Neuralink жаңа мүмкіндіктерін көрсетті: енді телефон сіздің ойыңызды оқи алады

Neuralink жаңа мүмкіндіктерін көрсетті: енді телефон сіздің ойыңызды оқи алады
Фото: AI көмегімен жасалды

Илон Маск негізін қалаған Neuralink компаниясы сөйлеу қабілетінен айырылған немесе тіл кемістігі бар адамдарға көмектесуге арналған технологиясының жаңа мүмкіндіктерін таныстырды.

Енді ми сигналдары арқылы телефонмен сөйлесуге, ойша берілген пәрмендермен Grok жасанды интеллект агентін басқаруға және сөйлеуді тану жүйесін қолмен іске қоспай-ақ тілдесуге болады.

Бұдан бөлек, компания iPhone қосымшаларында нейросигналдар арқылы мәтін теру мүмкіндігін сынақтан өткізді. Бұл технология пайдаланушыға әдеттегі пернетақтаны қолданбай-ақ хабарлама жазуға жол ашады.

Аталған жаңалықтардың барлығы адамның миындағы сигналдарды құрылғыларға түсінікті пәрменге айналдыратын нейрокомпьютерлік интерфейс (BCI) технологиясына негізделген. Жүйе адамның сөйлеуге деген ниетін білдіретін нейрондық сигналдарды қабылдап, оларды сөзге айналдырады.

Жаңа мүмкіндіктер Neuralink компаниясының VOICE клиникалық зерттеуіне қатысып жүрген еріктілердің бірі арқылы көрсетілді. Зерттеудің негізгі мақсаты – сөйлеу қабілетінен айырылған адамдардың қайтадан тілдесуіне көмектесу.

Grok-ты ойша берілген пәрменмен басқаруға болады

Жаңа функциялардың бірі пайдаланушыға «Сәлем, Neuralink» деген сөзді ойша айтып, одан кейін қажетті тапсырманы тұжырымдау арқылы Grok жасанды интеллект агентін іске қосуға мүмкіндік береді. Осыдан соң агент берілген тапсырманы компьютерде өздігінен орындайды.

Neuralink өкілдері бұл мүмкіндікті нейрокомпьютерлік интерфейстердің жасанды интеллект жүйелерімен тікелей байланыс орнатуға жол ашатын алғашқы тәжірибелерінің бірі деп бағалады.

Компания сонымен қатар адамның сөйлеуге ниеттенген сәтін автоматты түрде анықтайтын нейрондық жүйені әзірледі. Бұрын зерттеуге қатысушылар сөйлеу сигналдарын жазып алу және кейін сөзге айналдыру үшін арнайы батырманы басып, жүйені қолмен іске қосуға мәжбүр болатын.

Енді құрылғы адамның сөйлеуге әрекеттенгенін өзі анықтап, сигналдарды сөзге айналдыру үдерісін автоматты түрде бастайды немесе тоқтатады. Бұл физикалық басқару құралдарына деген қажеттілікті азайтып, қимыл-қозғалысы шектеулі адамдардың қарым-қатынас жасауын жеңілдетуі мүмкін.

Ми белсенділігін нақты уақыт режимінде бақылауға болады

Neuralink ми белсенділігін нақты уақыт режимінде көрсететін визуализация жүйесін де таныстырды. Ол имплант тіркеген нейрондық сигналдардың қарқыны мен таралуын бейнелейді.

Осы көріністер арқылы зерттеуге қатысушылар сөздерді ойша айтудың түрлі тәсілдерін байқап, қай нұсқада нейрондық белсенділік күштірек болатынын анықтай алады. Компанияның пайымынша, мұндай тәжірибелер алдағы уақытта сөйлеуді тану дәлдігін арттыруға көмектесуі мүмкін.

Енді ми сигналы арқылы телефонмен сөйлесуге болады

Тағы бір маңызды жаңалық – нейрокомпьютерлік интерфейс арқылы қалыптастырылған сөздерді iPhone телефонындағы қоңырауға тікелей жіберу мүмкіндігі. Бұл үшін жүйе арнайы сөйлесу қосымшасын пайдаланбайды. Оның орнына құрылғы синтездеген дауысты телефонның микрофоны арқылы берілетін аудиосигналға қосады. Соның нәтижесінде телефонның арғы жағындағы адам құрылғы қалыптастырған дауысты ести алады.

Сынақ кезінде зерттеуге қатысушылардың бірі осы технологияның көмегімен жұбайына телефон шалған. Neuralink өкілдерінің айтуынша, ерлі-зайыптының бір-бірімен танысуына да кезінде телефон арқылы сөйлесуі себеп болған. Сондықтан бұл тәжірибе екеуі үшін ерекше мәнге ие болды.

iPhone-да пернетақтасыз мәтін теру мүмкіндігі пайда болды

Компания iOS жүйесіндегі пернетақтамен біріктірілген тағы бір функцияны сынақтан өткізді. Ол пайдаланушыға нейрондық сигналдардың көмегімен түрлі қосымшада мәтін теруге мүмкіндік береді.

Бұл әсіресе бүйірлік амиотрофиялық склероз (БАС) сияқты ауруларға шалдыққан адамдар үшін маңызды болуы мүмкін. Себебі мұндай дертке шалдыққандарға кәдімгі пернетақтаны пайдалану немесе дауыспен мәтін енгізу қиынға соғады.

Сонымен қатар Neuralink ми сигналдары арқылы ойша айтылған сөздерді мәтінге айналдыратын Bloom мобильді қосымшасын да жетілдірді. Жаңартылған нұсқада қате танылған сөздерді түзетуге арналған жылдам өңдеу жүйесі бар. Бұдан бөлек, телефонның құлпын ашпай-ақ сөйлесуді бастауға мүмкіндік беретін экран функциясы қосылған.

Аталған жаңартулар VOICE зерттеуіне қатысушының үйінде өткен 72 сағаттық инженерлік марафон барысында әзірленген. Бұл жұмысқа компания инженерлері қатысушымен және оның жұбайымен бірге атсалысқан.

Оқи отырыңыз