АҚШ-та бірнеше жылдан бері еңбек етіп жүрген қазақстандық журналист Талғат Алманов Нью-Йорк штатының Буффало қаласында орналасқан ABC 7 телеарнасында басшылық қызметке кірісті. Ол енді жаңалықтар бөлімінің жұмысын үйлестіріп, журналистер мен продюсерлерге бағыт-бағдар береді. Сонымен қатар репортаждар дайындап, журналистік зерттеулер жүргізуді жалғастырмақ. Осы орайда El.kz тілшісі Талғат Алмановпен жаңа қызметі, америкалық медианың жұмыс тәртібі, екі ел журналистикасының ерекшеліктері және болашақ жоспарлары туралы сұхбаттасты.
– Талғат, алдымен жаңа қызметіңіз құтты болсын! АҚШ-тың ABC 7 телеарнасында жауапты қызметке тағайындалдыңыз. Бұл қызметке қалай келдіңіз? Арна басшылығы өздері ұсыныс жасады ма, әлде арнайы іріктеуден өттіңіз бе?
– Менің кандидатурамды бұрынғы компаниямдағы әріптестерім арна басшылығына ұсынды. Содан кейін бірнеше кезеңнен тұратын сұхбаттардан өтіп, Алланың қалауымен жұмысқа қабылдандым. Қазір осында Executive Reporter қызметін атқарамын.
Мен үшін бұл – кәсіби жолымдағы маңызды белес. Өйткені бұған дейін негізінен журналистік материалдар дайындау мен продюсерлік жұмысқа басымдық берсем, енді ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеттерім сыналады.
– Бұған дейін тілші әрі продюсер болып жұмыс істедіңіз. Жаңа қызметіңізде қандай міндеттер жүктелді? Бұрынғы жұмысыңызбен салыстырғанда жауапкершілігіңіз қаншалықты артты?
– Бұрынғы қызметтерімде негізінен дәстүрлі журналистикамен айналыстым. Яғни ақпарат тарату, зерттеу жүргізу, сұхбат алу, сюжеттер дайындау сияқты жұмыстарды атқардым. Ал қазіргі қызметімде кешкі жаңалықтардың басынан аяғына дейін сапалы шығуын қадағалап, редакция жұмысына жетекшілік етемін.
Мәселен, күнделікті жаңалықтардың тақырыптарын талқылау, маңызды оқиғалардың қалай қамтылатынын жоспарлау, журналистер мен продюсерлерге бағыт-бағдар беру, дайындалған материалдардың сапасын бақылау сияқты міндеттер бар. Сонымен қатар өзім де өзекті тақырыптар бойынша журналистік материалдар дайындаймын.
Әрине, жауапкершілік артты. Бұрын көбіне өзім дайындаған материалға жауап берсем, қазір бүкіл команданың ортақ нәтижесіне де жауаптымын. Бір журналистің жақсы сюжет дайындауы ғана емес, бүкіл редакцияның ақпаратты уақытылы әрі нақты жеткізуі маңызды.
Мен үшін бұл қызметтің қызығы да осында. Бір жағынан, журналист ретінде жұмысымды жалғастырсам, екінші жағынан, әріптестерімнің кәсіби дамуына және редакция жұмысының жақсаруына атсалысамын.
– АҚШ медиасында бәсеке жоғары екені белгілі. Осындай ортада қызметте өсу үшін журналистен не талап етіледі? Кәсіби біліктіліктен бөлек, қандай қасиеттер маңызды?
– Меніңше, қазіргі заманда журналист нарыққа бейімделе білуі керек. Жаңа технологиялар, жасанды интеллект, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері – осының барлығын тиімді пайдалана білген жөн. Сонымен қатар кәсіби этика мен журналистика стандарттарын ұмытпау қажет.
Ең алдымен, журналист өзіне сенімді болуы керек. Кейде біз шетелдік мамандарды өзімізден әлдеқайда жоғары деңгейде көреміз. Бірақ қазақстандық жастардың қабілеті мен әлеуеті ешкімнен кем емес. Бастысы – соған сай білім алып, жүйелі еңбек ету.
