Нұрсұлтан Жақсыген үш жылға дейін сотталуы мүмкін: актерге қандай айып тағылды

Нұрсұлтан Жақсыген үш жылға дейін сотталуы мүмкін: актерге қандай айып тағылды
Фото: Видеодан кадр

Актер әрі әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алматы облысы Қарасай аудандық сотында оған қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.

Актерге қандай жаза тағайындалуы мүмкін?

Нұрсұлтан Жақсыгенге онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылып отыр. Егер оның кінәсі сотта дәлелденсе, актерге 3 000 АЕК-ке дейін, яғни 12 975 000 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазір Нұрсұлтан Жақсыген үйқамақта отыр. Бұған дейінгі сот отырысында оның адвокаты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын «ешқайда кетпеу туралы қолхатқа» ауыстыруды сұраған. Алайда істі қарап жатқан судья Шолпанқұлова бұл өтінішхатты қанағаттандырмады.

Бұрынғы жұбайымен арадағы дау

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Жақсыген мен оның бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызының арасындағы дау бұған дейін әлеуметтік желіде талқыланған.

Фариза Алмасқызы видео жариялап, ұзақ уақыт бойы өзі және отбасы туралы шындыққа жанаспайтын, ар-намысына нұқсан келтіретін ақпараттар таратылғанын мәлімдеген.

Ұзақ уақыт бойы бұрынғы жұбайым Жақсыген Н. мені тыныш қалдырмады. Бұл жағдай туралы көпшілік біледі. Осы уақыт аралығында менің және отбасымның атына қорлайтын әрі ар-намысымызға тиетін сөздер айтылып, мен туралы шындыққа жанаспайтын және абыройыма нұқсан келтіретін ақпараттар таратылды. Ұзақ уақыт бойы мен сабыр сақтап, мұның бәрі тоқтайды деп үміттендім, – деді ол.

Фариза Алмасқызы осы жағдайдан кейін заң көмегіне жүгініп, Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасына арыз түсіргенін айтқан. Сондай-ақ ол қолындағы дәлелдерді құзырлы органдарға тапсырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Фариза әлеуметтік желіде бірқатар жазба мен скриншотты да жариялаған. Сол материалдардың бірінде оның «боди қызметімен айналысатыны» туралы мәлімет айтылған.

Нұрсұлтан Жақсыген болса, сот ғимаратында журналист Руслан Өтепбайға пікір білдіріп, бұл жазбаның өзіне тиесілі екенін жоққа шығарды.

Қазір түрлі жалған парақшалар бар. Солардың атынан жазылған. «Боди массаж жасайды» дегенді мен жазған жоқпын, – деді актер.

Журналист одан бұрынғы жұбайы мен қайын жұртына қатысты басқа да жазбалар туралы сұрады. Жақсыген олардың да бір бөлігін өзі жазбағанын алға тартты.

Оны басқа біреулер жазған. Өзім балаларды көрсету туралы жазғам. Нұрсұлтан Жақсыген деп кез келген адам аккаунт ашып ала салады. TikTok-та жалған 10 аккаунт бар. Менің нөмірімді бұзып, осыларды жазған, – деді Нұрсұлтан Жақсыген.

Актердің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев та даулы парақшаның кімге тиесілі екенін анықтау қажет екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, қорғау тарапы тергеу кезінде осы мәселеге қатысты сараптама тағайындауды сұраған.

Нұрсұлтан жасаған болса, заң бойынша тиісті жазасын алады. Ешкім оны ақтап алайын деп тұрған жоқ. Егер Нұрсұлтанға күйе жағылып жатса, кімнің әрекеті екенін анықтау керек. Кінәлі адамдар жазасын алуы тиіс, – деді адвокат.

Қазір тараптардың уәждері сотта қаралып жатыр. Жарияланған жазбалар мен іс материалдарына құқықтық бағаны сот береді.

Оқи отырыңыз