Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев халқына өкпелі – ҰҚК бұрынғы төрағасы

Нұрсұлтан Назарбаев халқына өкпелі – ҰҚК бұрынғы төрағасы
Фото: Видеодан алынған кадр 16.01.2024 11:43 2491

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев TALK LIKE YouTube арнасына сұхбат беріп, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі жай-күйіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Амангелді Шабдарбаевтың сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Әбішұлы қазір халқына ренжулі, себебі ол көпшілік өзін шын жақсы көретініне сенген.

Нұрсұлтан Назарбаев бұлай болады деп ойлаған жоқ. Ол кісі халқым мені жақсы көреді, мені ғана елбасы деп таниды деп сенді. «Шал кет!» дегенді, адамдардың неше түрлі сөздерін естіп ол қазір халқына өкпелеп жатыр, - деді генерал-лейтенант.

ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Дінмұхамед Қонаев екеуінің арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталды.

Димаш Ахметұлы мен Нұрсұлтан Әбішұлы бір-біріне әке мен баладай болды. Бірақ небәрі жарты жылдың ішінде арасы суып кетті. Баласы билікке келген соң әкені шектеп тастады, көмектескен жоқ. Теледидардан да сөйлетпей қойды. Жасы үлкен кісіге көп керек емес қой. Кешірімді болуы керек еді. Көлікті бере сал, теледидардан сөйлет, іс-шараларға қатыстыра сал, несі кетеді?! Сол істегендері өзінің басына келуі де мүмкін. Қаңтардағы істен кейін президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да ол кісіге өкпелі болуы мүмкін, - деді Шабдарбаев.

Амангелді Смағұлы ұлттық гвардияны басқарған, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, оған дейін мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың күзет қызметін басқарған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға