Өмір футболдан қымбат: мансабын мерзімінен бұрын аяқтаған жұлдыздар

Өмір футболдан қымбат: мансабын мерзімінен бұрын аяқтаған жұлдыздар
Фото: © Alex Grimm / Staff / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

Жамал Мусиаланың тағы да талмасы ұстап, есінен танып қалды.  «Бавария» клубының басшылығы осы жағдайға үрке қарап отыр. Мюнхендік клубта ойыншының бұрынғы деңгейіне қайта оралатынына күмәнмен қарайтындар көбейген.

Жиі есінен танып қалады

Иә, Еуропаның  жас жұлдыздарының бірі футболдан ерте қол үзіп қалуы мүмкін. Жамал Мусиала 16 қараша күні клубтың жаттығу жиынында есінен танып қалған. Бұл туралы Bild басылымы хабарлады. Айта кетерлігі, екі айға созылған ем-шарадан кейін Жамал жақында ғана қатарға қосылған-ды.

Ойыншының мұндай жай-күйі клуб басшылығын да алаңдатып отыр. Тамыз айында Мусиала үш күннің ішінде екі рет есінен танып қалған.  Алдымен «Лейпцигпен» жолдастық кездесуде, кейін «Хайденхаймға» қарсы ойында талмасы ұстаған. Бұдан кейін дәрігерлер жартылай қорғаушыға жаңа дәрі-дәрмек тағайындап, емдеу курсын бастаған. Мәселе шешілгендей көрінгенімен Жамалдың жағдайы оңалар емес.

«Бавария» басшылығы Мусиаланың абсанс ұстамасынан бөлек, жиі жарақат алатынын да алға тартады. 2025 жылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатында ауыр жарақат алғаннан кейін ол жарты жылға жуық уақыт алаңға шықпады. Биыл тамызда неврологиялық қиындықтар пайда болса, қыркүйекте бұлшықетін жарақаттап алды. Қазір Жамал бұрынғы бабына келуге ғана күш салып жүр.

Жамал Мусиала «РБ Лейпцигке» қарсы ойында/ фото: Alex Grimm/Getty Images
Жамал Мусиала «РБ Лейпцигке» қарсы ойында/ фото: Alex Grimm/Getty Images

Мусиаланың жасындай жарқылдаған шағы осыдан бір жарым жыл бұрын болған. Газет-журнал жарыса жазып, Еуропа футболының жаңа жұлдызы туып келе жатқанына қуанған-ды. Қазір клуб осы жағдайдан ың-шыңсыз шығудың жолын іздеп жатыр. 

БАҚ бетінде Жамал Мусиаланың жазылмайтын неврологиялық ауруға шалдыққаны туралы жарыса жазылып жатыр. Сол үшін клуб та барынша анализ жасап, ойыншының келешегі туралы мәселені біржақты етуге асық. Әзірше қос тарап келісімшарт талаптарын өзгертуге құштар емес. Дегенмен, клуб басшылығы оның бұрынғы формасына келе алатынына күмәнмен қарайды.

«Бавария» әліптің артын бағады

Мусиала  2025 жылдың ақпанында  «Бавариямен» келісімшартын тағы бес жылға ұзартқан еді. Бұл клубтар арасындағы әлем чемпионатындағы ауыр жарақатынан бірнеше ай бұрын болған. Келісім бойынша ол команданың ең жоғары жалақы алатын футболшыларының біріне айналды. Capology дерегінше, Жамал бонустарды есептемегенде жылына 23 миллион еуроға жуық табыс табады.

Дертіне қарамастан Жамал «Кельнге» қарсы кездесуге қатысты. Бұл оның екі айдан кейінгі алғашқы ойыны болды. 2026/27 маусымында футболшы әзірге 258 минут ойнап, 3 гол мен 1 нәтижелі пас тіркеді. Яғни әрбір 65 минут сайын бір нәтижелі әрекет жасаған.

Жамал Муисала «Хайденхаймға» қарсы кездесуде/ фото: Christian Kaspar-Bartke/Getty Images
Жамал Муисала «Хайденхаймға» қарсы кездесуде/ фото: Christian Kaspar-Bartke/Getty Images

Клубтың бас бапкері Венсан Компани Мусиаланың осы дертті жеңіп, қатарға қосылатынына сенімді. Футболшының барынша тырысып жүргенін айтып, сұхбат берген. Халықаралық футболшылар кәсіподағы да «Бавария» клубының Мусиаланың жалақысын кесіп, келісімшарт бұзбауы үшін әрекет етіп жатыр. 

Алайда клуб басшылығы жағдай қайталана берсе, шара қолданатынын мәлімдеген. Өйткені кей басшы Жамалдың қазір көрсетіп жүрген ойыны келісімшарттағы цифрларға сәйкес келмейтінін ашық айтқан.

Агуэроның жүрегі сыр берді

Мусиаланың жағдайы футбол әлемінде алғаш рет болып отырған жоқ. Кейбір футболшылар ауыр диагноздан кейін кәсіби мансабын жалғастыра алса, енді бірі жас кезінде-ақ сүйікті спортынан кетуге мәжбүр болды. Аргентиналық шабуылшы Серхио Агуэро – футболдағы мансабын мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болған ең танымал ойыншылардың бірі.

2021 жылдың қазанында «Барселона» сапында «Алавеске» қарсы матч кезінде футболшының жүрек тұсы ауырсынып, басы айналған. Оны жедел түрде ауруханаға жеткізіп, дәрігерлер бақылауға алған.

фото: championat.com
фото: championat.com

Медициналық тексеруден кейін Агуэрода жүрек жұмысына байланысты мәселе бары анықталды. Дәрігерлер оған үш ай футбол ойнауға тыйым салды. Алайда денсаулығына төнетін қауіпке байланысты аргентиналық футболшы 2021 жылғы 15 желтоқсанда 33 жасында кәсіби мансабын аяқтайтынын жариялады.  Ол «Манчестер Сити» тарихындағы үздік сұрмергендердің бірі ретінде қалды.

Фабрис Муамба

Англиялық футболшы Фабрис Муамбаның оқиғасы футбол тарихындағы ең ауыр жағдайлардың бірі саналады. 2012 жылы 17 наурызда «Болтон» сапында өнер көрсеткен жартылай қорғаушы Англия кубогының ширек финалында «Тоттенхэмге» қарсы матч кезінде алаңда құлап қалды. Дәрігерлер оған бірден көмек көрсеткенімен, футболшының жүрегі тоқтап қалған еді.

фото: football-pitch.ru
фото: football-pitch.ru

Медицина қызметкерлері Муамбаның өмірін сақтап қалу үшін ұзақ уақыт күресті. Клуб дәрігерінің айтуынша, футболшының жүрегі 78 минут бойы соқпаған. Ол 15 рет дефибриллятор көмегіне жүгінген. Муамба ауруханада бір айға жуық емделіп, кейін қалпына келе бастады. Алайда дәрігерлердің кеңесінен кейін 2012 жылдың тамызында, небәрі 24 жасында кәсіби футболдан кететінін мәлімдеді. Фабрис футболға қайта оралуды армандағанымен, денсаулығын бірінші орынға қоюға мәжбүр болды.

Демитриус Омфрой 

Америкалық футболшы Демитриус Омфройдың тағдыры да ерекше. Ол жасөспірім кезінде Португалияның «Спортинг» клубының академиясына шақырту алған. Алайда 18 жасқа толар алдында көру қабілеті нашарлап, дәрігерлер оған көру жүйкесінің қабынуы – оптикалық неврит диагнозын қойған.

фото: Getty Images
фото: Getty Images

Кейін футболшы АҚШ-қа оралып, Калифорния университетінде білім алып, футболын жалғастырды. Бірақ аяғы ұю сезімі пайда болған соң қайта тексеріліп, оған  склероз (multiple sclerosis) диагнозы қойылды. Омфрой кейін MLS чемпионатында «Торонто» сапында ойнап, Филиппин құрамасына да шақырту алды.

Гари Маббатт 

Диагноздың бәрі бірдей мансапқа балта шаппайтынын Гари Маббаттың оқиғасынан көруге болады. Англиялық футболшы 17 жасында бірінші типті қант диабетімен ауыратынын білген. Алғашында кейбір мамандар оған кәсіби футболдан бас тартуға кеңес берген. Дегенмен Маббатт емделу тәртібін сақтап, мансабын жалғастырды.

Ол «Тоттенхэм» сапында 600-ден астам ойын өткізіп, Англия құрамасында да өнер көрсетті. 1998 жылы, 37 жасында кәсіби футболмен қоштасты.

Оқи отырыңыз