Жаңалықтар

Жастарға аса құнды құжаттармен танысуға мүмкіндік берілді

«Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында Қазақстанның әр аймағында түрлі 400 іс-шара ұйымдастырылды
Жастарға аса құнды құжаттармен танысуға мүмкіндік берілді
Фото: Ажар Лаубаева 21.09.2022 14:49 2362

Елордада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастауымен «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында алғашқы Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды El.kz.

Жастарға аса құнды құжаттармен танысуға мүмкіндік берілді

Аталған жоба бойынша Қазақстанның әр аймағында түрлі 400 іс-шара ұйымдастырылды. Енді еліміздегі оқушылар мен студенттер саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы құпия мұрағаттық құжаттар, ХХ ғасырдың 20, 30 жылдардағы ашаршылық, жастар қозғалысының тарихы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы жайлы біліп, өзге де тарихи маңызы бар басқа да құжаттармен таныса алады.

Жастарға аса құнды құжаттармен танысуға мүмкіндік берілді

Жастарға аса құнды құжаттармен танысуға мүмкіндік берілді

Шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архивтер және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш жастарға және келешек ұрпаққа еліміздің тарихи құжаттарымен танысудың маңызына тоқтала кетті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды балалар жылы деп жариялаған болатын. Соған орай мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арнап ашық есік күнін ұйымдастырып отырмыз. Қазір республикамызда 216 миллоннан астам құжат жатыр. Осы құжаттарды жас ұрпаққа өз көзімен көрсету, архив жұмыстарымен таныстыру біздің басты мақсатымыз», - деді Қуат Бораш.

Сондай-ақ ол ашық есік күнін өткізу халық арасындағы архив ұғымына деген көзқарасты одан әрі жоғарылатуға себеп болатынын айтты.

«Ашық есік күні таңертеңнен кешке дейін өткізілетін болады. Оған 10 000-нан астам оқушы келеді. Мұндай жобаны болашақта дәстүрлі түрде өткізіп отыру жоспарланып отыр. Себебі архив дегенді көпшілігі тек қана құжаттар сақталатын қойма ретінде санайды. Ал архивті көптеген өркениетті елдерде жастармен бірге жұмыс істеп, олардың патроиттық сезімін оятутың бір үлкен рухани орталығы болып есептеледі. Біз де еліміздегі бұл ұғымды жоғары деңгейге көтерсек деген ниеттеміз», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архивтер және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы.

Жастарға аса құнды құжаттармен танысуға мүмкіндік берілді

Ал ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова алдағы уақытта құнды құжаттар цифрлы жүйеге көшіріліп, көпшілікке оқуға қолжетімді болатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен архивтерге көп көңіл бөлініп, оның ел алдындағы деңгейі артып келе жатыр. Алдағы уақытта жаңа қоймалар салынып, электронды архив жүйесін дамыту жоспарда бар. Сондай-ақ болашақта қордағы жинақталған құжаттардың халыққа қолжетімді болуы үшін цифрлы форматқа көшіру жұмыстары басталуда. Бұл жұмыстар аяқталғаннан соң әркім өзіне қажет құжаттарды электронды түрде ала алатын болады», - деді Сағила Нұрланова.

Сонымен қатар Сағила Нұрланова тарихи ұлттық құндылықтарды жастарға насихаттап, аманаттау қажет дейді.

«Ашық есік күніне келген балалар архивтегі еліміздің тарихи маңызы бар құжаттардың сақталуын, өңделуін өз көзімен көріп, танысты. Егер біз бұл қорларды оларға аманаттап жеткізбесек үлкен сынға қаламыз. Сонымен қатар өсіп келе жатқан жас ұрпаққа Тәуелсіздігіміздің құндылығын сіңіруіміз қажет», - деді Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры.

Іс-шараға қатысқан жастар еліміздің тарихи құндылықтарымен танысып қана қоймай, өздерінің алған әсерлерімен де бөлісті.

«Біз Ұлттық архивке сынып жетекшімізбен келдік. Тарихи маңызы бар құжаттардың қалай сақталатынын, оның маңызын біліп, ұғынып жатырмыз. Жастар үшін архивке қатысты өте қызықты әрі қажет түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мысалы маңызды құжаттарды қандай қораптарда сақтау, оның температурасы қандай болуы қажеттігін білдік», - деді 7 сынып оқушысы Аружан Болат.

Жастарға аса құнды құжаттармен танысуға мүмкіндік берілді

Ал колледж білім алушысы Абиболла Ералы болса, жастарға архивтегі құнды құжаттармен танысу, олармен жұмыс істеу барысын көру және білудің маңызы зор деп есептейді.

«Ұлттық архивте ашық есік күні өтетіні жайлы естіп өзіміздің тобымызбен бірге келіп, неше түрлі құнды ақпараттарды алдық. Еліміздің тарихын тереңірек біліп, сирек кітаптарды реставрациялау, қолжазба құжаттарды сканерлеу сияқты жұмыстармен таныс болдық. Оқушылар, студенттер үшін тарихты білудің маңызы зор деп есептеймін. Себебі өскелең ұрпақ қандай мамандық иесі атанса да, алдымен қазақ елінің тарихымен таныс болуы олардың басты міндеті. Осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша жандарға, ұстаздарға алғысымды білдіргім келеді», - деді студент Абиболла Ералы.

Енді «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында Қазақстан бойынша түрлі іс-шаралар жыл сайын өткізіліп отырады деп жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға