Жаңалықтар

Нысана көздеуден ӘЧ: Қазақстан құрамасы қола медаль алды

Нысана көздеуден ӘЧ: Қазақстан құрамасы қола медаль алды
Фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы 28.08.2023 16:41 551

Бүгін Әзербайжанның астанасы – Баку қаласында өтіп жатқан нысана көздеуден әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, стенд атудың трап бағдарламадасында Мария Дмитриенко мен Даниил Почивалов жұбы аралас командалық сында қола жүлдегер атанды. Олар 150 нысананың 141-ін дәл көздеді. Бас жүлдені Португалия мен АҚШ құрамасы сарапқа салды. Бұл сында Пиреней түбегінің өкілдері дәлірек болды.

Осы сында сапында Әлішер Айсалбаев пен Айжан Досмағамбетова бар еліміздің тағы бір құрамасы 21-орынға тұрақтады. Барлығы 46 құрама жүлдеге таласты.

Стенд атудан ұлттық құрама кейінгі жылдары халықаралық жарыстарда үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Биыл көктемде Алматы қаласында лицензиялық Әлем кубогының кезеңін өткіздік. Бұл – осы спорт түрін елімізде насихаттау жолындағы ауқымды жұмыстың бір көрінісі. Ал бүгін біздің құрамамыз әлем чемпионатының жүлдесін жеңіп алды. Аралас командалық сында үздік үштікті түйіндеген Мария Дмитриенко мен Даниил Почиваловты құттықтаймын! –  деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Париж Олимпиадасында стенд атудың трап бағдарламасында аралас жұптық сында жүлде сарапқа салынбайды, 2028 жылғы ойындарда болады. Оның орнын скит жаттығуындағы аралас жұптық сын басады.

Айта кетейік, осымен стенд атудан жарыстар аяқталды. Алдағы күндері жылжымалы нысана көздеуден үздіктер анықталады.

Әлем чемпионаты 1 қыркүйекте мәресіне жетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға