Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева жеке өміріне қатысты жүрек тебірентерлік сырын бөлісті. Өнер иесі жақынын сағынатынын айтып, сезімін жасырмады.
Соңғы рет қашан жыладыңыз?» деген Sn.kz ақпарат порталының тілшісінің сауалына әнші шынайы жауап беріп, көзіне жас жиі келетінін жеткізді.
Мен өте жиі жылаймын. Сахнада образға кіріп те жылаймын, күйеуімнің басына барып та жылап аламын. Ұмытылмайтын өзімнің жан-жарымсыз бүгін Роза Рымбаева болып тұрар ма едім? Қалай сағынбаймын? Оның деңгейіне жеткен, сол сияқты дәрежесі жоғары адамды мен кездестірмедім, іздемедім де. Күйеуімді ешкім алмастыра алмайды. Ол мәңгі жүрегімде, – деді әнші.
Желі қолданушылары өнер иесінің бұл сөздеріне бейжай қарамай, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Көпшілік оны парасатты тұлға, ұрпаққа үлгі болатын жан ретінде бағалап, қолдау сөздерін жаудырған.
Бір сұхбаттарында әнші жұбайы өмірден өткен соң балалары үшін берілмеуге тырысқанын айтқан еді.
Тасқын өткеннен кейін Мәди дүниеге келді. Екі баламен депрессияға кетуге ешқандай қақым жоқ еді. Себебі екі бала үшін өмір сүруім керек. Сахнада да жыладым, сол сахнада бақытымды да айттым. Сол сахнада екі баламды айттым. Халықпен сахнада бөлістім. Қайғыға берілмеймін деген мақсат қойдым. Әрине, ол Тасқынды ұмытты деген сөз емес. Тасқын менің ішімдегі жазылмайтын жара ғой. Сондықтан балалардың алдында көз жасымды көрсетпеуге тырысамын. Көрерменге де көбіне мықты әйел болып көрінгім келеді. Тасқынды айту – мен үшін ең қиыны, – дейді Роза Рымбаева.
Роза Рымбаева мен Тасқын Оқапов жас вокалистер байқауында танысқан. Кейін 1976 жылы 19 желтоқсанда шаңырақ көтереді. Тұңғышы Әли Оқаповтан кейін екінші ұлы Мәди Рымбаев Тасқын Оқапов өмірден өткеннен кейін дүниеге келген. Тасқын Оқапов продюсер әрі музыкант, танымал ұжымдардың негізін қалаушы ретінде белгілі.
Айта кетейік, бұған дейін Роза Рымбаева отбасына қатысты тағы бір құпиясын жариялаған еді. Ол ұлдары Әли мен Мәдиге қоса, Әлия мен Мәншүк есімді қыздары бар екенін айтқан.
Өнер иесінің сөзінше, бұл шешім өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірінде қабылданған.
Әлия 6 жасынан бастап Байсейітов мектебінде оқыған. Тасқын өзі ауылдан алып келіп, “сен музыкант боласың” деп оқытқан. Сол кезде анасы мен әкесі бірінен кейін бірі өмірден өтті. Содан мен бірден шешім қабылдадым. Бұл екі қыз менімен тұрады дедім. Менің екі ұлым не жесе, не кисе, бәріміз бір отбасы боламыз деп, екі қызды қолыма алдым, – деген еді әнші.
Сондай-ақ ол бұл таңдаудың артында үлкен жауапкершілік жатқанын атап өтті. Әншінің айтуынша, кейін барлық міндет өз мойнына жүктеліп, жақындарының аманатын абыроймен арқалап келеді.