Қазақстанда оң рульді автокөліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салынды

Қазақстанда оң рульді автокөліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салынды
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда такси және қалааралық жолаушылар тасымалына қойылатын қауіпсіздік талаптары күшейтіліп жатыр. Соның аясында inDrive сервисі рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңнан астам автокөлікті тапсырыс қабылдау жүйесінен алып тастаған. Қазақстан заңнамасы мұндай көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салады. 

Үкімет отырысында inDrive Қазақстан бас директоры Арай Бекембаев компания оң рульді және қайта жабдықталған көліктерді VIN-код арқылы тексеретінін айтты. Егер автомобиль белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, жүргізушінің сервис арқылы тапсырыс қабылдау мүмкіндігі бұғатталады.

Неліктен оң рульді көлікпен такси қызметін көрсетуге болмайды және мұндай автомобильдердің жолдағы қауіпсіздігіне қатысты қандай тәуекелдер бар?

Заң не дейді?

Қазақстанда оң рульді автокөлікке иелік ету мен оны такси ретінде пайдалану – екі бөлек мәселе. Елде бұрын тіркелген мұндай көліктер жол қозғалысына қатыса алады, алайда олармен ақылы такси тасымалын жүзеге асыруға рұқсат жоқ.

«Автомобиль көлігі туралы» заңда таксимен тасымалдау үшін кемінде төрт есігі бар, сериялы шығарылған жеңіл автомобиль пайдаланылатыны көрсетілген. Сонымен қатар арнаулы басқарылатын, толықтай қолмен басқарылатын және рөлі оң жақта орналасқан автокөліктерді такси ретінде пайдалануға тікелей тыйым салынған.

Дәл осындай талап автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларында да бар. Оның 212-тармағында оң жақ рульді автокөлікті такси тасымалына пайдалануға рұқсат етілмейтіні жазылған.

Көлік министрлігі де тасымалдаушыларға арналған түсіндірмесінде Қазақстан аумағында оң рульді көлікпен жолаушылар тасымалдау қызметіне тыйым салынғанын еске салған.

Неге оң руль қауіпті деп есептеледі?

Мәселе рульдің қай жағында тұрғанында ғана емес, автомобиль конструкциясының жол қозғалысы ұйымдастырылған бағытқа сәйкестігіне байланысты.

Қазақстанда көлік қозғалысы жолдың оң жағымен жүреді. Мұндай жүйеге сол жақ рульді автомобильдер бейімделген: жүргізуші жолдың орталық бөлігіне жақынырақ отырады. Ал оң рульді көлікте жүргізуші жол жиегіне қарай орналасады.

Бұл айырмашылық әсіресе екі жолақты тасжолда алда келе жатқан көлікті басып озғанда маңызды. Жүргізуші қарсы бағыттағы жолды көру үшін автомобильді жолдың ортасына қарай көбірек шығаруға мәжбүр болуы мүмкін. Яғни қарсы келе жатқан көлікті байқауға арналған көру аймағы шектеледі.

2026 жылы Promet – Traffic&Transportation ғылыми журналында жарияланған зерттеуде дәл осы мәселе қарастырылған. Ғалымдар оң жақ қозғалыс жағдайында оң рульді және сол рульді автомобиль жүргізушілерінің басып озу кезіндегі көру мүмкіндігін салыстырған. Зерттеу оң рульді автомобильдерде басып озу кезінде қарсы бағытты тікелей бақылау мүмкіндігі шектелетінін көрсетеді. Авторлар мұндай жағдайда қосымша жанама көру құралдарының қажеттілігін де зерттеген.

Қалааралық тасымалдауда тәуекел неге жоғары?

Мәселе қалааралық бағыттарда айрықша өзекті. Мұнда жүргізуші жоғары жылдамдықпен қозғалады, екі жолақты трассаларда қарсы жолаққа шығып басып озу жиі кездеседі. Сондықтан көру қашықтығы мен қарсы келе жатқан көлікті дер кезінде байқау мүмкіндігі шешуші мәнге ие.

Көлік министрлігі 2026 жылдың маусымында өткізілген «Қауіпсіз жол» республикалық акциясында да оң рульді Toyota Alphard, Estima секілді көліктерге ерекше назар аударылатынын хабарлаған. Рейдтердің негізгі мақсаты жолаушылар тасымалы кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу болды.

Құқықтық статистика органдарының дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда адамдардың қаза болуы немесе жарақат алуына әкелген 34 146 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Инфографика: El.kz 
Инфографика: El.kz 

Жылдамдық та негізгі қауіп факторларының бірі

Жолаушылар тасымалындағы қауіп тек көлік конструкциясына байланысты емес. Жүргізушінің жылдамдық режимін сақтауы мен демалысы да маңызды.

ІІМ мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жылдамдықты асырудың үш миллионнан астам дерегі анықталған. Елді мекендерде жылдамдықты арттыру салдарынан 1 129 жол апаты болып, 95 адам қаза тапқан. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда осы себептен 986 ЖКО тіркеліп, 180 адам көз жұмған.

Осыған байланысты inDrive жүргізушілердің жеке басы мен көлігін фотобақылау арқылы тексеріп, жылдамдық пен жүргізушінің рөлде ұзақ отыруын бақылау жүйесін енгізген. Компания мәліметінше, наурыздан бері Safety Hub қауіпсіздік орталығы жұмыс істейді.

Оның операторлары жылдамдықты асырған немесе ұзақ уақыт көлік жүргізген жүргізушілерге хабарласады. Компания қабылданған шаралардан кейін жылдамдықты асыру үлесі 42%-ға төмендегенін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз