көрген емеспіз. Қай жағдайда да сабырлы болатын. Бұрыс жерімізді жәй сөзбен ғана жеткізеді.

Әрине, отбасында біздің  ең бірінші  ұстазымыз – ата-анамыз болды. Одан кейін мектептегі ұстаздардың тәрбиесі ықпал етті десем қателеспеспін. Сол сияқты Шаку нағашымыздың бізге деген пейілі мен қамқорлығы да ұстаздың берген тәлімімен пара-пар. Сәбит ағамыздан да көп нәрсені үйрендік. Одан кейінгі ұстаз – өмір мектебі. Бұл ұстаздардың барлығы біздің «адам» болып қалыптасуымызға оң септігін тигізді.

– Гүлмира ханым, көп балалы ана ретінде балаларыңыздың жетістіктері және отбасы өмірінен есте қалған қызықты сәттерді айтып өтсеңіз?

– Біз үшін әр баланың, әр немеренің кішкентай жетістігі үлкен мәртебе. Әрқайсысының білім алуы, өз мамандығын жақсы көре отырып жұмыс істеуі, сондай-ақ елге аз да болса көмегін тигізуін – ең үлкен жетістік деп бағалаймыз. Қазіргі күні немерелердің жетістігі, тіпті, керемет болады екен. Адам жанын түсінетін ақ халатты абзал жандар, теміржол саласының білікті мамандары, есепшілер, Ішкі істер саласының және тағы басқа мамандар көптеп табылады. Әке ізін жалғастырушы – ұлы Жеңісхан. Ол қазір «Бекзат» жеке қой шаруашылығында бас шопан. Немересі Дәулетхан мектептің озат оқушысы. Көптеген танымдық сайыстардың жеңімпазы. Атасы үшін Дәулетханның әр жеңісі мереке.

Ал, қызықты оқиға дегенде келсек, ең алдымен бала күніміз еске түседі. Қойшы ауылда киіз үйдің ішінде кешке қарай үнемі барлық бала жиналып асық ойнайтынбыз. Ұлдар анамыздың жағында, қыздар әкеміздің жағында болатын. Бір-бір атқа мініп жарысатынбыз. Гүлмира мен Сейітхан үнемі озып кететін. Әрқайсысымыздың жеке тұлпарымыз болушы еді. Оны өзіміз баптаймыз. Жем-суын беріп, жалын тараймыз.

Үйдің жанында Сарысу өзені ағатын. Сонда барып шомылатынбыз. Ол кездер өте қызықты шақ еді. Құмарымыз қанғанша ойнап, түнде масахананың ішінде жұлдыз санап, арман-қиялға беріліп ұйқыға кететінбіз...

– Әңгімелеріңізге рахмет. Сіздерге мол табыс, ұзтаздық қызметіңізде шығармашылық шабыт тілеймін!


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға