Жаңалықтар

Олимп жолы: Еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков Парижге барады

Олимп жолы: Еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков Парижге барады
Фото: Видеодан кадр 13.03.2024 09:30 1891

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда ұлттық құрама спортшылары Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, ұлттық құрама қоржынын мейілінше көп жолдамамен толықтыруға бар күш-жігерін салып жатыр.

Ал Париждегі осы жылдың басты бәсекесіне лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа тыңғылықты дайындалуда.  
 
Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков. 86 кг салмақ дәрежесінде сынға түсетін отандасымыз Париж Олимпиадасының жолдамасын былтыр Сербия астанасы Белградта күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында жеңіп алды. Жерлесіміз жаһандық доданың қола жүлдесі үшін өткен белдесуінде Бахрейн құрамасының спортшысы Магомед Шариповті соңғы секундтарда сан соқтырып, тұғыр сатысына көтерілген еді.
 
Азамат Белградтағы дәл осы белдесуін спорттық ғұмырындағы ең есте қаларлық бәсеке деп есептейді.

Әр жарыстың өзіне сай қиындықтары, ерекшеліктері бар ғой. Дегенмен, мен үшін соңғы әлем чемпионатының жөні бөлек. Неге десеңіз, қола жүлде үшін, жолдама үшін өткен белдесудің соңғы сәтіне дейін қарсыласымнан 3:2 есебімен жеңіліп жатқан едім. Бәрі менен үмітін үзе бастағанда өзімнің сүйікті әдісімді жасап, қарсыласымнан жеңісті жұлып алдым. Бұл сәтте кездесудің аяқталуына небәрі үш-ақ секунд қалған болатын. Негізі күрес түрлерінде соңғы секундтарда әдіс жасау өте сирек кездеседі. Сондықтан дәл осы әлем чемпионаты, қола жүлде үшін болған белдесу, одан қала берді Олимпиада лицензиясы сарапқа салынған бәсеке менің жадымда ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз, - дейді екі дүркін Азия чемпионы.

1994 жылы 15 наурызда Семей қаласында туған Азамат Дәулетбековті спортқа немере ағасы Заур Дәулетбеков жетелеп алып келген. «Негізі ағам мені дзюдо күресіне бергісі келген. Бірақ біз барған спорт залында дзюдомен қатар күрес жаттығуы да өтіп жатқан еді. Екі спорт түрінің жаттығуын бақылап жүргенімде күрес кілемінде сыныптастарымның белдесіп жатқанын көріп қалдым. Содан достарыммен бірге жүрейін деген ниетпен еркін күресті таңдадым. Ағам да бұл таңдауыма қарсы болған жоқ. Бәлкім, әйтеуір, спортпен шұғылданса болды деген шығар», - дейді ел біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы.
 
Азамат Дәулетбеков Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған соң ең алғашқы әсерін ата-анасымен, отбасымен бөліскенін айтады.

Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алғандағы әсерімді сөзбен жеткізіп бере алмаймын. Оны тек сезіну керек деп ойлаймын. Күресіп бола сала, киім ауыстыратын бөлмеге барып, қуанышты әсерімді ең бірінші ата-анаммен, отбасыммен бөлістім. Олардың да қуанышында шек болған жоқ. Бәрі белдесуімді тікелей эфирде тамашалап, мен үшін тақымын қысып, тілеулес болып отырды. Бұл – менің алғашқы Олимпиадам болмақ. Бұған дейін екі Олимпиадаға қатысатын мүмкіндігім болды. Бірақ екі ретінде де төрт жылдықтың басты додасына барудың сәті түспеді. Енді міне, бала күнгі арманымының орындалуына, Олимп шыңын бағындыратын сәтке бір табан жақын тұрмын. Мақсатым – Парижде ел намысын абыроймен қорғап, әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбірету. Сол үшін аянбай еңбек етемін, - дейді Азамат Дәулетбеков.

Қазіргі таңда Азамат Олимпия ойындарына дайындалып жатыр. «Әлем чемпионатынан кейін құрама команданың бапкерімен, жеке бапкеріммен ақылдаса отырып, жаңа маусымға жоспар құрдық. Қазір сол жоспар бойынша дайындалып жатырмыз. Олимпиадаға дейін кемінде үш халықаралық жарысқа қатысуды жоспарлап отырмын», - дейді еркін күрес балуаны.

Кейіпкеріміз спорттық жарыстардан, оқу-жаттығу жиындарынан қолы босай қалғанда, бос уақытын отбасына арнап, балаларының тәрбиесіне көңіл бөлгенді ұнатады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға