МРТ қорытындысынан «омыртқааралық диск жарығы» деген диагнозды көргенде көпшілік бірден алаңдай бастайды. Тіпті мұндай жағдайда операциядан басқа амал жоқ деп ойлайтындар да аз емес. Алайда мамандар диск жарығы анықталған науқастардың барлығына бірдей хирургиялық ем қажет дегенді жоққа шығарады. Мұнда жарықтың көлемінен бұрын оның қай жерде орналасқаны, жүйке талшықтарына қаншалықты әсер еткені және адамның қандай шағымдары бар екені маңызды.
Ендеше омыртқааралық диск жарығын қай кезде дәрі-дәрмек пен оңалту арқылы емдеуге болады? Қандай белгілер пайда болғанда нейрохирургке баруды кейінге қалдырмаған жөн? Ал қазіргі эндоскопиялық операциялардың артықшылығы неде? Осы және өзге де маңызды сауалдарға ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының жұлын нейрохирургі Ардақ Қажыбекұлы жауап берді.
– Ардақ Қажыбекұлы, «омыртқааралық диск жарығы» деген не және ол неліктен пайда болады? Оның дамуына көбіне қандай факторлар әсер етеді?
– Омыртқааралық диск жарығы дегеніміз (грыжа) – омыртқааралық дискінің бір бөлігінің қалыпты анатомиялық шегінен шығып, жүйке тамыршаларын немесе жұлынды қысып қалуы.
Көбіне бұл жағдай омыртқааралық дискілердегі дегенеративті өзгерістердің, яғни тозу процесінің салдарынан дамиды. Жас ұлғайған сайын дискілер біртіндеп ылғалы мен серпімділігін жоғалтып, түсетін жүктемеге төтеп беру қабілеті төмендейді.
Сонымен қатар шамадан тыс ауыр жүк көтеру, жүкті дұрыс көтермеу, ұзақ уақыт бойы бір қалыпта отыру, артық салмақ, темекі шегу, қимыл-қозғалыстың аздығы және тұқым қуалайтын факторлар да диск жарығының пайда болу қаупін арттыруы мүмкін.
Бұл жерде бір маңызды жайтты түсіну керек. Диск жарығы әдетте бір сәтте, тек бір рет ауыр жүк көтеруден немесе жарақаттан пайда болмайды. Көп жағдайда оның дамуына бірнеше қолайсыз фактордың ұзақ уақыт бойы қатар әсер етуі себеп болады.
– Омыртқааралық диск жарығы ерлерде жиі кездесе ме, әлде әйелдерде ме? Оның пайда болу себептері мен белгілері жынысқа байланысты өзгере ме?
– Омыртқааралық диск жарығы ерлерде де, әйелдерде де кездеседі. Аурудың негізгі белгілері мен емдеу тәсілдерінде жынысқа байланысты айтарлықтай айырмашылық жоқ.
Кейбір ерекшеліктер науқастың ер немесе әйел болуына емес, ең алдымен оның өмір салтына, физикалық жүктемесіне, кәсібіне, дене салмағына және созылмалы ауруларының болуына байланысты болуы мүмкін.
Негізгі белгілері ерлерде де, әйелдерде де ұқсас: арқадағы сыздап ауыратын ауырсыну, зақымдалған жүйке аймағына байланысты ауырсынудың қолға немесе аяққа берілуі, ұю және «құмырсқа жорғалағандай» шымырлау сезімі. Ал жүйке тамыры қатты қысылған жағдайда бұлшықет күші төмендеп, аяқ-қолда әлсіздік пайда болуы мүмкін.
– Омыртқааралық диск жарығы кезінде қандай белгілерді қауіпті дабыл деп қабылдау керек?
– Ең алдымен, бұл – қол немесе аяқтағы әлсіздіктің біртіндеп күшеюі. Мысалы, науқас жүрген кезде аяғын «шалыс басып» немесе «сүйретіп» қалуы, өкшесіне не башпайына толық сүйене алмауы мүмкін.
Бел омыртқасындағы жарық кезінде кіші немесе үлкен дәретті ұстай алмау, зәр шығарудың қиындауы, сондай-ақ екі аяқтың қатар әлсіреуі ерекше қауіпті белгілерге жатады. Бұл «ат құйрығы» синдромының (cauda equina syndrome) белгісі болуы мүмкін және нейрохирургтің шұғыл тексеруін қажет етеді.
Сонымен қатар ем қабылдағанына қарамастан, басылмайтын немесе күн сайын күшейіп келе жатқан қатты ауырсыну кезінде де уақыт өткізбей, маманға қаралған жөн.
– Жүйке тамыршаларына зақым келу қаупі тұрғысынан қандай жарық ең қауіпті? Жарықтың көлемі аурудың ауырлығын әрдайым көрсете ме?
– Жоқ, диск жарығының көлемі оның қауіптілігін анықтайтын жалғыз немесе негізгі көрсеткіш емес.
Анатомиялық тұрғыдан тар жерде орналасып, жүйке тамыршасын тікелей қысып тұрған кішкентай жарықтың өзі басқа науқастағы үлкен жарыққа қарағанда әлдеқайда ауыр белгілер тудыруы мүмкін.
Сондықтан біз жарықтың көлемімен қатар оның орналасуына, жүйке құрылымдарының қаншалықты қысылғанына, омыртқа өзегінің еніне және ең бастысы, науқастың клиникалық жағдайына баға береміз.
Жүйке тамыршаларының қатты қысылуы үдемелі неврологиялық бұзылыстарға әкелген немесе «ат құйрығы» жүйке талшықтарының зақымдану қаупі туындаған жағдайлар аса қауіпті саналады.
– Омыртқааралық диск жарығы бар кезде спортпен айналысуға бола ма? Науқастарға қандай дене белсенділігін ұсынасыз, ал қайсысынан бас тартқан жөн?
– Көп жағдайда дұрыс мөлшерленген дене белсенділігін сақтауға болады және оны сақтау қажет. «Диск жарығы» деген диагноз спортпен мүлде айналыспау керек дегенді білдірмейді.
Аурудың жедел кезеңі өткеннен кейін жаяу серуендеу, жүзу, емдік дене шынықтыру (ЕДШ), арқа мен дене бұлшықеттерін нығайтуға арналған жаттығулар және жүктемесі бақыланатын басқа да дене белсенділігі пайдалы.
Ал ауырсыну күшейіп тұрған кезде симптомдарды ушықтыратын жаттығуларды уақытша шектеген жөн. Спортқа біртіндеп оралу қажет. Әсіресе арнайы дайындықсыз және дұрыс техникасыз омыртқаға осьтік жүктеме түсіретін жаттығулардан және ауыр салмақ көтеруден сақ болған дұрыс.
Нақты шектеулер әр науқасқа жеке белгіленеді. Бұл ретте оның шағымдары, дене дайындығы және омыртқадағы өзгерістердің сипаты ескеріледі.
– Диск жарығын емдеуде консервативті терапияның қандай әдістері қолданылады? Емнің нәтиже бермей жатқанын және операция туралы ойланатын уақыт келгенін қалай түсінуге болады?
– Консервативті емге дәрі-дәрмекпен емдеу, емдік дене шынықтыру, дене жүктемесін реттеу және оңалту шаралары кіреді. Кейбір жағдайларда емдік-диагностикалық блокадалар да қолданылуы мүмкін.
Емнің негізгі мақсаты – ауырсынуды уақытша басу ғана емес, науқастың қалыпты қозғалыс белсенділігін және өмір сапасын қалпына келтіру.
Егер толыққанды консервативті емге қарамастан жүйке тамырының қысылуынан болатын ауырсыну басылмаса, күнделікті өмірге кедергі келтірсе немесе ауру белгілері жиі қайталанса, хирургиялық емдеу мүмкіндігі қарастырылады.
Ал қозғалыс бұзылыстары пайда болған немесе үдей түскен жағдайда емдеу тактикасы мен мерзімі әр науқасқа жеке анықталады. Мұндай кезде нейрохирургтің консультациясын кейінге қалдырмаған жөн.
– Медициналық орталық ауруханасында омыртқа жарығына қандай операциялар жасалады? Нақты науқас үшін хирургиялық емдеу әдісі қалай таңдалады және қай кезде аз инвазиялы араласуларға басымдық беріледі?
– Медициналық орталық ауруханасында омыртқа ауруларын хирургиялық емдеудің микрохирургиялық және эндоскопиялық түрлерін қамтитын заманауи әдістері кеңінен қолданылады.
Бел омыртқасындағы диск жарығы кезіндегі ең озық әрі аз инвазиялы әдістердің бірі – жарықты эндоскопиялық тәсілмен алып тастау. Тіні аз ғана тіліп, эндоскопиялық жүйені енгізу арқылы хирург жүйке талшықтарын анық көріп, оларды қысып тұрған диск бөлігін дәлдікпен сылып алады.
Дегенмен әрбір науқасқа бірдей келе беретін әмбебап ота түрі болмайды. Емдеу әдісі жарықтың орналасуы мен сипатына, омыртқа өзегінің құрылысына, стеноздың, омыртқа жылжуының болуына, бұрын жасалған оталарға және басқа да факторларға сүйене отырып, әркімге жеке таңдалады.
Біздің басты міндетіміз – денеге барынша аз зақым келтіре отырып, жүйке жүйесін қысылудан толық арылту. Соңдықтан тиісті көрсеткіштер болған жағдайда, біз әрдайым аз инвазиялы технологияларға басымдық береміз.
– Омыртқа жарығын хирургиялық жолмен емдеудегі өзіңіздің тәжірибеңіз қандай? Осы уақытқа дейін қанша операция жасадыңыз және науқастардың қанша пайызына операциясыз көмектесуге болады?
– Омыртқа ауруларын хирургиялық жолмен емдеумен тұрақты түрде айналысамын. Біздің тәжірибеде микрохирургиялық және заманауи эндоскопиялық әдістер кеңінен қолданылады. Соңғы екі жылдың өзінде орталығымызда омыртқаға 300-ден астам эндоскопиялық операция жасалды. Бүгінде бұл бағыт қарқынды дамып келеді.
