Футболдан әлем чемпионатының екінші тур матчтары өтіп жатыр. Ал біз бүгін F тобының қатысушыларын жақынырақ таныстырамыз.
Нидерланд: дәстүрлі фавориттердің бірі
Тарихы мен жетістігі
Нидерланд құрамасы әлем чемпионаттарының тұрақты фавориттерінің бірі саналғанымен, әлі күнге дейін басты трофейді жеңіп көрген жоқ. «Қызғалдақтар елі» үш мәрте әлем чемпионатының финалына шықты. Олар 1974 және 1978 жылдары қатарынан екі рет күміс жүлдегер атанса, 2010 жылы тағы да финалда сүрінді.
Соңғы жылдары команда біршама тұрақсыз өнер көрсетіп келеді. Нидерланд 2002 және 2018 жылдардағы әлем чемпионаттарына қатыса алмады. 2006 жылы 1/8 финалда тоқтаса, 2014 жылғы мундиальда қола жүлдені иеленді. Ал 2022 жылғы әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетіп, болашақ чемпион Аргентинадан тек пенальти сериясында жеңілді.
Әлем чемпионатына қалай жолдама алды?
Нидерланд іріктеу кезеңін сенімді өткізді. Топта бірінші орын алып, тікелей жолдамаға қол жеткізді. Командаға айтарлықтай қиындық туғызған жалғыз қарсылас Польша болды. Екі кездесу де тең аяқталды. Ал Финляндия, Литва және Мальта құрамалары нидерландтықтарға лайықты қарсылық көрсете алған жоқ.
Іріктеуде шабуылшы Мемфис Депай ерекше көзге түсті. Ол 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіш бойынша еуропалық іріктеуде тек норвегиялық Эрлинг Холандтан ғана қалып қойды.
Команданың басты жұлдызы
Нидерланд құрамасының көшбасшысы ретінде көпшілік Френки де Йонгты атайды. Алайда жартылай қорғаушы соңғы маусымда жарақатқа байланысты тұрақты ойын тәжірибесінен қағылды.
Сондықтан қазіргі таңда команданың негізгі тірегі әрі капитаны Вирджил ван Дейк саналады. «Ливерпульдің» қорғаушысы бұрынғыдай мінсіз маусым өткізбесе де, ұлттық құрамадағы орны ерекше. Оның тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеттері Нидерланд қорғанысының басты артықшылығы екені сөзсіз.
Бапкер және ойын стилі
Құраманы Роналд Куман жаттықтырады. Ол ұлттық команданы алғаш рет Еуро-2020 алдында басқарғанымен, кейін «Барселонаға» ауысты. 2022 жылғы әлем чемпионаты аяқталған соң қайта оралып, Еуро-2024 турнирінде команданы жартылай финалға дейін жеткізді.
Куманның тұсында Нидерланд допқа иелік етуге негізделген комбинациялық футбол ойнайды. Сонымен қатар команда жоғары прессингті жиі қолданып, шабуыл кезінде қорғаушыларды да белсенді іске қосады.
Қазіргі жағдайы
Нидерланд әлем чемпионатына бірқатар кадрлық мәселемен келіп отыр. Команданың негізгі ойыншылары Йерди Схаутен мен Хави Симонстан айырылды. Екеуі де ауыр жарақат алып, мундиальға қатыса алмайды.
Соған қарамастан құраманың әлеуеті жоғары. Дегенмен бұл жолы нидерландтықтардың нәтижесін жекелеген жұлдыздардан гөрі Куман қалыптастырған ойын жүйесі анықтауы мүмкін.
Жапония: Азияның басты үміті
Тарихы мен жетістігі
Қазір Жапония әлем чемпионаттарында тосын нәтиже көрсетуге қабілетті команда деп қабылданады. Күншығыс елінің алғашқы ойыны соны дәлелдегендей. Бірақ бұл деңгейге жету үшін ел футболы ұзақ жолдан өтті.
Жапондар әлем чемпионатына алғаш рет 1998 жылы қатысты. Бұған дейін кәсіби футбол жүйесінің толық қалыптаспауы олардың тұрақты түрде іріктеуден өте алмауына себеп болды.
Содан бері Жапония бірнеше рет плей-офф кезеңіне шықты. 2002, 2010, 2018 және 2022 жылдары 1/8 финалға дейін жетсе, 1998, 2006 және 2014 жылдары топтық кезеңнен аса алмады.
Іріктеу кезеңі
Жапония – әлем чемпионатына ең сенімді жолдама алған құрамалардың бірі.
Алғашқы кезеңде Солтүстік Корея, Сирия және Мьянманы алты кездесуде де жеңді. Кейінгі кезеңде Аустралия, Сауд Арабиясы, Қытай, Индонезия және Бахрейнмен бір топта бақ сынап, бірінші орын алды.
Команда іріктеу барысында 30 гол соғып, небәрі 3 гол өткізіп алды. Бұл көрсеткіш екі бағыт бойынша да Азиядағы үздік нәтиже еді.
Негізгі жұлдыз
Жапония құрамасының басты үміттерінің бірі – Такефуса Кубо.
«Реал Сосьедад» сапында өнер көрсететін вингер бірнеше жыл бұрын Ла Лиганың ең талантты ойыншыларының бірі саналды. Кейін ойын деңгейі біршама төмендегенімен, ұлттық құрамада маңызды рөл атқарып келеді.
Азиялық іріктеуде Кубо сегіз нәтижелі пас беріп, команданың шабуылдағы басты ұйымдастырушысына айналды.
Бапкер
Құраманы 2018 жылдан бері Хадзимэ Мориясу жаттықтырады.
Оның жетекшілігімен Жапония 2022 жылғы әлем чемпионатында үлкен сенсация жасап, топтық кезеңде Германия мен Испанияны жеңді. Команда тек 1/8 финалда Хорватияға пенальти сериясында жол берді.
Мориясу тактикалық тәртіпке, жоғары қысым жасауға және жылдам қарсы шабуылдарға үлкен мән береді.
Қазіргі жағдайы
Жапония әлем чемпионаты қарсаңында бірнеше маңызды ойыншысынан айырылды. Қорғаушы Коки Матида, жартылай қорғаушы Такуми Минамино және вингер Каору Митома жарақаттарына байланысты турнирден тыс қалды.
Дегенмен жапон құрамасының басты күші жекелеген ойыншыларда емес, ұжымдық ойында жатыр. Сондықтан кадрлық шығындарға қарамастан команда тағы да жағымды тосынсый жасауы мүмкін.
Швеция: плей-офф арқылы өткен қайсар команда
Тарихы мен жетістігі
Швеция құрамасының ең үлкен жетістігі – 1958 жылғы өз жерінде өткен әлем чемпионатындағы күміс медаль. Бұдан бөлек, шведтер 1950 және 1994 жылдары қола жүлдегер атанған.
Соңғы онжылдықтарда команда тұрақты нәтиже көрсете алмады. Олар 1998, 2010, 2014 және 2022 жылдардағы әлем чемпионаттарына қатыса алған жоқ.
Ал Ресейде өткен 2018 жылғы мундиальда ширек финалға дейін жетіп, соңғы 24 жылдағы ең үздік нәтижесін тіркеді.
Іріктеу кезеңіндегі қиын жол
Швецияның әлем чемпионатына жолы оңай болған жоқ.
Швейцария, Косово және Словениямен бір топта небәрі екі ұпай жинап, негізгі іріктеуден өте алмады. Алайда Ұлттар лигасындағы нәтижелері арқасында қосымша мүмкіндікке ие болды.
Плей-офф кезеңінде Украина мен Польшаны жеңіп, әлем чемпионатына жолдама алды.
Басты жұлдыз
Команданың негізгі үміті – Виктор Дьокереш.
Шабуылшы соңғы жылдары Еуропадағы ең нәтижелі футболшылардың біріне айналды. Әсіресе плей-офф ойындарында ерекше көзге түсіп, Украина қақпасына хет-трик жасап, Польшамен матчта жеңіс голын соқты.
Осылайша ол Швецияның мундиальға шығуына шешуші үлес қосты.
Жаңа бапкер
Іріктеу кезеңінен кейін құраманы ағылшын маманы Грэм Поттер қабылдады.
Ол бұған дейін Швецияның «Эстерсунд» клубында жұмыс істеп, кейін Англия Премьер-лигасына жол ашқан болатын.
Поттердің келуімен команда үш орталық қорғаушымен ойнауға көшіп, тактикалық тұрғыдан тәртіпке келе бастады.
Қазіргі жағдайы
Швеция әлем чемпионатына толық қалыптасқан команда ретінде келіп отырған жоқ. Бұрынғы бапкер тұсында жүйесіздік байқалды, ал Поттердің өз идеяларын толық енгізуге уақыты аз болды.
Соған қарамастан тәжірибелі футболшылар мен шабуылдағы Дьокереш секілді көшбасшылар шведтердің басты қаруына айналмақ. Егер команда ұйымдасқан ойын көрсете алса, топтық кезеңнен шығуға мүмкіндік бар.
Тунис: тәртіпке сүйенетін тәжірибелі команда
Тарихы мен жетістігі
Тунис құрамасы Африка құрлығындағы тұрақты қатысушылардың бірі саналады. Егер XX ғасырда әлем чемпионатына сирек жолдама алса, кейінгі кезеңде бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсарды. 1998 жылдан бері Тунис тек екі мундиальге – 2010 және 2014 жылдардағы әлем чемпионаттарына қатыса алмаған.
Дегенмен әлемдік додада айтарлықтай табысқа жете қойған жоқ. Команда осы уақытқа дейін бірде-бір рет топтық кезеңнен аса алмады. Тунис тарихында әлем чемпионаттарындағы үш жеңіс қана бар. Соның ішіндегі ең есте қалғаны – 2022 жылғы әлем чемпионатында Францияны 1:0 есебімен жеңуі. Бұған дейін африкалықтар 1978 жылы Мексиканы, ал 2018 жылы Панаманы тізе бүктірген еді.
Әлем чемпионатына қалай жолдама алды?
Тунис іріктеу кезеңін өте сенімді өткізді. Намибия, Либерия, Малави, Экваторлық Гвинея және Сан-Томе мен Принсипиден құралған топта қарсыластарын айқын басымдықпен артта қалдырды.
Команда барлық матчта небәрі бір рет қана ұпай жоғалтып, іріктеуді 22:0 доп айырмасымен аяқтады. Африкалық құрамалар арасында мұндай қорғаныс көрсеткішін тек Кот-д’Ивуар ғана қайталай алды.
Тунис үшін бұл нәтижені ерекше ететін тағы бір жайт – Нигерия мен Камерун секілді құрлықтың алпауыт құрамалары әлем чемпионатына шыға алмай қалды. Ал тунистіктер жолдаманы еш қиындықсыз рәсімдеді.
Құраманың басты жұлдызы
Қазіргі Тунис құрамасында Еуропаның үздік чемпионаттарында тұрақты ойнайтын футболшылар көп емес. Солардың ішіндегі ең тәжірибелісі әрі маңыздысы – жартылай қорғаушы Элье Схири.
30 жастағы футболшы Германияның «Айнтрахт» клубында өнер көрсетеді. Ол Чемпиондар лигасында және еурокубоктарда тұрақты тәжірибе жинақтап жүрген ойыншы. Схири қорғаныс пен шабуыл арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, команданың ойын құрылымындағы негізгі тұлғалардың біріне айналған.
Сондықтан әлем чемпионатында Тунис жанкүйерлерінің басты үміті – дәл осы Схири.
Бапкер
Құрама тізгінін Сабри Лямуши ұстап отыр. Ол қызметке Африка Ұлттар кубогынан кейін тағайындалды. Бұған дейін команданы басқарған Сами Трабелси Мали құрамасынан жеңілген соң қызметінен кеткен болатын.
Лямушидің тәжірибесі аз емес. Ол кезінде Кот-д’Ивуар құрамасын жаттықтырып, Францияның «Ренн» клубында, сондай-ақ Англияның «Ноттингем Форест» пен «Кардифф Сити» командаларында жұмыс істеді. Алайда оның бапкерлік мансабында ірі жетістіктер көп емес.
Сондықтан алдағы әлем чемпионаты Лямуши үшін өзін дәлелдеудің жақсы мүмкіндігі болмақ.
Қазіргі жағдайы
Тунис әлем чемпионатына дайындық барысында бірқатар қиындыққа тап болды. Бапкерлік штаб негізгі құрамды толық құрамда сынап көруге мүмкіндік ала алмады.
Сонымен қатар құраманы тәжірибелі жартылай қорғаушы Рани Хедира толықтырды. Ол Германия құрамасының бұрынғы ойыншысы Сами Хедираның туған інісі. Оның келуі Тунистің ортаңғы шебін күшейтіп, командаға қосымша тәжірибе сыйлауы тиіс.
Жалпы алғанда, Тунисті әлем чемпионатындағы фаворит дей алмайсың. Алайда тәртіпке негізделген ойыны, қорғаныстағы сенімділігі және африкалық командаларға тән мінезінің арқасында кез келген қарсыласқа қиындық туғыза алатын ұжым саналады.