Жаңалықтар

Өміріміз желтоқсан айымен бітіп қалмайды ғой. Депутат жыл соңында қаржы игеруге жанталас болатынын айтты

Өміріміз желтоқсан айымен бітіп қалмайды ғой. Депутат жыл соңында қаржы игеруге жанталас болатынын айтты
Фото: t.me/mazhilis_kz 07.06.2023 14:30 764

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бюджетті игеруге қатысты бірқатар мәселенің мән-жайын айтып, ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2022 жылға арналған республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға 8,5 триллион теңге немесе барлық шығындардың 48 пайыздан астамы көзделген. Бұл біраз проблеманы шешетінін айтарлықтай көлем. Бірақ осыншама қаражат ақыры бөлінгеннен кейін ол бастысы дұрыс мақсатта және тиімді игерілуі керек. Ал бізде қалай? Көп жағдайда артық қыламыз деп, тыртық қылып аламыз. Өткен жылғы бюджетті қарадық, сараладық, талқыладық. Мәселе өте көп. Тиімділігі төмен, ең бастысы жылдан жылға қайталана беретін проблемалар. Бір сөзбен айтқанда баяғы жартас, сол жартас. Менің ойымша, заңнаманы қайта қарау қажет, - деді депутат.

Мәжілісмен бюджетті Парламенттің бақылауынсыз Үкімет қайта-қайта өзі түзететіні дұрыс емес екенін атап өтті. Былтырғы жылы бюджет Парламенттің қарауынсыз 8 рет түзетілген.

Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің қаражаты тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көмегіне, сонымен қатар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылып отырған. Нәтижесінде, тегін көмек шығындары 147,7 млрд теңгеге қысқарды. Бұл бюджет қаражатының тапшылығы және медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі болған кезде орын алып отыр.  Осыған байланысты Парламентсіз жүргізілетін түзетулер санына шектеу енгізген жөн. Бюджетті өзгертсе, Парламент арқылы өзгерту керек, - деп нақтылады депутат Мұқаев.

Сондай-ақ Дәулет Мұқаев қаржының игерілмеу себебін атады. Оның пйтуыгща, өңірлерге берілетін трансферттердің проблемасы шеңберінде 2022 жылы барлық салалар бойынша жергілікті атқарушы органдарға 5 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Біраз қаражат игерілмеген. Бұл ретте қаражатты игермеудің негізгі себептері – мемлекеттік сатып алу деп аталады. Бюджеттің уақытылы орындалмауының негізгі себептерін жою үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Сонымен бірге әкімдіктердің республикадан берілетін трансферттерді мақсатсыз пайдалану фактілері көп. Салынып бітпеген мектептер де оған айқын мысал бола алады. Сондықтан ұсыныс – жалпы сипаттағы трансферттердің пайдалануына сыртқы бақылауды қамтамасыз ету мүмкіндігін заңнамалық деңгейде енгізу қажет.

Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаға жергілікті тексеру комиссарлары жүргізген аудит нәтижелерін қайта тексеру бойынша заңнамалық құқық беру ұсынылды.

Бізге ашықтық керек. Бұған қоса республикадан берілетін трансферттердің мақсатты түрде жұмсалуын қамтамасыз ету бойынша нақты нормалар болуы керек. Олай болмаса, анда-мында жұмсау проблемасы бітпейді. Үшіншіден, жыл сайын желтоқсан айында әрбір мемлекеттік орган қаражатты кез келген жолмен игеруге ұмтылатыны жасырын емес. Бұл көбінесе заң бұзушылықтар мен мақсатсыз пайдалануға әкеледі. Сондықтан бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне игерілмеген қаражатты келесі қаржы жылына ауыстыруға мүмкіндік беру қажет. Өміріміз желтоқсан айымен бітіп қалмайды ғой. Міне, осы мәселену шұғыл шешу қажет, - деп толықтырды Дәулет Мұқаев.

Қаражат игерілмесе, сол беті қаңтардан бастап бюджетке қайтарылады да сол мектептер соңына дейін салынбай қалады. Одан кейін тағы да дәлелдеп, қаражат бергенге дейін уақыт кетеді.

Менің түсінбейтінім, неге бұл бөлінген қаражатты әрі қарай игеріп, сол мақсатқа жетуге қалдырмасқа? Жыл соңы жақындайды, ақшаны игеріп, есеп өткізу үшін тағы да жылдың соңында жанталас басталады, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға