Жаңалықтар

«Оберег» украиндар қоғамы 15 жылдығын үлкен концертпен атап өтті

«Оберег» украиндар қоғамы 15 жылдығын үлкен концертпен атап өтті
27.10.2018 09:20 3321

«Оберег» украиндар қоғамының құрылғанына биыл 15 жыл толып отыр.

26 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қолдауымен жаңа Оқушылар сарайында Астана қаласының «Оберег» украиндар қоғамы» ҚБ құрылғанына 15 жыл толуына арналған есептік шығармашылық концерт өтті.

Іс-шара Астананың 20 жылдығына орайластырылып, Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, Қазақстан Республикасы этностарының мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптеу, тілдерді дамыту арқылы патриоттық тәрбиенің ең тиімді нысандары мен әдістерін дәріптеу бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іс жүзінде іске асыруға бағытталған.

Мерекелік концертті тамашалауға келген қонақтар қоғамдық бірлестіктің шығармашылық ұжымының қатысуымен шаттыққа толы және мазмұнды концерттік бағдарламаның, сондай-ақ Братислава қаласынан (Словакия Республикасы) келген елорда қонақтарының «Тарас Шевченко атындағы музыкалық драма ансамблінің» өнеріне куә болды.

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Рада Қазақстан украиндықтары» ЗТБ төрағасы Юрий Тимощенко мерейтой иелерін құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

«Ұлтаралық келісім – ел дамуының басты шарты. Мемлекет басшысы теңдік пен сенімнің әділ және тиімді моделіне ерекше мән береді. Ешкім де өздерінің этникалық, діни ұқсастықтарына нұқсан келтірмейді. Біз тәуелсіздігіміздің құндылықтарын бағалай білетін, Қазақстанның мүддесін қорғайтын патриоттығымыздың арқасында қуатты рухани байыған елге айналдық. Біз біртұтас, ұйымшыл халыққа айналдық. Бүгінде біз Қазақстанда этносаралық келісім мен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі екенімізді мақтанышпен айта аламыз.

Бүгін көптеген жетістіктері бар «Оберег» мәдени орталығына 15 жыл толды. Әртүрлі мамандықтың, қызметтің өкілдері өздерінің этникалық тілін, мәдениетін қолдау үшін ұжымда шығармашылықпен айналысып келеді», – деді Ю. Тимощенко.

Қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Тамара Ширмер Мемлекет басшысының дана саясатының арқасында барлық этностардың мәдениеті, салт-дәстүрі мен тілін сақтап қалу үшін бірдей жағдай жасап отырғанын атап өтті. Әр адам қамқорлықта жүргенін сезінеді, мәдени мұраны сақтап, көбейтуге, басқа этностардың ерекшеліктерімен танысу арқылы байытуға мүмкіндігі бар.

«Бүгін біз 15 жылдық мерейтойды атап өтіп жатырмыз. Біздің этномәдени бірлестіктің құрылуының бастауында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың досы Николай Литошко тұрған еді. Олар бірге Украинада оқып, достығы ұзақ жылдарға созылған-ды. Уақыт өткінші. Бүгінде арамызда өмірі мен қызметі орталықпен байланысты болған адамдар жоқ. Бірақ олар біздің жадымызда, біздің жүрегімізде өмір сүреді. Біздің вокалдық-хореографиялық ансамблімізге Николай Литошконың құрметіне есімі берілген.

Өзінің құрылған күнінен бастап қоғамдастық республика астанасының өміріне белсенді қатысуының арқасында атын көпке мәлімдеп үлгерді, көптеген алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Біздің мақсатымыз – украин халқының салт-дәстүрлерін, өзіндік мәдениетін сақтау, Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, ел бірлігін нығайту. «Оберег» украиндар қоғамы маңызды іс-шаралардың ұйымдастырушысы және қатысушысы болып табылады. «Оберег» ұжымының үйлесімді жұмысының арқасында елорданың ең табысты бірлестіктерінің бірі болды», –  деді Тамара Ширмер.

Концерт барысында «Оберег» шағын музыкалық қойлымдар көрсетті. Ұжымның өнер көрсетуінің басты ерекшелігі – сезімге толы әндерді түрлі көңіл-күймен жеткізе білулері.

«Нэхай квитуе Украина» әнімен концерт шымылдығын ашқан ұжым көрермендерді бірден сахналық киімдерімен баурап алды. Украин ұлтының киімдері ұлттың болмысын айрықша танытып тұратын қасиетке ие. Әр алуан гүлдермен көмкерілген гүлдестелеріне түрлі ленталар тағылады. Бұл – сол  халықтың қонақжай, ақкөңіл, мейірбан, достарға құшағы дәйім ашық екенін білдіріп тұрады.

«Черевички», «Задоринка», «Райдуга» ансамблдері құйқылжыта ән салғанда, көрерменге Украинаның тауларын, суларын, бау-бақшаларын аралап жүргендей әсерге қалдырғаны соншалық, қошеметтен сарайдың іші кернеп кетті.

Украина мәдени орталығының жексенбілік мектебінің бүлдіршіндері де мерейтойға өздерінің мерекелік билерін тарту етіп, сахнаға өң берді. Жүздері бал-бұл жайнаған бүлдіршіндердің арасында украин, қазақ, орыс ұлты өнер көрсетіп, өздерін бір үйдің баласындай сезінгені көңіл қуантты. Бірлік, ынтымақ, ырыс бала кезден берген тәрбиеден басталатыны сөзсіз.

Шығармашылық кештің қонағы – Словакиядан келген «Тарас Шевченко атындағы музыкалық драма ансамблінің» жиырма минуттық қойылымында украин ұлтының салт-дәстүрі сипатталды.

Кеште ерекше орын алған сәт – қазақ ұлтының өнеріне сахнада айрықша орын беруі. Ежелгі дәуірдегі қазақ ұлтын бейнелеген көріністе би де, ән де болды. Қазақ халқы үшін қашан да қастерлі – бесік те көрініс тапты.

Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова «Оберег» астаналық Қазақстан халқы Ассамблеясының алдыңғы қатарлы ұжымдарының бірі болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар ол Тамара Ширмерге жемісті еңбегі, белсенді көмегі және Қазақстанның гүлденуіне қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Концерттік бағдарлама соңында «Оберег» украиндар қоғамының төрағасы Тамара Ширмер, сондай-ақ вокалдық-хореографиялық ансамбль мүшелеріне Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Словакиядан келген қонақтарға қазақ ұлттық аспабы – домбыра сыйға тарту етілді. Осылайша екі елдің арасындағы достық көпіріне тағы да тарихи сәт жалғанды.

Мерекелі концерттен фоторепортажды ОСЫ ЖЕРДЕН КӨРІҢІЗДЕР

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға