2012 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, қытай жазушысы Мо Янның қазақ тіліндегі қос кітабының тұсауы кесілді.
Жазушылар одағының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде әлем әдебиетінің көрнекті өкілімен кездесу өткен. Іс-шарада жазушының әйгілі «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты публицистикалық жинағының тұсауы кесілген. Бұл қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды оқиға болды.
«Сарымсақ жыры» – Мо Ян шығармашылығындағы ең танымал туындылардың бірі. Жазушының өзіне тән магиялық реализм элементтері мен өткір әлеуметтік сынға құрылған бұл роман көптеген тілдерге аударылып, әлем оқырмандарының жоғары бағасына ие болған. Кітапты қазақ тіліне аударған - Төлеген Меллат.
«Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» – қазақ тілінде жарық көріп отырған Мо Янның тұңғыш публицистикалық жинағы. Кітапқа жазушының әр жылдары жазылған эсселері, әдеби толғаныстары, сұхбаттары мен публицистикалық мақалалары топтастырылған. Жинақта автордың әдебиет пен өнер туралы көзқарастары, шығармашылық зертханасы, заманауи қоғам жайлы пайымдары, сондай-ақ әлем әдебиетінің ірі тұлғаларына қатысты ой-толғамдары қамтылған. Кітап атауының өзі Мо Янь шығармашылығына елеулі ықпал еткен америкалық жазушы Уильям Фолкнерге деген рухани құрмет пен әдеби сабақтастықты аңғартады. Жинақты қазақ тіліне аударғандар - Еділбек Дүйсен, Әлихан Махаш.
Қазақ тілінде жарық көрген қос кітап – әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақ оқырмандарына жақындату жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар бұл басылымдар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына да өзіндік үлес қоспақ.
Шеберлік дәрісін оқыды
Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестікті іске асыруға бағытталған «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсының оқушыларына әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь арнайы дәріс оқыды.
Кездесу барысында жазушы көркем шығарма жазудағы тәжірибесі, қаламгердің ізденісі, әдебиеттегі адам болмысын бейнелеу мәселелері туралы ойларымен бөлісті. Мо Янь жас авторларға шығармашылық еркіндік, өмірлік тәжірибені көркем оймен ұштастыру және ұлттық құндылықтарды әдебиет арқылы жеткізудің маңызы жөнінде айтты. Әдеби шеберлік мектебінің оқушылары жазушыға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әлемдік деңгейдегі қаламгердің шығармашылық жолы мен жазу үдерісі туралы құнды кеңестер алды.
«Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсы жас буынның әдеби талғамын қалыптастырып, заманауи қазақ әдебиетінің дамуына серпін беретін маңызды шығармашылық алаңға айналып отыр.