Әлеуметтік желіде Астанада 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің полиция қызметкерлері тарапынан ұсталғаны туралы ақпарат жарияланды.
Ақпаратқа сәйкес, 8 шілде күні елордадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының маңында үш автокөлік қатысқан екі жол-көлік оқиғасы болған. Алдын ала дерек бойынша, екі апатқа да қатысы бар жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін тәртіп сақшылары күдікті көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстаған.
Toyota маркалы жол талғамайтын көліктің тізгінінде 35 жастағы Данияр Елеусінов болуы мүмкін екені де айтылған. Сондай-ақ жүргізуші масаң күйде болуы ықтимал деген күдікпен медициналық куәландыруға жіберілгені жазылған.
Егер сараптама қорытындысы жүргізушінің мас күйде болғанын растаса, оған масаң күйде жол-көлік оқиғасын жасау және оқиға орнын тастап кету фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау, 50 АЕК көлемінде айыппұл және жеті жылға дейін көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өз кезегінде Астана қаласының Полиция департаменті жол-көлік оқиғасының болғанын және жүргізушінің оқиға орнынан кетіп қалғанын растады. Алайда ведомство ұсталған адамның жеке басына қатысты ресми ақпарат таратқан жоқ.
Данияр Елеусінов кім?
Данияр Елеусінов – Қазақстанның ең танымал боксшыларының бірі, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы және Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы.
1991 жылдың 13 наурызында Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Боксқа бала кезінен әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Елеусіновтің жетекшілігімен келді.
Әуесқой бокста Данияр Елеусінов ірі халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ол 2013 жылы әлем чемпионы атанса, 2010 және 2014 жылдары Азия ойындарының, сондай-ақ 2013 және 2015 жылдары Азия чемпионатының алтын жүлдесін иеленді.
Спортшының мансабындағы ең ірі жетістік – 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алуы. Сол Олимпиадада ол турнирдің ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогын иеленді.
2018 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, Ұлыбританияның Matchroom Boxing промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасты. Кейін кәсіби рингте IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанып, жеңіліссіз сериясымен танылды. Ең соңғы жекпе-жегін 2025 жылы АҚШ-та өткізіп жеңіске жеткен еді.
Қазіргі таңда Данияр Елеусінов кәсіби бокста болғанымен, біраз уақыт шаршы алаңға шықпай кетті.