Қазақ сахнасында жарқ етіп, көрермен жүрегінен орын алған, бірақ тағдырдың жазуымен тым ерте кеткен таланттар аз емес. Солардың бірі – Наз Жәкенова. Оның ғұмыры қысқа болғанымен, өнері сахна кеңістігінде өшпес із қалдырып, әр бейнесі көрермен жадында мәңгі сақталды.
Наз Жәкенова кім?
Наз Жәкенова 1979 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қарасаз – қазақ руханиятының алтын бесігі саналатын киелі мекен. Осындай ортада өскен Наздың бойында өнерге деген іңкәрлік ерте оянды.
Ол Қарасаз орта мектебінде білім алып, кейін Мұқағали Мақатаев атындағы өнер мектебінде оқыды. Бұл оқу орны жас өнерпаздың шығармашылық қабілетін шыңдап, болашақ кәсібіне бағыт берді.
1998 жылы ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетіне түсіп, актерлік шеберліктің қыр-сырын меңгере бастайды.
2002 жылы аталмыш оқу орнын «Музыкалық театр артисі» мамандығы бойынша үздік тәмамдайды. Сол жылы жас актриса М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры группасына қабылданды. Наз үшін бұл жай ғана жұмыс орны емес, өмірінің мәніне айналған қасиетті сахна еді.
Қандай образдарды сомады?
Наз Жәкенова қысқа ғұмырында қазақ және әлем драматургиясының күрделі образдарын сахнаға алып шыққан актриса болды. Оның сомдаған кейіпкерлері бір-біріне ұқсамайтын, әрқайсысы өзіндік мінезі мен тағдыры бар тұлғалар еді.
Ол Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» шығармасында Айман бейнесін сомдап, қазақ қызының тапқырлығы мен болмысын шынайы жеткізді. «Абай» қойылымындағы Қарлығаш, Уильям Шекспирдің «Гамлетіндегі» Офелия – нәзіктік пен трагедияның көрінісі болды.
Сонымен қатар, Теннесси Уильямстің «Шыны хайуанатындағы» Лаура, Дулат Исабековтің «Әпкесіндегі» Гауһар мен Кәмила секілді күрделі образдар арқылы актрисаның ішкі тереңдігі мен кәсіби шеберлігі айқын көрінді.
Ол ойнаған әр рөл – жеке тағдыр, жеке әлем. Наз сол әлемдердің әрқайсысына шынайы еніп, көрерменді сендіре білді.
Таланты бағаланды ма?
Наз Жәкенованың таланты театр сахнасымен ғана шектелмей, кәсіби ортада да жоғары бағаланды.
Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінде ол бірнеше мәрте жүлдегер атанды:
- 2004 жылы «Айман-Шолпан» комедиясындағы Айман рөлі үшін «Үздік дебют»
- 2008 жылы «Ай тұтылған түн» трагедиясындағы Шафақ бейнесі үшін «Екінші пландағы үздік әйел рөлі»
- 2015 жылы «Шыны хайуанат» қойылымындағы Лаура рөлі үшін «Есте қалар кейіпкер»
- 2016 жылы «Қоштасқым келмейді» драмасындағы рөлі үшін «Үздік эпизодтағы әйел бейнесі»
Наз Жәкенова 2002 жылдан бастап өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында қызмет етті.
Қысқа ғұмырында ол қазақ театрының тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Актриса 2018 жылы ауыр дертпен күресіп, мезгілсіз дүниеден өтті.
«Сезімнің тілімен сөйлеген» актриса
Белгілі театр актері Бекжан Тұрыс Наз туралы: «Ол театрда өмір сүрді» деп еске алады.
Оның айтуынша, сахнада рөлдің көптігі емес, оның сапасы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, «Қоштасқым келмейді» спектакліндегі оның бейнесі ерекше еді. Ол күліп тұрып жылата алатын, жылап тұрып күлдіре алатын шынайы актриса болды.
Наздың табиғаты да өзгеше болатын – тұйық, ойшыл, ішкі әлемі терең. Өмірден өткеніне де біраз уақыт өтті. Қысқа ғұмырының ең жарқын сәттері театр сахнасымен байланысты болды. Ол сахнада жай ойнаған жоқ – сол жерде өмір сүрді. Көрерменімен бірге қуанып, бірге мұңайып, әр рөлін жүрекпен жеткізді.
Мұқағали Мақатаев айтқандай, ғұмыры қысқа болғанымен, Наздың сахнадағы бейнелері көрермен жадында сақталып қалды.
«Жұмбақ жанның жан сыры»
2004 жылы 25 қыркүйекте «Алматы ақшамы» газетіне берген сұхбатында Наз Жәкенова өзінің өнерге келу жолы мен ішкі әлемі туралы шынайы сыр бөліседі.
Актрисаның айтуынша, өнерге жақындық оның отбасынан бастау алған. Әкесі – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, ауылдағы мәдениет саласында еңбек еткен жан. Бала күнінен домбыра үйреніп, би билеп, түрлі байқауларға қатысқан Наздың бойындағы өнерге деген құштарлық осылай қалыптасқан.
Театрдағы алғашқы рөлі – «Айман-Шолпан» қойылымындағы Айман бейнесі. Ал Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббатындағы» Бану рөлін ол режиссердің тікелей көмегінсіз, әріптестерінің қолдауымен алып шыққанын ерекше атап өтеді. Бұл рөліне белгілі актриса Шолпан Жандарбекова жоғары баға бергені оның есінде ерекше сақталған.
Сұхбатында актриса сахна алдындағы толқынысын да жасырмайды.
Бір қызығы, мен үнемі өңім сияқты түс көремін. Сахнада жүріп, айтайын деп тұрған ойымдағы мәтін сөздері жоғалып кетіп немесе не істеп жатқанымды білмей абдырап қалып, тағы бірде костюмім қалып қойып жататын түстерді жиі көремін. Бұл мүмкін, жауапкершілікті ойлай бергеннен болатын шығар.., – деген екен көзі тірісінде.
Өмірде өзін тұйық, көп сыр аша бермейтін адам ретінде сипаттайды.
Өмірде достарымның көбі мені толық түсіне бермейді. Содан маған «жұмбақ қыз» деп ат қойып қойған. Мен кез-келген адамға көп ашыла бермеймін. Ішімде айтар ойымның жартысы қалып қояды, – дейді Наз Жакенова.
Дегенмен ол әр ісіне сеніммен қарайтынын, адамның мақсатына жетуі үшін ең алдымен өзіне деген сенімі мықты болуы керектігін айтқан.
Осы сұхбаттағы әр сөзінен оның өнерге деген адалдығы, ішкі мәдениеті мен терең болмысы анық аңғарылады. Наз Жәкенова үшін актерлік – жай мамандық емес, жүрекпен сезінетін өмір жолы болды.