Жаңалықтар

Несиені қалай тез жабуға болады?

Несиені қалай тез жабуға болады?
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 23.08.2023 15:22 1714

Бүгінде қалаған дүниесіне қол жеткізуге қаржысы жетпей тұрса несиеге ала салуға дағдыланғандар көбейген. Несие мүмкін керек-жарағыңызды алуға қолайлы шығар, десе де оның кері жақтарын да ескерген жөн. Себебі қарыз адамды қаржылай қыспаққа алып қана қоймай, моральдық тұрғыдан да мазасын қашырады. Осы орайда El.kz ақпараттық агенттігі несиеден тез құтылудың жолдарын қарастырып көрді.

Қарызды төлеуді кейінге қалдырмаңыз

Кейбір адамдар ақшамның басым бөлігін жинап алып барып қарызымды төлеген ыңғайлы болады деп ойлайды. Алайда бұл жерде мұндай пікірдің қате екенін айта кеткіміз келеді. Мәселен, айына 30 мың теңге төлеудің орнына оны жинап 90-120 мың қылып төлеген тиімсіз. Оның орнына айына сол 30 мыңның өзін төлеп отырған әлдеқайда дұрыс шешім болмақ.

Артық төлем жасап отырыңыз

Шамаңыз келсе несиені артығымен төлеп отыруға тырысыңыз. Себебі банк сізге ай сайынғы белгіленген соманы ғана төлету арқылы табыс табуды көздейді. Сондықтан несиені барынша тезірек қайтаруға тырысу қажет. Сол кезде оның банк арқылы сізге артылатын артық төлемі де азаятын болады.

Ең үлкен несиеңізді бірінші жауып тастаңыз

Егерде сіздің бір емес, бірнеше кредитіңіз болса, алдымен пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары қарызыңызды жауып тастағаныңыз абзалырақ болады. Себебі неғұрлым көп ақшаны несиеге алсаңыз, соғұрлым үстемақысы да жоғарылайды.

Сондай-ақ кредиттің мерзімін бақылауда ұстау қажет. Уақытын өткізіп алсаңыз, артынан пайыздың мөлшерлемесі көбейе түскен қарызыңызды төлей алмай, қиналып қалуыңыз мүмкін.

Үнемдеңіз

Ай сайынғы кірісіңіз бен шығысыңызды үнемі бақылап отырыңыз. Сізге аса қатты қажеті жоқ шығындардың санын азайтуға кеңес береміз. Мәселен, сырттан тамақтану, әшекей-бұйымдарды сатып алу сынды қажеттіліктеріңізден уақытша бастарта аласыз. Осылайша сіз ақшаңыздың қайда жұмсалып жатқанын бақылай отыра, несиеңізді тез жабуға әрекет етесіз.

Қосымша табыс көзін қарастырыңыз

Егер кредитіңізді төлеуге шамаңыз жетпей жатса, қосымша жұмыс істеуден тартынбаңыз. Қосымша табыс көзін қарастыру арқылы біраз пайда табуға болады. Өзіңіздің басты жұмысыңыздың уақытымен сәйкестендіріп, жеңіл қызмет орындарын, болмаса онлайн істейтін жұмыс түрлерін таба аласыз.

Несиені толығымен жапқаныңызға көз жеткізіңіз

Кредитіңізді жауып біткен соң банктен ешқандайда қарызыңыздың жоқ екендігі туралы анықтама алыңыз. Өйткені сіз банкке әлі де тиын-тебен қарыз екеніңізді білмей қалсаңыз, оның пайыздың мөлшерлемесі ай сайын үсті-үстіне қосыла береді. Кейін сіз ауыр шығынға батып, қарызыңызды төлеуге мәжбүр боласыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға