Жаңалықтар

Нұрлан Қоянбаев 3 млрд долларға қандай фильм түсіруге болатынын айтты

Нұрлан Қоянбаев 3 млрд долларға қандай фильм түсіруге болатынын айтты
Фото: instagram.com/nurlankoyanbayev 26.10.2023 11:06 1429

Өзін продюсер ретінде танытып үлгерген Нұрлан Қоянбаев елді таныту үшін үлкен жобалардың орнына фильм түсіріп, сол арқылы да көпшіліктің қызығушылығын арттыруға болатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қоянбаев ЭКСПО-ға кеткен қаржыны фильм түсіріп-ақ тиімді жұмсап, тіпті пайдаға кенелуге болар еді дегенді алға тартты. Ал бұл туындыны әлемдегі ең танымал режиссерлердің бірі Джеймс Кэмеронға тапсыратынын да тілге тиек етті. 

Мысалы, ЭКСПО-ға қанша қаражат жұмсадық? 3 млрд ма? Ал ЭКСПО барлық қаншама елде өтіп жатыр. Бірақ қиялға ерік беріп, президент креативті жастардан: «Достар, 3 млрд бар, оны ЛРТ салуға жұмсай аламыз немесе өзге жобаға салуға да болады» десе, екеуміз «кино түсірейік» деп айтар едік. Бәрі «естерің дұрыс па?» дейтіні сөзсіз. «ЭКСПО секілді пиары болады, инвестиция да тартамыз» деп ойымызды дәлелдей түсеміз.

«Аватар» фильміне 100 млн доллар кетті. Джеймс Кэмеронға келіп «Аватардың» орнына біздің кең байтақ даламыз, қазақ тарихы туралы фильм түсірші» деп айтамыз. 500 млн долларды қолына ұстатып, «бұл сіздің сыйақыңыз, тағы 1 млрд беріп, осыған фильм түсіресіз» дейміз. Ол аң-таң, «сендер өзі кімсіңдер» деп аузын ашады. Жеңгеміз жүгіріп келіп шайын құйып жатады. «Біз ЭКСПО-ның орнына фильм түсіреміз деп шештік, соны өзіңіз мойныңызға алсаңыз, бірақ ең нашар рөлдің өзінде Леонардо Ди Каприо жүруі керек» деп талап қоямыз.

Әлем тек осы туралы жазады. «Қазақтар айдалада 3 млрд долларға фильм түсіріп жатыр, Джеймс Кэмерон Балқашта түнеп жүр екен» дейді. Түсіріп біткен соң трейлерін көрсетеді, ол енді сұмдық.

Соның өзінде бізде тағы  млрд доллар қалып тұр. Оны жарнамаға жұмсаймыз. Криштиану Роналдудың парақшасына 1 млн долларға бір пост, сосын тағы 300 мың долларға сторис, Месси, Бейонсе секілді ең танымал жұлдыздардың барлығына солай төлеп шығамыз. Сөйтіп 100 млн доллар кетті делік. Одан басқа да блогердің бәріне төлейміз, яғни қолында телефоны бардың барлығы сол трейлерді парақшасына салып шығады. Енді осыдан соң 8 млрд доллар тапқан «Кек алушыларды» басып оза аламыз ба? Әрине. Біз ЭКСПО-ның ақшасын орнына қоямыз, одан қалды қаншама хайп, танымалдылық, жарнама, тиісінше инвестиция келеді, - деді Қоянбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға