Абай Құнанбайұлы – қазақ руханиятының шыңы. Оның данышпандығы мен терең ойы өз заманының рухани ауыртпалығын арқалатты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Омар Жәлелдің айтуынша, Абайдың «Мен шаршадым» деген сөзінің астарында үлкен қайғы мен ауыр жүктің салмағы жатыр. Ол Тәуратта айтылғандай, адам саналы болған сайын өмірдің ауырлай түсетінін еске ала отырып, Абайдың осы тағдырды толық сезінгенін айтады. Абай өз заманындағы әлеуметтік, рухани және адамдық дағдарысты терең ұғынды. Оның «Кейде ақымақ болу – бақыт па деп ойлаймын» деуі — сана ауыртпалығынан қажыған ұлы ақынның шынайы ішкі жанайқайы.
Жалғыздық пен ауыр ойлардан қажыған Абай рухани тірегі болған Құнанбайды еске алады. Әкесінің басына барып: «Мен шаршадым. Мені қасыңа ал», — деп жалбарынады. Бұл — Абайдың ең нәзік әрі ауыр сәттерінің бірі саналады. Омар Жәлелдің пікірінше, Абай бұл дүниемен саналы түрде қоштасты. Елу тоғыз жасында ол: «Енді көтере алмаймын» деген күйге жетті. Бұл — жай ғана тәннің қажуы емес, ұлт пен халықтың рухани ауыртпалығын жүрекпен көтерген дананың шынайы трагедиясы.
Қазіргі таңда Абай туралы көптеген пікір айтылғанымен, көпшілік оның шынайы тереңдігін түсіне бермейді. Абайдың өмір жолын ұғыну үшін оны тек оқып, есте сақтау жеткіліксіз. Ұлы ойшылдың ауыр жүгін сезініп, оның рухани биігіне бойлау қажет. Абай — қарапайым тұлға емес, өз халқы үшін жанын берген мәңгілік рухани алып.