Дегенмен біз әрдайым «МРТ-да диск жарығының анықталуы – операция жасауға негіз емес» деген ұстанымды басшылыққа аламыз. Науқастардың көпшілігіне консервативті ем арқылы көмектесуге болады. Ал хирургиялық араласу тек нақты көрсеткіштер болған жағдайда – басылмайтын ауырсыну кезінде, консервативті ем нәтиже бермегенде немесе неврологиялық бұзылыстар дамығанда қарастырылады.
Біз үшін ең маңыздысы – жай ғана операция жасау емес, әр науқас үшін дұрыс шешім қабылдап, ең оңтайлы емдеу әдісін таңдау. Егер мәселені операциясыз тиімді шешуге мүмкіндік болса, біз әрдайым консервативті емге басымдық береміз.
– Сіздерде омыртқа ауруларын анықтау және емдеу бойынша қандай мүмкіндіктер бар? Операциядан кейін науқастар қалыпты өміріне қаншалықты тез орала алады?
– Бізде науқасты кешенді тексеріп, омыртқа ауруын емдеудің ең оңтайлы тәсілін анықтауға мүмкіндік бар. Заманауи диагностикалық әдістер омыртқаның, омыртқааралық дискілердің және жүйке жүйесі құрылымдарының жағдайын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Хирургиялық емдеуде сау тіндерге барынша аз зақым келтіріп, операцияны шағын тіліктер арқылы жасауға мүмкіндік беретін микрохирургиялық және эндоскопиялық технологиялар қолданылады.
Аз инвазиялы хирургияның негізгі артықшылықтарының бірі – науқастың операциядан кейін тез қозғалуына мүмкіндік беруі. Диск жарығына жасалған асқынусыз операциядан кейін науқастардың көпшілігі сол күні немесе келесі тәулікте жүріп бастайды.
Ал жұмысқа, спортқа және толыққанды физикалық жүктемеге оралу мерзімі әр науқаста әртүрлі болады. Бұл операцияның түріне, науқастың бастапқы денсаулық жағдайына және күнделікті атқаратын жұмысының сипатына байланысты.
– Қайталама жарықтың (рецидивтің) пайда болу қаупін азайту үшін емнен немесе операциядан кейін қандай талаптарды сақтау қажет?
– Емнен кейін дене белсенділігіне біртіндеп оралу және оңалту бойынша берілген ұсыныстарды орындау өте маңызды.
Тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысу, арқа мен дене бұлшықеттерін нығайту, қалыпты салмақты сақтау, ауыр заттарды дұрыс көтеру техникасын меңгеру және темекі шегуден бас тарту аурудың қайталану қаупін азайтуға көмектеседі.
Дегенмен диск жарығының қайта пайда болмайтынына жүз пайыз кепілдік беру мүмкін емес. Операция сәтті жасалғанның өзінде омыртқааралық дискілердегі дегенеративті өзгерістер сақталуы мүмкін.
Сондықтан біздің басты міндетіміз – науқасты «қозғалсам, қайта шығып кетеді» деген қорқынышта ұстау емес, керісінше, оның дұрыс қалпына келуіне, белсенді өмір салтына оралуына және денсаулығына жауапкершілікпен қарауына көмектесу.
– Ардақ Қажыбекұлы, жұлын нейрохирургиясы саласын таңдауыңызға не түрткі болды? Дәрігер ретінде сіз үшін ең маңыздысы не және «диск жарығы» диагнозымен алғаш бетпе-бет келген адамға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жұлын нейрохирургиясы мені ең алдымен ем нәтижесінің айқын көрінетінімен қызықтырды. Мысалы, науқас ұзақ уақыт бойы қатты ауырсынудан қиналып, дұрыс жүре алмай, жұмысын істей алмай, тіпті түнде ұйықтай алмай жүруі мүмкін. Ал емдеу тактикасы дұрыс таңдалған жағдайда, кейде қысқа уақыттың ішінде-ақ адамның жағдайын едәуір жақсартып, қалыпты өміріне оралуына көмектесе аламыз. Осы нәтиже мен үшін өте маңызды.
Дәрігер ретінде мен үшін ең бастысы – науқасқа шынымен қажет емді дұрыс таңдау. Қазір хирургияда заманауи технологиялар өте көп. Бірақ операция жасауға мүмкіндік бар екен деп, оны міндетті түрде жасау керек деген сөз емес. Ең алдымен, операцияға нақты көрсеткіш бар ма, жоқ па, соны анықтау қажет.
Ал МРТ-дан «омыртқааралық диск жарығы» деген қорытындыны көріп, бірден уайымдап отырған адамға айтарым: сабыр сақтаңыз. МРТ-дағы жарық – үкім емес. Бұл бірден операция жасау керек дегенді де білдірмейді.
Ең дұрысы – алдымен маманға қаралу. Біз МРТ суретіне ғана қарап шешім қабылдамаймыз. Науқастың шағымын, неврологиялық жағдайын, аурудың қалай дамып жатқанын және МРТ нәтижесін бірге бағалаймыз. Содан кейін ғана нақты сізге қандай ем қажет екенін анықтаймыз.