Оман елшісіне аударма жасаған жас полиглот: Мүмкіндікті күтпеймін, өзім іздеймін

Оман елшісіне аударма жасаған жас полиглот: Мүмкіндікті күтпеймін, өзім іздеймін
Фото: El.kz коллажы

Бірнеше шет тілін меңгерген Бахтияр Ақылбай халықаралық бағдарламаларға қатысып, дипломатиялық ортада тәжірибе жинап жүр. Сондай-ақ ол Иран Ислам Республикасының Ұлттық күніне арналған дипломатиялық қабылдауда Оман елшісіне аударма жасады. Жас полиглот бұл мүмкіндікке қалай ие болғанын, тілдерді қалай меңгергенін және болашақта неге дипломатия саласында жұмыс істегісі келетінін айтып берді.

Дипломатиялық мектептен – елшіге аударма жасауға дейін

Бахтиярдың айтуынша, Оман елшісіне аударма жасау мүмкіндігі оған Astana Diplomatic School-да оқып жүрген кезінде келген. Кейін ол мектептің амбассадоры ретінде де белсенділік танытқан.

Оман елшісі қатысатын дипломатиялық кездесуге мектеп тарапынан шақырылып, араб тілін білетіндіктен аударма жасауға мүмкіндік берілді. Бұған дейін араб тілін негізінен оқу барысында меңгерсем, сол күні оны нақты дипломатиялық ортада қолдандым, - дейді Бахтияр Ақылбай.

Қабылдау Иран Ислам Республикасының Ұлттық күніне, Иран Ислам революциясының 47 жылдығына орай ұйымдастырылған. Бахтиярға араб тілінен орыс тіліне және орыс тілінен араб тіліне аудару міндеті жүктелген. Оның сөзінше, басты міндет – кездесуге қатысушылардың әңгімесін екі тарапқа да дұрыс әрі түсінікті жеткізу.

Бұл тәжірибеден оның есінде ерекше қалған бір сәт бар.

Аударма аяқталғаннан кейін араб тілін жақсы меңгергенімді айтып, мақтады. Бірнеше жыл бойы үйренген тілімді кәсіби, дипломатиялық ортада қолданып, оның деңгейіне араб тілінде сөйлейтін адамдардан баға алу маған үлкен мотивация берді, - дейді ол.

Бахтиярдың жасы да қабылдауға қатысқандардың қызығушылығын тудырған. Дегенмен өзі мұны жетістігінің басты өлшемі деп санамайды.

Мен үшін маңыздысы – жасым емес, маған жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарау болды, - дейді ол.

Фото: Бахтияр Ақылбайдың жеке мұрағатынан
Фото: Бахтияр Ақылбайдың жеке мұрағатынан

Бірнеше тілді қалай меңгерді?

Бахтияр ана тілінен бөлек, орыс, араб және ағылшын тілдерін толық меңгергенін айтады. Түрік тілін B2, парсы, неміс және қытай тілдерін A2, ал индонезия тілін A1 деңгейінде біледі. Жас полиглоттың айтуынша, тіл үйренудегі басты қателіктің бірі – сөз жаттаумен шектеліп қалу. Жаңа тілді еркін қолдану үшін оны күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру қажет.

Мен сөздерді жаттаумен ғана шектелмей, оларды сөйлем ішінде қолдануға, көп тыңдауға және мүмкіндігінше сол тілде сөйлесуге тырыстым. Маған ең көп көмектескен әдіс – күн сайын аз болса да, тұрақты түрде тілмен жұмыс істеу, - дейді полиглот.

Оның күнделікті тіл үйрену тәртібінде жаңа сөздерді қайталау, мәтін оқу, тыңдалым және сөйлеу практикасы қатар жүреді. Араб тілін меңгеру кезінде тыңдау мен сөйлеуге ерекше көңіл бөлген.

Фото: Бахтияр Ақылбайдың жеке мұрағатынан
Фото: Бахтияр Ақылбайдың жеке мұрағатынан

Халықаралық мүмкіндіктерді өзі іздеген

Бахтияр халықаралық бағдарламаларға қатысу үшін мүмкіндіктің өздігінен келгенін күтпегенін айтады. Алғашқы бағдарламаларын интернеттен іздеп, халықаралық ұйымдардың жобаларын, гранттар мен тағылымдамаларды тұрақты бақылап отырған.

Бір ғана ақпарат көзімен шектелмедім. Әлеуметтік желілерді, ресми сайттар мен түрлі платформаларды пайдаландым. Халықаралық мүмкіндік іздегенде ең маңыздысы – оны күтіп отырмай, өзің белсенді іздеу, - дейді ол.

Өтініш берген кезде өзінің тілдік деңгейін, халықаралық жобалардағы тәжірибесі мен қоғамдық белсенділігін көрсетуге тырысқан.

Биыл Бахтияр Өзбекстанда өткен халықаралық жастар және экологиялық бағыттағы бағдарламаға Қазақстан делегациясының құрамында қатысқан. Оның айтуынша, Қазақстаннан жобаға 10 адам барған, жалпы тоғыз мемлекеттің делегациясы қатысқан. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау көрсетілген.

Сондай-ақ ол Ресейде өткен халықаралық жастар жобасына Earth Ambassadors («Жер елшілері») бағдарламасының өкілі ретінде қатысқан. Бахтиярдың айтуынша, бұл бағдарламадағы қабылдау көрсеткіші 5 пайыздан төмен болған.

Мен үшін мұндай жобалар тек шетелге бару емес. Ең маңыздысы – Қазақстанды таныстыру, басқа елдердің жастарымен тәжірибе алмасу және халықаралық ортада өз еліңнің өкілі ретінде жауапкершілікпен жұмыс істеу, - дейді Бахтияр.

Фото: Бахтияр Ақылбайдың жеке мұрағатынан
Фото: Бахтияр Ақылбайдың жеке мұрағатынан

 

«Іске аспаған жобаларым да болды»

Әлеуметтік желіде көбіне адамның жетістігі көрінгенімен, Бахтияр өзінің барлық бастамасы сәтті бола бермегенін жасырмайды. Ол жүзеге аспай қалған жобалары да, қаржылық тұрғыдан күткен нәтижені бермей, шығынға ұшыратқан бастамалары да болғанын айтады.

Оны тек сәтсіздік ретінде қабылдамаймын. Әр жобадан кейін қай жерде қателік жібергенімді, жоспарлауда немесе қаржы бөлуде нені ескермегенімді талдауға тырыстым. Жақсы идеяның өзі жеткіліксіз екенін түсіндім. Оны дұрыс жоспарлау, нарықты зерттеу, тәуекелді есептеу және ресурсты сауатты басқару маңызды, - дейді ол.

Бахтияр бір кезеңде өзінің тіл үйрену тәжірибесін өзгелермен бөлісу үшін онлайн тіл мектебін де ашқан. Алғашқы оқушыларын әлеуметтік желідегі контенті арқылы тапқан, кейін олардың ұсынысы арқылы аудиториясы өсе бастаған. Қазір негізгі назарын оқуына, халықаралық және дипломатиялық жобаларға аударған. Дегенмен тіл үйретуді өзі үшін маңызды бағыттардың бірі деп санайды.

Білімді өзіңде сақтап қалмай, басқа адамдарға беру – мен үшін үлкен құндылық, - дейді ол.

Мақсаты – дипломатия саласында жұмыс істеу

Бахтияр болашағын дипломатиямен байланыстырады. Әсіресе Қазақстанның басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы, халықаралық келіссөздер және шетелдегі Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғау бағыттары қызықтыратынын айтады. Қазір ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Шығыстану» мамандығында білім алып, араб тілін оқып жүр. Сонымен қатар араб және ағылшын тілдерін жетілдіріп, халықаралық іс-шаралар мен MUN конференцияларына қатысады.

Дипломат болу үшін тек тіл білу жеткіліксіз. Тарихты, халықаралық қатынастарды, экономиканы және өз еліңнің сыртқы саясатын жақсы түсіну қажет. Сондықтан қазір өзімді осы бағыттардың барлығы бойынша біртіндеп дамытуға тырысып жүрмін, - дейді Бахтияр.

Оның бұл жолында отбасының да ықпалы бар. Бахтияр ата-анасының бала кезінен білімге, еңбекке және жауапкершілікке баулығанын айтады.

Халықаралық бағдарламаларды да, тіл үйренудің жолдарын да өзім іздедім. Бірақ сол жолда қалыптасқан тәртіп, еңбекқорлық пен мақсатқа ұмтылудың негізінде отбасым берген тәрбие жатыр, - дейді ол.

Фото: Бахтияр Ақылбайдың жеке мұрағатынан
Фото: Бахтияр Ақылбайдың жеке мұрағатынан

Жастарға ұсынған үш қадам

Тіл үйреніп, халықаралық бағдарламаларға қатысқысы келетін жастарға Бахтияр өз тәжірибесіне сүйеніп үш нәрсеге назар аударуға кеңес береді.

Біріншісі – нақты мақсат қою. Қай тілді не үшін үйренетінін адам өзі анық түсінуі керек.

Екіншісі – мүмкіндікті күтпей, іздеу. Ол үшін ресми сайттарды, халықаралық ұйымдардың платформаларын, әлеуметтік желілердегі грант, тағылымдама және жастар бағдарламалары туралы хабарландыруларды тұрақты қарап отыру қажет.

Үшіншісі – алғашқы сәтсіздіктен кейін тоқтап қалмау.

Бірінші өтініштен өтпей қалуыңыз мүмкін, бірақ бұл тоқтауға себеп емес. Менің тәжірибемде де іске аспаған жобалар мен өтпей қалған іріктеулер болды. Әр әрекет келесі мүмкіндікке тәжірибе береді. Сондықтан мақсат қойыңыз, мүмкіндік іздеңіз және әрекет етіңіз. Кейде ең маңызды мүмкіндік өзіңіз бірінші қадам жасағаннан кейін келеді, - дейді Бахтияр Ақылбай.

Оқи отырыңыз