Жаңалықтар

ЭКСПО аясында Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті

"Астанамызды әлем танып жатыр"
ЭКСПО аясында Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті
Фото: Нұрбек Әлманбетов 16.06.2017 16:38 5203

Бүгін Франция павильонында ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті. Сондай-ақ бұл шараға «Kazakhstan. Jeune nation entre Chine, Russie et Europe» («Қазақстан. Еуропа, Қытай, Ресеймен шектесетін жас мемлекет») кітабының авторы, журналист Лиз Барселини да қатысты.

Өз кезегінде Олжас Сүлейменов:

«Франция павильонында сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. ЭКСПО-ны осы елдің көрмесімен бастадым, аталған елде көп уақыт жұмыс істегенімнен емес, бала шақтан француз тіліне қанығып өскендіктен, мәдениетін жақсы білгендіктен деп түсініңіздер. Мен француз павильонының залдарын аралай келе, атақты химик Пастердің залын көрдім. Ол өз жаңалығымыен жарты адамзатты, тіпті бүкіл тіршілкті аман алып қалған».

Кездесу барысында Олжас Омарұлы Лиз Барселинидің, сол секілді тілшілер қауымынан келіп түскен бірнеше сұрақтарға жауап берді. Оның сөзінше,  ЭКСПО көрмесі еліміз үшін маңызды оқиғалардың бірі, сондай-ақ халықаралық көрменің біздің елімізге ғана емес әлем үшін де тигізер пайдасы көп.

«115 ел қатысып жатқан ЭКСПО-2017 әлемдегі айтулы. «Болашақ энергиясы» деп атау алуының өзі көңілге жағымды. Атом энергиясынан бас тартып, пайдалы жаңартылған, тіршілікті жойып жібермейтін энергияға көшуіміз керек. Атомдық энергия тек Қазақстан үшін емес, Францияның да басты мәселесі. Осы іс-шара арқылы дүние жүзінің сарапшылары, ғалымдары бірлесіп, энергияның жаңа заманауи түрін ойлап табуға сеп болады» – дей келе, «Әрбір адам әколог болуы керек, біз де балаларымызды тірі нәрсені аялауға үйретуіміз қажет. Еліміздегі халық саны жақын жылдары 18 млн болады екен, ендеше неге 18 млн ағаш отырғызбасқа. Өзім Қазақстанның түкпір-түкпірінде аңаш отырғызу шараларына белсенді түрде қатысып жүрмін» – деді Олжас Сүлейменов.

Сондай-ақ, Қазақстанның әлі де жасыл экономика бойынша жетіспейтін тұстары көп екенін айтты. Ақын, қоғам қайраткері Еуропадағы Чехия мемлекетін мысалға келтіріп, ондағы табиғат байлығының, жан-жануарлардың қоғам ішіндегі қалыпты өміріне таң қалатынын жеткізді. Біз де сол елден үлгі алып, табиғатты әрқашан қорғап, аялауымыз керек деді. Ақынның сөзінше, 20 жылдан бері Күн энергиясы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл атом энергиясы, газ, мұнайдың орнын алмастыратын, адам баласы үшін өте пайдалы энергетика болмақ.

«Астананың дамуына, жарқырап көрінуіне осы ЭКСПО-ның тигізіп жатқан пайдасы өлшеусіз дер едім. 20 жылдың ішінде Астанадай қала пайда болғаны үлкен жаңалық, ал әлем қазір біздің осындай елордамызды танып, көріп жатыр»  – деді Олжас Омарұлы.

 Кездесу соңында Олжас Сүлейменов ядролық сынақтың аяқталуына орай жазған «Жабайы алаң» өлеңін оқып берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға