Қазақстандықтар «Жақсылық жаса» акциясын белсенді қолдады

03.03.2016 5501
Жақсылық жаса

20 ақпанда бастау алған «#ЖақсылықЖаса!» SMM-жобасын еліміздің әр өңіріндегі отандастарымыз белсенді қолдап, шарапаты мол игі істерге ұйытқы болуда. «#ЖақсылықЖаса!» жобасымен жақынырақ танысып,  сіз де үлес қосқыңыз келсе dd.bnews.kz сайтына кіріп, істеген жақсылығыңыздың тарихын жүктеуге мүмкіндігіңіз бар.

Жобаның мақсаты – жақсылық, бейбітшілік, өзара қолдау, мейірімділік құндылықтарын әдетке айналдырып, қоғам арасында тарату. Аз ғана уақыттың ішінде #ЖақсылықЖаса және #ДелайДобро хэштегімен қазнетте еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам жазба мен бейнероликтер жарияланды.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында бастау алған #ЖақсылықЖаса және #ДелайДобро жобасана блогер Мақсат Төлегенов, «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Зарина Нұрланова, «Үй» қоғамдық қорының басшысы Аружан Сайын, «7 арнаның» атқарушы директоры Бахыт Әлпейісов, «Тенгриньюс» ақпараттық порталының бас редакторы Айбек Алдабергенов, Димаш Құдайберген, Мөлдір Әуелбековасынды өнер жұлдыздары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері келді.

Бүгінгі таңда «Жақсылық жаса» акциясының ауқымы кеңейе түсті. Қолынан келген жәрдемін аямай, жақсылық жасап жатқан қазақстандықтардың қатары көп. Аталмыш акция елімізде көмекке мұқтаж адамның жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтар көп екенін көрсетіп отыр.  Мәселен, алматылық кәсіпкер үш баласы сал аурына шалдыққан Шымкенттегі Елеуовтер отбасына 4 бөлмелі пәтер сыйға тартты. Отбасы 1 наурыз күні қоныс тойын тойлады. 5 баланың әкесі Әлихан Елеуов жұмысын тастап, балаларды қарауға көмектесуге мәжбүр болды. Мемлекет төлейтін жәрдемақы дәрі-дәрмек, азық-түлік пен пәтер ақысына кетеді. Ал пәтер тізімінде отбасы 5164-орында тұр. Жергілікті БАҚ өкілдері Елеуовтер отбасы туралы жазғаннан кейін қазақстандықтар қол ұшын соза бастаған. Біреу қаржылай көмек көрсетсе, екіншісі азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ал алматылық кәсіпкер әйел отбасыға 4 бөлмелі пәтер сыйлады.

26 жастағы Қарағанды тұрғыны Нияз Сүндетәлиев өзінің емделуіне жиналған 5 миллион 584 мың 504 теңгені қайырымдылық қорына берді.

 

«Біздің қор үшін Нияздан балаларға көмек алу үлкен құрмет. 5 миллион 584 мың 504 теңге «Балаларға өмір сыйла» жобасына берілді. Нияз, сіздің жанашырлық жәрдеміңіз жай ғана ақша емес, көмекке мұқтаж балаларды емдеуге үлкен мүмкіндік болып отыр», – деп жазды Аружан Саин қордың Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.

Қарағандылық Нияз Сүндетәлиев омыртқасын зақымдап алып, төрт жылдан бері төсек тартып жатыр. Осы уақыт ішінде Нияздың достары оның еміне бес миллион теңгеден астам қаржы жинаған екен. Нияз жиналған қаражатты «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорына аударды.   

«Бұл шешімді қабылдау оңай болмады, бір-екі жылда маған ота жасалмайды. Өкінішке қарай, талдау көрсеткіштері көңіл көншітпей отыр, ал жиналған ақша балалардың еміне шұғыл қажет болуы мүмкін. Бүгін қаржыны Қоғамға аударуға шешім қабылдадым», – дейді Нияз. 

«Жақсылық жаса» акциясынан жастар да шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, әлеуметтік желілердің пайдаланушылары түрлі қайырымдылық іс-шараларын  ұйымдастырып жатыр. Осылайша, Астана қаласының 11-сынып оқушысы Айдана Кентаева ізгі жобаны қолға алған. Ол «Артем» базарының жанында қайыр сұраған әжейді көргеннен кейін қол ұшын созуды жөн көрген. Оның аясында Айдана достарымен бірге бірнеше дүкенге арнайы себет орнатып, қайырымды жандарды қарт адамдарға азық-түлік сатып алуға шақырады. Кейін олар жиналған азық-түлікті қарияларға таратып береді.  Жеткіншек алдағы уақытта азық-түлік себеттерін ірі сауда орталықтарына қоюды көздейді.

Бұдан бөлек, зейнеткерлердің ауласын тазартып беру, үйін жинау, мүгедектер мен зейнеткерлерге такси қызметін ұсыну, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне демалыс ұйымдастыру секілді ізгі істер де жетерлік. Мінеки, қазақстандықтар немқұрайдылық танытпай, «Жақсылық жаса» акциясына ерекше белсенді қатысып жатыр.

«#ЖақсылықЖаса!» SMM-жобасының қазақ және орыс тіліндегі dd.bnews.kz домендік атауымен сайты ашылғанын естеріңізге саламыз.   

«Біз жобаны ілгерілетуді қуана қолға алып, сайт әзірледік. Әлемде әрқашан жақсылық, қайырымдылық, мейірімділік секілді мәңгі құндылықтарға орын бар. Нақ осы құндылықтар бізге кез келген қиын уақытта адамгершілік келбетімізді сақтауға көмектеседі. Өмір игі істер жасауға берілген. Халық даналығы осындай. «Жақсылық жаса» жобасының даму қарқыны осыны айғақтайды», – деді «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Зарина Нұрланова.

Оның айтуынша, «ЖақсылықЖаса!» жобасының сайты еліміздегі игі істердің шежіресін жасауға мүмкіндік береді. «Әрбір адам сайтта өз жақсылығының тарихын қалдыра алады. Біздің порталдың адресі – dd.bnews.kz. Біз әрбір пайдаланушы үшін ыңғайлы интерфейс жасауға тырыстық. Мен барлық адамдарды осы сайтта өзінің игі ісімен бөлісуге шақырамын», –  деді ол.

dd.bnews.kz сілтемесі арқылы бірегей жоба туралы толық ақпарат алуға болады.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Ұқсас материалдар