Нұрай Серікбайдың өлімі: Шерхан Аймаханға қатысты үкім өзгеріссіз қалды

Нұрай Серікбайдың өлімі: Шерхан Аймаханға қатысты үкім өзгеріссіз қалды
Фото: Нұрай Серікбайдың жеке архиві

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот алқасы шешім шығарды. Сот бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырып, Шерхан Аймаханға тағайындалған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырды. 

24 қыркүйекте Шымкент қалалық сотында істің апелляциялық тәртіппен қаралуы өтті. Сот отырысында сотталған Шерхан Аймаханның адвокаттары бірінші инстанцияның үкімін өзгертуді сұрады. Қорғау тарапы оны Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының 1-бөлігі – некеге тұруға мәжбүрлеу бойынша ақтауды, ал кісі өлтіру бойынша айыпты 99-баптың 1-бөлігіне қайта саралауды және басқа жаза тағайындауды өтінген. 

Ал Нұрайдың жақындарының мүддесін қорғаған тарап моральдық зиян үшін өндірілетін өтемақы көлемін 25 миллион теңгеден 10 миллиард теңгеге дейін арттыруды сұраған.

Прокурор бірінші инстанция сотының үкімін өзгеріссіз қалдыруды және апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмауды сұрады. Апелляциялық алқа істі қарап, бірінші инстанция сотының Аймаханның кінәлі екені туралы қорытындысымен келісті. Сот үкімді бұзуға немесе өзгертуге негіз жоқ деп таныды.

Осылайша, 2026 жылғы 24 қыркүйектегі қаулымен бірінші инстанцияның үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Сот актісі заңды күшіне енді. 

Нұрай Серікбайдың өлімі

Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте үйінің маңында қаза тапқан. Тергеу дерегіне сәйкес, оның танысы 28 жастағы Шерхан Аймахан қызды  35 рет пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Ол екі күннен кейін ұсталған. 

Нұрайдың отбасы бұған дейін Аймаханның қызды бірнеше ай бойы аңдығанын айтқан. Олардың мәліметінше, 2025 жылдың күзінде ер адам Нұрайды Алматыдан Шымкентке алып кеткен. Отбасы мұны қызды некеге мәжбүрлеу әрекеті деп бағалаған. Нұрайдың ағалары полиция қызметкерлерімен бірге оны үйіне қайтарған.

Кейін отбасы полиция мен прокуратураға бірнеше рет жүгінгенін мәлімдеген. Осы оқиғадан бірнеше ай өткен соң Нұрай қаза тапты. 

20 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрайдың өліміне қатысты жағдайды бақылауына алып, полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырған. Сол кезеңде Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылғаны белгілі болды. Ал полиция қызметкерлерінің некеге мәжбүрлеу туралы арызды тіркемегеніне байланысты қылмыстық іс қозғалған. 

Шерхан Аймаханға қандай жаза тағайындалды?

13 тамызда Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 28 жастағы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Сот оны Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп таныды: 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру – өмір бойына бас бостандығынан айыру; 125-1-бап – некеге тұруға мәжбүрлеу – 2 жыл бас бостандығынан айыру; 115-1-бап – сталкинг – 200 сағат қоғамдық жұмыс.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша оған түпкілікті жаза ретінде ерекше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған. Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, Нұрайдың отбасына 25 миллион теңге моральдық өтемақы және адвокат қызметіне кеткен 5 миллион теңге төлеуді міндеттеген.

Апелляциялық сот осы шешімнің бәрін өзгеріссіз қалдырды.

Оқи отырыңыз