Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысында Қазақстан Үкіметі мен халықаралық іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер қаралды.
Жиында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерге назар аударылды.
Біздің бүгінгі кездесуіміз еліміз үшін тарихи кезеңде өтіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан өзінің даму жолында мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жалғастыруға жол ашатын нағыз ұлт Жарғысына айналды. Бүгінде бүкіл құқықтық жүйені қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның аясында экономиканың дәйекті әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету көзделіп отыр, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кеңес отырысына қатысушыларға 1 шілде күні жаңа Ата заң күшіне енгеннен кейін еліміздің жаңа мемлекеттік-саяси тұрпатын қалыптастыру үдерісі басталғаны туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай сайлауы тағайындалып, жаңа жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылды. Сондай-ақ жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Конституциялық Сот бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың бір реттік өкілеттік мерзіміне қатысты конституциялық норманы қолдану жөнінде түсіндірме берді. Олардың қатарында Президент, Конституциялық Сот төрағасы мен судьялары, Жоғарғы Соттың төрағасы мен Бас прокурор бар.
Конституциялық Сот өз шешімімен нақты әрі дәл түсіндіріп берді. Атап айтқанда, бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни биылғы 1 шілдеден бастап тиісті лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Құқықтық айқындылықтың қамтамасыз етілуі ішкі және сыртқы аудиторияны толғандырған бірқатар мәселені күн тәртібінен алып тастайды. Менің ойымша, бұл саяси-құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына ерекше мән беретін инвесторлар үшін де игілікті қадам болып отыр, – деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов, сондай-ақ президенттік реформалардың жұртшылық тарапынан жаппай қолдауға ие болып жатқанын ерекше атап өтті. Соңғы әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сәйкес, ел азаматтарының 87%-дан астамы Қазақстанның дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенімді. Бұл халқымыздың жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нақты нәтижесін шын мәнінде сезініп отырғанын көрсетеді.
Президенттің саяси бағытына деген қоғамдық қолдау – реформаларды алдағы уақытта да табысты жүзеге асырудың маңызды факторы. Осылайша, жаңа конституциялық модель мен орнықты реформалар бағыты экономикамызды одан әрі жаңғыртуға, халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға берік негіз болып отыр. Құрметті әріптестер, жаңа Конституция аясында Сіздермен арадағы қарым-қатынасымыз да жаңа даму кезеңіне қадам басты. Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов жиынға қатысушыларға.
Отырыста цифрландыруды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі процестер қаралды, олар бүгінде инвестиция үшін күресте елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтауда маңызды рөлге ие.
Президент Жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялады. Мәселен, жаңа Конституцияға азаматтардың цифрлық құқықтары ресми түрде енгізілді, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық Стратегиясы бекітілді, Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» Заң, «Киберқауіпсіздік туралы» Заң қабылданды. Сонымен қатар сенімді трансшекаралық деректер алмасу үшін заманауи реттеу тетіктері енгізілуде, олардың арасында Cloud First Policy және Data Embassy да бар. «ДӨО алқабы» флагмандық жобасы аясында Қазақстан Firebird AI-мен ЖИ-инфрақұрылымын дамыту бойынша $10 млрд-қа келісім жасасты. Жалпы, осы бағыттағы бизнес мәселелерін жедел шешу үшін Үкімет жанындағы цифрлық штаб жұмыс істейді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойып отыр. Цифрлық трансформация мен ЖИ-ді дамыту – біз үшін тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды элементі. Біз шетелдік әріптестердің еліміздің іскерлік ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық саладағы инвесторлармен сындарлы диалогке ашық, – деп атап өтті Премьер-министр.
Отырыс барысында Қазақстандағы Америка Сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт және бизнес өкілдері сөз сөйледі. Джули Стаффт елдер арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ цифрлық реттеу, бұлтты технологияларды дамыту, дербес деректерді өңдеу және трансшекаралық деректерді беру мәселелері бойынша Үкімет пен бизнес-қоғамдастық арасындағы ашық диалогтің маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық бизнес-қоғамдастық атынан Baker McKenzie серіктесі, AmCham Цифрландыру комитеті кеңесінің мүшесі Андрей Ёрш, Apple компаниясының Орталық Азия, Армения, Моңғолия бойынша мемлекеттік саясат және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Әділхан Қопабаев, Siemens Kazakhstan компаниясының бас директоры Дияс Асанов және Honeywell компаниясының Орталық Азия елдері бойынша президенті Артур Нигматьянов ұсыныстарын айтты.
Компания өкілдері Цифрлық кодексті іс жүзінде жүзеге асыру, онлайн-платформаларды реттеу, жария «бұлтты» шешімдерді дамыту, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану, өнеркәсіп процестерін цифрландыру және реттеу тиімділігін арттыру мәселелерін көтерді.
Аталған бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов, сондай-ақ мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов пікір білдірді.
Жиын отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі болжамды ел болып қала беретінін атап өтті. Үкімет ел экономикасының цифрлық трансформациясын тереңдетуге ниетті және цифрлық реттеуді жетілдіру, пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инновациялық инфрақұрылымды дамыту және инвесторлар үшін болжамды жағдайлар жасау мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастықпен одан әрі өзара іс-қимылға дайын. Жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстар мен ұсынымдарды зерделеп, оларды жұмыс барысында ескеру тапсырылды.