Кәсіби біліктіліктен бөлек, жауапкершілік те ерекше маңызды. Журналист тек тапсырма күтіп отырмай, өзі тақырып ұсынып, оқиғаның қоғам үшін маңызын көре білуі керек. Командамен жұмыс істей алу да қажет. Мың жерден талантты журналист болып, әріптестеріңізбен тіл табыса алмасаңыз, сізді ешкім құрметтемейді. Өйткені телевизияда бір материалдың артында көптеген маманның еңбегі тұрады.
АҚШ-та бәсекелестік өте жоғары. Жақсы жұмыс істесеңіз, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Ал талапқа сай нәтиже көрсете алмасаңыз, қызметіңізден айырылуыңыз да мүмкін. Сондықтан үнемі ізденіп, өзіңізді дамытып отыру маңызды.
– Енді өзіңіз жұмыс істейтін редакцияның тыныс-тіршілігіне тоқталсақ. ABC 7 телеарнасында күнделікті жұмыс қалай ұйымдастырылады? Эфирге шығатын тақырыптар қалай таңдалады және бұл ретте журналистерге қаншалықты еркіндік беріледі?
– ABC 7 Buffalo редакциясының күнделікті жұмысы өте қарқынды. Жаңалықтар бөлімі бірнеше бағытта қатар жұмыс істейді: телеэфир, сайт, әлеуметтік желілер және тәулік бойы хабар тарататын стриминг платформасы. Сондықтан ақпаратты тек телевизиялық шығарылымға дайындап қою жеткіліксіз. Бір оқиға әртүрлі аудиторияға лайықталып, бірнеше форматта ұсынылады.
Күнделікті редакцияда маңызды оқиғалар талқыланып, қай тақырыптың көрермен үшін өзекті екені анықталады. Бұл ретте оқиғаның жаңалығы, қоғамға әсері, ақпараттың сенімділігі және аудиторияға беретін құндылығы ескеріледі.
Журналистерге тақырып ұсынуда белгілі бір еркіндік беріледі. Мысалы, тілші өзі байқаған мәселені көтеріп, редакцияға идеясын жеткізе алады. Продюсерлер мен редакторлар да күн тәртібін қалыптастыруға қатысады. Бірақ кез келген ұсыныс редакциялық талқылаудан өтіп, оның өзектілігі мен маңызы бағаланады.
Меніңше, жақсы редакцияда журналистке тек тапсырма беріп қана қоймай, оның бастамасын да тыңдай білу керек. Өйткені кейде ең маңызды оқиғалар редакцияның алдын ала құрған жоспарынан емес, тілшінің жергілікті жерден көтерген мәселесінен туындайды.
– АҚШ-та бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келесіз. Осы уақыт ішінде америкалық әріптестеріңізден не үйрендіңіз? Кәсіби тұрғыдан өзіңізге ерекше әсер еткен тәжірибе болды ма?
– Америкалық әріптестерімнен үйренген дүнием көп. Ең алдымен, журналист пен басшылық арасындағы қарым-қатынасты атап өтер едім. Мұнда кәсіби шекара қатаң сақталады. Ешкім ешкімнен жасқанбайды, қорықпайды, жағымпазданбайды. Соның арқасында өзара сыйластық қалыптасып, әркімнің еңбегі бағаланады.
Сондай-ақ журналистердің сұрақ қою мәдениеті мен ақпаратты тексеруге деген көзқарасы ерекше әсер етті. Мұнда кез келген мәлімдемеге сын көзбен қарап, оның артында қандай дерек бар екенін анықтауға тырысады.
Екіншіден, оқиғаны аудиторияға түсінікті етіп жеткізуге ерекше мән береді. Күрделі саяси немесе экономикалық тақырыптың өзін қарапайым көрермен түсінетіндей етіп баяндау – үлкен шеберлік. Ол үшін журналист алдымен тақырыпты өзі терең түсінуі керек.
Үшіншіден, жергілікті журналистиканың маңызын түсіндім. Кейде үлкен халықаралық оқиғаларға назарымыз ауып, өз қаламыздағы мәселелерді екінші орынға қойып жатамыз. Ал америкалық жергілікті телеарналар тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелерге айрықша көңіл бөледі. Мектеп, жол, коммуналдық қызмет, қауіпсіздік, денсаулық сақтау – мұның бәрі маңызды жаңалық бола алады.
Маған әсер еткен тағы бір нәрсе – әріптестерімнің жұмыс қарқыны мен уақытты бағалауы. Жаңалықтар саласында ақпаратты жылдам жеткізу қажет. Дегенмен оның шынайылығын тексеру жылдамдықтан да маңызды.
– АҚШ-та журналистердің кәсіби қателіктеріне қаншалықты қатаң қарайды? Мәселен, эфирде қате ақпарат жарияланса, редакция қандай шара қолданады?
– АҚШ-та журналистер де қателесуі мүмкін. Оған түсіністікпен қарайды. Бірақ плагиат қатаң жазаланады. Бұрынғы басшым жұмысымның алғашқы күнінде: «Талғат, қателік жасаудан қорықпа, ол үшін жұмыстан шығара қоймаймыз. Бірақ бір күнде жұмыстан шығудың жолы бар. Ол – плагиат» деп қалжыңдаған еді.
Жалпы, ақпарат құралдарының басты капиталы – аудиторияның сенімі. Бір рет қате ақпарат тарату редакцияның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Ал плагиат жасауды кешіруге болмайтын шығар.
Егер эфирде немесе сайтта қате ақпарат жарияланса, ең алдымен оның сипаты мен салдары анықталады. Қате дерек болса, оны мүмкіндігінше тез түзету қажет. Егер жаңсақ мәлімет эфирде айтылса, редакция кейінгі шығарылымда немесе басқа қолжетімді платформада түзету жариялауы мүмкін. Сайттағы материалға да тиісті өзгеріс енгізіліп, қажет болған жағдайда оқырманға оның себебі түсіндіріледі.
Мұнда қателікті жасырудан гөрі, оны ашық мойындап, түзету маңызды. Әрине, оның себебі де талданады. Ақпарат жеткілікті тексерілмеді ме, дереккөз сенімсіз болды ма, әлде редакциялық жұмыста олқылық кетті ме? Мұның бәрі назардан тыс қалмайды.
Журналистикада қателеспеу маңызды. Бірақ қателік орын алған жағдайда оған кәсіби тұрғыдан әрі жауапкершілікпен қарау одан да маңызды. Өйткені аудиторияның сенімі ашықтық пен адалдық арқылы қалыптасады.
– Сіз Қазақстанда да, АҚШ-та да журналист болып еңбек еттіңіз. Осы тәжірибеңізге сүйенсек, америкалық медианың бізден озық тұстары қандай? Ал қазақстандық журналистиканың қандай артықшылықтарын атап өтер едіңіз?
– Америкалық медианың басты ерекшеліктерінің бірі – редакциялық тәуелсіздік пен билікті бақылау дәстүрінің қалыптасуы. Журналист мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға және ірі ұйымдарға қоғам атынан сұрақ қойып, олардың шешімдерін зерттей алады. Сонымен қатар жергілікті журналистика жақсы дамыған. Тұрғындардың күнделікті мәселелеріне арналған материалдарға үлкен мән беріледі.
Тағы бір артықшылығы – зерттеу журналистикасының дамуына жағдай жасайтын тәжірибе мен ресурстардың болуы. Ашық деректерді пайдалану, құжаттармен жұмыс істеу, ақпарат сұрату және ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізу журналистік жұмыстың маңызды бөлігіне айналған.
Ал Қазақстан журналистикасының да өзіндік артықшылықтары бар. Ең алдымен, біздің журналистердің тілдік және мәдени ерекшеліктерді терең түсінетінін атап өтер едім. Қазақстан қоғамының тыныс-тіршілігін, өңірлердегі жағдайды, адамдардың мәселесін жергілікті журналистер жақсы біледі.
– Сіз қазақтілді журналистердің кәсіби деңгейіне қатысты қалыптасқан стереотиптер мәселесін көтеріп жүрсіз. Қазір бұл көзқарас қаншалықты өзгерді деп ойлайсыз? Қазақтілді журналистердің халықаралық деңгейде танылуы үшін не жетіспейді?
– Қазір бұл көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді деп ойлаймын. Қазақстаннан шыққан мамандар халықаралық деңгейде түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қазақтілді журналистердің де кәсіби мүмкіндігі жоғары екенін көрсетуге жағдай көбейіп келеді. Бірақ бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыс бар.
Журналистің қай тілде сөйлейтіні емес, қандай тақырыпты көтеретіні, ақпаратты қаншалықты терең зерттейтіні және аудиторияға қандай құндылық ұсынатыны маңызды.
Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру, халықаралық кәсіби байланыстар орнату, шетелдік редакциялардың жұмыс тәсілдерін үйрену және өз еңбегіңді халықаралық аудиторияға таныта білу қажет. Қазақтілді журналистер өз әлеуетіне сеніп, әлемдік кәсіби бәсекеге шығудан қорықпауы керек.
– Шетелде жинаған тәжірибеңізді отандық журналистиканың дамуына жұмсағыңыз келетінін айтып жүрсіз. Осы бағытта қандай бастамаларды жүзеге асырғыңыз келеді?
– Бұл менің алдағы мақсаттарымның бірі. Мен Қазақстанда тұрғым келеді. АҚШ-та жинаған тәжірибемді тек жеке мансабымның жетістігі ретінде қалдырғым келмейді. Оны отандық журналистиканың дамуына да пайдалануға болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ журналистері арасында кәсіби байланыс орнатуға, бірлескен жобалар мен материалдар дайындауға мүмкіндік іздегім келеді. Екі елдің журналистері бір-бірінің тәжірибесімен танысып, ортақ тақырыптарды зерттесе, бұл екі тарапқа да пайдалы болар еді.
Әрине, мұның бәрі уақыт пен нақты мүмкіндіктерге байланысты. Бірақ ұзақ мерзімді мақсатым – шетелде үйренгенімді Қазақстандағы әріптестеріммен бөлісу және жас журналистердің халықаралық деңгейде дамуына өз үлесімді қосу.
– Алдағы уақытта кәсіби жолыңызды қай бағытта дамытуды жоспарлап отырсыз? Редакцияны басқаруға басымдық бересіз бе, әлде репортаждар дайындап, журналистік зерттеулер жүргізуді жалғастырғыңыз келе ме?
– Мен үшін бұл екі бағыт бір-біріне қайшы емес. Керісінше, жақсы редакциялық жетекші болу үшін журналистиканың өзінен алыстамау керек деп ойлаймын. Сондықтан редакция жұмысын үйлестіруді де, өзімнің журналистік материалдарымды дайындауды да жалғастырғым келеді.
Қазіргі қызметім осы екі бағытты қатар дамытуға мүмкіндік береді. Бір жағынан, команданың жұмысын ұйымдастырып, әріптестерімнің кәсіби дамуына көмектесемін. Екінші жағынан, қоғам үшін өзекті тақырыптарды зерттеп, репортаждар дайындағым келеді.
Алдағы уақытта әсіресе зерттеу журналистикасына көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отырмын. Өйткені қоғамға күнделікті жаңалықтарды жеткізумен шектелмей, сол оқиғалардың астарындағы себептерді де ашып көрсету қажет.
Ең бастысы – қандай қызмет атқарсам да, журналистиканың негізгі миссиясынан алыстамау. Ол – қоғамға пайдалы, шынайы әрі тексерілген ақпарат жеткізу. Мен үшін кәсіби жетістік те осы міндетті қаншалықты жақсы орындай алғаныммен өлшенеді.
– Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз!