Жаңалықтар

Олимп жолы: Қамшыбек Қоңқабаевтың Париж олимпиадасына дайындығы қандай

Олимп жолы: Қамшыбек Қоңқабаевтың Париж олимпиадасына дайындығы қандай
Фото: olympic.kz 14.02.2024 09:05 473

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалды. Яғни, спортшылар үшін ең жауапты және маңызды кезең басталды деуге болады. Өйткені алдағы жарты жылда олар Олимпиадаға жолдама жеңіп алуға тырысып, Париждегі дүбірлі додаға дайындалуы керек, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – бокстан ел құрамасының көшбасшысы, аса ауыр салмақтағы былғары қолғап шебері Қамшыбек Қоңқабаев. +92 кг салмақта өнер көрсететін жерлесіміз Париж Олимпиадасының жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын. Сары құрлық бәсекесінің финалында ол өзінің сыралғы қарсыласы өзбекстандық Баходир Джалоловқа жол беріп, жарыстың күміс жүлдегері атанған еді.
Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бокспен 2006 жылдан бері шұғылданады. Бозбала шағынан спортқа икемі бар екенін байқаған ағасы Асқар Қоңқабаев Қамшыбекті бокс үйірмесіне жетелеп алып барған. Асқар Қоңқабаев та кезінде бокспен айналысқан.

«Бокс үйірмесіне келіп, алғашқы жаттығудан кейін осы спорт түрін бірден ұнаттым. Содан, алдыма әлем және Олимпиада чемпионы боламын деген мақсат қойдым. Міне, бүгінде сол бала күнгі арман-мақсатыма жету жолында тынбай еңбек етіп келемін», дейді кейіпкеріміз.

Халықаралық жарыстардың болашақ жеңімпазы мен жүлдегері бокстың қыр-сырына алғашқы жаттықтырушысы Сейітжан Төкеновтың қоластында жүріп қаныға бастады. Бір қызығы, сонау 2006 жылы басталған ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазіргі таңда Сейітжан Төкенов – Қамшыбек Қоңқабаевтың жеке жаттықтырушысы. Шәкіртіне күні бүгінге дейін тәлім-тәрбие беріп, жарыстарға баптап жүр.

Аса ауыр салмақтағы боксшы 2021 жылы Жапонияда өткен Олимпия ойындарының қола, былтырғы Азия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар ол – әлем біріншілігінің төрт дүркін, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері.

Қамшыбектен карьерасындағы ең қиын жарысы туралы сұрағанымызда ол: «Өз басым, қатысқан турнирлерімді оңай-қиын деп бөлмеймін. Барлық жарысқа жүз пайыз дайындалып, ел намысын абыроймен қорғасам екен деп барамын. Десе де, үлкен дүбірілі додалардың жартылай финалы, финал жекпе-жектері әрқашан тартысты әрі қиын өтеді. Өйткені кіл мықтылар іріктеліп келеді. Ал карьерамда физикалық жағынан, психологиялық тұрғыдан қиын болған жарыс – Токио Олимпиадасы. Өйткені жарыстың атмосферасы, аурасы басқа додаларға қарағанда ерекше», - дейді Қамшыбек Қоңқабаев.

Қазіргі уақытта Қамшыбек ұлттық құрамамен бірге Алматыда төртжылдықтың басты додасына қарқынды дайындалып жатыр.
«Олимпиадаға дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Алматы облысындағы «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында Әзербайжан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Олимпиадаға аз уақыт қалды. Париждегі додада сәтті өнер көрсетіп, арманымызға қол жеткізу үшін дайындықты бір сәтке де тоқтатпай, үнемі шеберлігімізді шыңдап отыру керек», - дейді боксшы.

Бір айта кетерлігі, Қамшыбек бала күнінен доп тепкенді қатты ұнатады. Сондықтан оқу-жаттығудан, жарыстардан қолы босай қалғанда достарымен футбол ойнайды. Сонымен қатар бос уақытында отбасына көңіл бөліп, бала-шағасымен қыдырғанды жақсы көреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға