Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Абу-Дабиде (БАӘ) өтетін «Үлкен дулыға» турниріне қатысатын спортшылардың алдын ала тізімін жариялады.
29-31 қазан аралығында Абу-Дабиде дзюдодан Grand Slam турнирі өтеді. Бұдан бұрын IJF дзюдошылардың 2026 жылғы 15 маусымнан 2028 жылдың 12 маусымына дейін өткен турнирлерден Олимпиадаға рейтинг ұпайын жинайтынын хабарлады. Мысалы, Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын алған спортшыға – 2000, күміс жүлдеге – 1400, қола медальға 1000 ұпай берді. Ал Grand Slam турнирлерінде 1 орынға – 1000, 2 орынға – 700, 3 орынға 500 ұпай жазылады.
Алдағы турнирде ел атынан жеті ер спортшы өнер көрсетеді:
- 60 келіге дейін: Елдос Сметов, Талғат Орынбасар
- 66 келіге дейін: Ғұсман Қырғызбаев, Ақылжан Жұбатқанов
- 81 келіге дейін: Жалғас Қайролла
- 90 келіге дейін: Айдар Арапов
- 100 келіге дейін: Марат Байқамуров
Сметов Олимпиада ойындарына қатыса ма?
Жапонияда өткен Азия ойындарында Елдос Сметов 60 келі салмақта күміс жүлде алды. Шерзод Давлатов Бакуде өткен әлем чемпионатында екінші тұғырға шықты. Осыдан кейін ел арасында «жастарға жол беру керек» сыңайлы пікір көбейіп кетті. Десе де даңқты дзюдошы бұл сұраққа «Олимпиадалық ұпайды кім жинаса сол барады, тартыс әлі алда» деп жауап берген еді. Одан бұрын белгілі журналист Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысуға шешім қабылдағанын айтқан еді.
«Төртінші Олимпиадаға баруға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы мансабымды жалғастыру туралы шешім қабылдадым. Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бар», – деді спортшы.
Абу-Дабиде 60 келі салмақта тағы бір өреніміз өнер көрсетеді. Алдымен, Талғат Орынбасар 17 қазанда Ақтаудағы турнирде бақ сынап, он күннен кейін Абу-Дабиге аттанады. Бұл –Талғаттың биыл Сметовпен бірге қатысып жатқан екінші жарысы. Бұдан бұрын қос дзюдошы Чиндаода өткен Гран-при жарысына барды. Өкінішке қарай, екеуі де жүлдеге іліккен жоқ.