Жаңалықтар

Қоғамға суреттерім арқылы пайдамды тигізгім келеді – Аңсаған Мұстафа

Менің мұндай суреттерді салудағы мақсатым – елімізде көтеріліп жатқан мәселелерді қозғай отыра журналистерге көмек беру
Қоғамға суреттерім арқылы пайдамды тигізгім келеді – Аңсаған Мұстафа
Фото: Ажар Лаубаева 15.10.2022 11:13 6236

Сурет салу – ұлы өнер. Себебі оған талант, төзімділік, шабыт, еңбек және үлкен махаббат қажет. Бүгінде бойына суретшіге тән асыл қасиеттердің бәрін жиған, ерекше суреттерімен талайды тамсандырып жүрген суретшілердің бірі – Аңсаған Мұстафа. Ол әлеуметтік желіде өте белсенді әрі көп аудитория жинаған қылқалам шебері. Біз де талантты қазақ қызымен танысып, суреттерін көзбен көріп қайту үшін дүкеніне барып, сұхбаттасып қайттық.

–      Аңсаған Мұстафа, сурет салуға деген қызығушылығыңыз қашаннан басталды?

–      Мен көркемсурет мектебінде 4-сыныптан бастап оқыдым. Бірақ ол кездері оқуға суретші боламын деп емес, қырсықтықпен түстім. 3-сыныпты бітірген кезімде әкем шашымды алдыртып тастағысы келді. Егер келіссем, армандап жүрген «Кама» деген велосипедті әперемін деп уәде еткен болатын. Сөйтіп, жазғы демалыс басталған кезде шашымды алдыртып тастадым. Содан 10 күн өткеннен кейін мені мектепке жұмыс істеуге шақырды. Бізге мектептің ауласын жинап, ағаштың түбін боясын деп тапсырма берген еді. Жұмыс істеу үшін алғаш сыныпқа кіріп барған сәтімде барлығы күліп, мені мазақтай бастады. Әрі қарай мектепте қалғым келмей, жылап, үйге қашып кеттім. Кейін қыркүйек айына 2-3 күн қалғанда мектепте бармаймын деп тұрып алдым. Сонымен сені қай мектепке берсек екен деп ата-анам үйдің жанынан мектеп іздестіре бастады. Ең үйге жақыны әрі қазақ тілінде оқытатын білім ордасы көркемсурет мектебі болды. Әрі қарай сурет салу өнеріне осылай келдім десем де болады.

Қоғамға суреттерім арқылы пайдамды тигізгім келеді – Аңсаған Мұстафа

Қоғамға суреттерім арқылы пайдамды тигізгім келеді – Аңсаған Мұстафа

–      Сурет салуға деген шабытты қайдан аласыз?

–      Суретке деген идея журналистердің жазған мақалалары мен өмірде орын алып жатқан түрлі оқиғалардан алынады. Салған суреттерім арқылы әлеуметтік мәселелерді қозғаймын. Қазіргі таңда оған қатысты суреттерімнің саны 76-ға жетті.

–      Неліктен әлеуметтік тақырыптағы суреттерді көбірек саламын деп шештіңіз?

–      Негізі алғаш рет 2009 жылы Facebook желісіне табиғатқа, әлеуметтік мәселелерге қатысты түрлі суреттерді салып бастадым. Олардың арасында осы әлеуметтік тақырыптағы салған суреттерім кәдімгідей үлкен талқыға түсті. Шетелдік оқырмандарым өз парақшаларына көшіріп алып, жан-жаққа тарата бастады. Кейін қандай суреттер көп лайк, қаралым жинаса, демек сол тақырыптың төңірегінде салу қажет деп шештім. Осылайша қоғамда болып жатқан маңызды мәселелерді қозғайтын суреттерді әлі күнге дейін салып келемін.

Менің мұндай суреттерді салудағы мақсатым – елімізде көтеріліп жатқан мәселелерді қозғай отыра журналистерге көмек беру. Себебі «Тастанды балалар мен қарттар үйі көбейді» деген секілді жаңалықтарды есту жүрегімізге ауыр тиіп жатады. Мен оған жанашырлықпен ғана қарап қойып отырмай, қоғамға салған суреттерім арқылы пайдамды тигізгім келеді.

–      Суреттеріңізде қоғамдық мәселені көптеп қозғайтыныңызды байқадық. Олардың бірнешеуіне тоқтала кетіңізші.

Қоғамға суреттерім арқылы пайдамды тигізгім келеді – Аңсаған Мұстафа

–      Мына «Тазалық» деп аталатын суретті көптеген елге көрмеге жібергенмін. Қазір бұл суреттің түрлі-түсті нұсқасы Корей мемлекетіндегі көрмеде тұр. Ол әсіресе жас қыздарға арналып салынған десе де болады. Кейде олар сүйгенімен айырылысып, махаббаттан қайғырып жүрген кезде бәрін ұмыту үшін миы мен жүрегін тазалап алатын кір жуғыш машинаның болғанын армандайтын кездері болады. Мынау суретті жүрегі жаралы қыздарға арнадым.

Қоғамға суреттерім арқылы пайдамды тигізгім келеді – Аңсаған Мұстафа

Ал мына сурет карантин кезінде салынған. Сол кездері балалар телефондарын құшақтап, сабақты үйден оқыды. Бірақ дәл мектептегідей оқуға деген белсенділіктері де, қызығушылықтары да болмады.

Қоғамға суреттерім арқылы пайдамды тигізгім келеді – Аңсаған Мұстафа

Бұл суреттегі идеяның авторы – Қырымбек Көшербаев. Бір ретте Қызылорда қаласының әкімдігі көрмеге шақырған болатын. Қырымбек Көшербаев менің барлық суреттерімді Facebook желісі арқылы біледі екен. Қолымнан ұстап алып әр суретті көрсетіп, мені мақтады. Өзім де суреттерімді танығанына қатты қуанып қалдым. Сосын менің саған бұрыннан айтайын деп жүрген идеям бар еді деді. «Қазақтың көбісі ештеңе істемей үйінде жатады. Не істеп жатырсың деп сұраса, жұмыс іздеп жатырмын деп жауап береді. Бұл нәрсе біздің өсуімізге, дамуымызға кедергі болады. Осы тақырыпқа қатысты бір күші сурет салшы, жарай ма?» деді. Содан Астанаға келгенде осы суретті салып шықтым.

–      Бір суретті салуға қанша уақытыңыз кетеді?

–      Егер ол әлеуметтік тақырыптағы сурет болса, ойша ұзақ ойланып жүріп, 30 минут – 1 сағат аралығында саламын. Ол суреттің түріне байланысты. Ал егер жейделерге салынатын сурет болса, 2-3 күн аралығындағы уақыт кетеді.

–      Салған суреттеріңіз сатыла ма?

–      Суреттерімді сатып көрген емеспін, сатқым да келмейді. Себебі алда әлі қанша көрме өтеді. Егер суреттерімді сатып жіберсем, өзімнің бір бөлігімнен айырылып қалатындай сезінемін. Сондықтан әлеуметтік тақырыпта салынғандарын сатпаймын.

–      Осы уақытқа дейін суреттеріңізді қандай көрмелерге жіберіп үлгердіңіз?

–      Шамамен 25-30 көрмеге жіберген болуым керек. Корей, Италия, Португалия, Үндістан, Мысыр, Мексика, Қытай, Украина сынды ірі мемлекеттерде болды. Қазір де бірнеше елге жіберіп жатырмын.

–      Ең алғаш рет өткізген көрмеңіз жайлы айтып берсеңіз.

–      Басында мен салған суреттерімнің барлығын жай ғана Facebook желісіне жүктеп жүрдім. Сөйтіп, олардың саны 40-50-ге жетіп қалған кезде Алмасбек Садырбай мырза «Аңсаған, суреттеріңді осылай ғаламтордан ғана көріп отыра береміз бе? Біз көрмеге барып, өз көзімізбен көргіміз келеді. Көрмені қашан жасайсың?» деді. Содан мен бұйырған күні жасармын деп айтқаным сол еді, «Аңсаған, сен тура сөйлейтін едің ғой. Маған нақты жауап керек» деген соң, күзде деп айта салдым. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, алғашқы көрмені өткізуге дайындала бастадым. Кішкентай форматтағы суреттерімді көрмеде көрсету үшін үлкейтіп салып шықтым. Кейін көрмені өткізетін жерді іздей бастадым. Басында Керуен сауда орталығында өткіземін бе деп ойлап едім, суреттерім әлеуметтік тақырыпқа қатысты салынғандықтан басшылық рұқсатын бермей қойды. Одан көңілім түсіп, басқа жерді іздестіре бастадым. Бірнеше орталықтарды қарап шығып, соңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жасайтын болып шештім. Осылайша алғашқы көрмені 2014 жылдың 14-ші қазан күні өткіздік. Түрлі БАҚ, қаншама көрермен жиналды. Көрме өте керемет, жоғары деңгейде өтті.

–      Болашаққа қойған қандай жоспарларыңыз бар?

–      Мен қазақилықты өзгелерге дәріптеп жүргендіктен, кейде шетелде өтетін көрмелерге қазақтың ою-өрнегі салынған суреттерді жібергім келеді. Бірақ қазір әлі ерте, оны дұрыс түсінбей қалатын шығар деп ойлаймын. Негізінде ол менің жоспарымда бар.

–      Аңсаған ханым, қандай арманыңыз бар?

–      Өнер адамдарының көбісі Франция мен Италияға баруды армандайды ғой. Мен Париж қаласында орналасқан Эйфель мұнарасының бойына суреттерімді қойып, көрме өткізгім келеді. Мұнара өте үлкен, оның бір жақ шетіне суреттерімді жисам да жеткілікті болады деп ойлаймын.

–      Шығармашыл тұлға ретінде жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

–      Қазіргі заманда көптеген адамдар ақшаға қарап қалған. Ол үшін тіпті жақындарыма ренжіген де кездерім болды. Кезінде інім Қанағат «16 қыз» деген фильмді түсірмекші болғанда, 16 суретшіні жинап, оларға кейіпкерлердің суретін салдыртпақшы болдым. Сөйтіп, ең мықты деген суретшілерге хабарласып, кезек-кезек сөйлесіп шықтым. «Інім «16 қыз» деген керемет фильм түсіргелі жатыр. Маған әдемі қыздардың суретін салып бере аласыз ба?» деген ұсыныс айтқанымда, барлығы менен қанша ақша төлейсің деп сұрады. Десе де, тек қана Астана қаласы бойынша болмаған соң Қазақстанның барлық жерінен іздестіріп, тегін салып бере алатын суретшілерді таптым. Бұл сөзіммен адамдарға тек қаржы үшін ғана емес, жан қалауы үшін жұмыс істеңдер, тегін қызмет етуден қашпаңдар деп айтқым келеді.

–      Сұхбатыңызға рахмет!


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға