Жаңалықтар

Несие құрсауындағы Қазақстан. Үкімет қаржылық сауатты қалай арттырады

Несие құрсауындағы Қазақстан. Үкімет қаржылық сауатты қалай арттырады
Фото: t.me/mazhilis_kz 23.10.2023 17:40 3106

Соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артып келеді. Қазіргі уақытта 8,4 млн халықтың мойнында 18 трлн теңге несие бар. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн-қарыз рәсімдеген. Бұл сандарды азайтуға 2019 жылғы кредитті кешіру науқаны көмектесе алмады. Осы орайда халықтың шамадан тыс кредит алуы мен қаржылық сауаты мәселесі Парламент мінберінде көтерілді. Депутаттар бұл статистиканы жақсарту үшін Үкіметтің қандай шаралар қабылдайтынын сұрады.


Қазақстанның
8,4 млн тұрғынында несие бар

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, тұтыну несиесін беру сегментінде кейінгі үш жылда өсім байқалды. Қазақстандықтар 18 трлн теңгеге несие алған. Ал несие алушылар саны 8,4 миллионнан асты. Салыстырмалы түрде, 2023 жылы бюджетке жалпы 17,8 трлн теңге түседі деп жоспарланса, алынған несиелер көлемі одан да асып отыр.

Проблемалық қарыздар бойынша, 1,7 млн қазақстандық 90 күннен астам уақыт бойы несиесін төлей алмай жүр. Олардың қарызы 1,4 трлн теңгеден асады.

Одан бөлек, ел тұрғындары рәсімдеген онлайн-микрокредиттер көлемі 197 млрд теңгені құрайды, қарыз алушылар саны 1,09 млн адамға жетті. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.

Қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Көбінің айтатыны – несиеге тәуелділік. Бұл жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналды, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Парламенттік тыңдауда AMANAT партиясы бастаған «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сарапшысы Мақпал Шеңгелбаева сөз сөйлеп, Түркістан облысында 4 мыңға жуық адамды оқытқанын, қатысушылардың кем дегенде 2-3 несиесі бар екенін айтты.

Олардың ең басты қателігі – несиенің пайызын есептеуді білмеген және қарыз төлемін өз табысына қарай жоспарлай алмаған. Әсіресе, жастар, көпбалалы аналар, жұмыссыз тұрғындар несие құрсауында қалып отыр. Жастар несиесі барын ата-анасынан жасыруға тырысады. Мұның басты себебі – қаржылық сауаттың болмауы. Сабақ барысында әрбір несиенің үстемеақысын есептеп көрсеткенде, қайран қалады, неге ойланбастан несие алдық деп өкінеді. Оған қоса, халық несиемен ауыра бастады, бір қарызын жапса, екінші рет алғысы кеп тұрады, - дейді сарапшы.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 500 мың азаматтың кепілсіз кредитін кешіру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл шешім мәселені одан әрі ушықтырып жібергендей.

Өкінішке қарай, 2019 жылы кредит кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторында кредит көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалық кредиттер де өсіп кетті. Егер мемлекет қаражатын бөліп, қайта-қайта кешіре берсек, одан да көп жаңа кредиттер көбейеді, - дейді Мәдина Әбілқасымова.

 

Халық несиені қандай себептермен алады

Өз сөзінде Ерлан Қошанов адамдардың ойланбастан несие ала бастағанын, мүлдем қажет емес заттар үшін қарызға бататынын атап өтті.

Халықтың несиесін жаба алмауына қаржы институттарының да үлесі бар деп ойлаймын. Қаржы институттары жарнамаларын кеңінен жариялап жүр. Бұл ретте, несие алу процедурасының жеңіл болуы да өз ықпалын тигізді. Қазір 14-16 жастағы жасөспірім де смартфон мен интернет арқылы оңай несие рәсімдей салады. Бұл жаста қаржылық жауапкершілік алған дұрыс па? Кейін бұл несиелерді олардың ата-аналары мен ата-әжесі төлейді, – деді Е. Қошанов.

Оның сөзіне қарағанда, адамдар ойланбастан несие ала бастады. Кейде мүлдем қажет емес заттар үшін қарызға батады.

Екі немесе одан да көп несие алу әдеттегі тәжірибеге айналды. Бір адам микроқаржы ұйымдарынан жиырмаға дейін несие алған жағдайлар бар. Сосын осы қарыздан құтылмақ болғандар бұрынғысын жабу үшін жаңа несие алу үшін банктерге қайта-қайта жүгінуге мәжбүр. Мұндай мысалдар көп, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен бірге, AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Қарызсыз қоғам» жобасына республиканың 8 өңірінде 52 мың адам қатысқанын, қатысушылар арасында несиені қандай себеппен алғаны туралы сауалнама жүргізілгенін айтты.

Көпбалалы отбасылар балаларын киіндіру үшін несиеге жүгінетінін білдік, әсіресе 1 қыркүйек жақындағанда мектеп киіміне көп шығынданады. Сосын қыс жақындағанда тұрғындар жаппай көмір сатып алады. Бала саны көбейген сайын үйдің ауқымы да өседі, үй жанынан қосымша бөлме салуға, техникаға, той-салтанаттарға несие алу фактілері бар. Оған қоса, азық-түлік күннен күнге қымбаттап барады. Тіпті дүкеннен нан алмай, 4-5 қап ұн алып, үйде нан пісіріп жан бағып отырғандар бар. Қазір мектептегі балаларды тегін тамақтандыру осы отбасыларға үлкен көмегін тиігізіп отыр, - деді Эльдар Жұмағазиев.

Партия хатшысының айтуынша, жастардың несиеге әуестігі ерекше алаңдатуда. Жастардың 85% техника-смартфон секілді гаджеттерге әуестеніп несие алған. Сондай-ақ, жеткізу жұмысымен айналысып, табыс табу үшін самокат-мопед алғандар бар. Ал тек қана 5 пайызы өз білімін жетілдіруге, тағы 5 пайызы – бизнес ашуға қарыз алған.

Ең ауыры – зейнеткерлердің жағдайы, бізге оқуға келген зейнеткерлердің ешбірінің мойнында өзінің қарызы болған жоқ, олар балалары мен немерелерінің несиесін өз зейнетақысынан төлеп отыр. Жалпы 7 айда түйгеніміз – «Қарызсыз қоғам» курсына қатысқандардың 61% банктерге қанша үстемеақы төлейтінін білмеген. Қолында несие туралы келісімшарт та, төлеу графигі де жоқ. Ал 69% қатысушының ертеңге күнелтетін ақшасы жоқ. Сондай-ақ, қатысушылардың 80% табысты арттыру жолдарын үйренгісі келеді. Соған байланысты, халықты жаңа дағдыларға оқытуға қаражат бөлу керек деп есептейміз, - деп ұсынды партия өкілі Қаржы министріне.

Қарыз алушылардың құқығы қалай қорғалады

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Қазақстандағы қарыз алушылардың құқығын қорғауды күшейту үшін заңнамалық түзетулер пысықталып жатыр. Түзетулер топтамасы халықтың шамадан тыс несие алуын төмендетуге және борыштық жүктеменің өсуін шектеуге, алаяқтыққа қарсы іс-қимылға, тұтынушылардың құқығын қорғауға, банк омбудсманының қызметін күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, жастар арасында проблемалы қарыздың өсуін ескере отырып, 21 жасқа толмаған азаматтарға тек ресми табысы болған жағдайда ғана несие беру талабын енгізу ұсынылған.

Сондай-ақ, борышкерлер кейбір заңнамалық кедергілер салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отыр. Биыл 3 наурыздан бастап банкроттыққа 69 мыңнан астам өтініш түссе, оның 80 пайыздан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмеген. Оның негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеуі. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 8 млрд теңге қарызы бар 5,7 мың адам ғана банкрот деп танылды.

Қаржылық сарапшы Мақпал Шеңгелбаева да жеке тұлғалардың банкроттығы заңына қатысты бірнеше ұсыным жасады.

Соттан тыс банкроттық туралы арыз беру үшін 12 ай ішінде қарыз өтелмеуі керек деп жазылған. Одан кейін қарызды кешіктіруге емес, қайтару фактісіне неліктен баса назар аударылғаны түсініксіз. Біз бұл талапты 6 айға дейін қысқартуды ұсынамыз, өйткені адам несиесін 3 ай төлей алмаса, әрі қарай төлем мүлдем қиындайды. Екіншіден, қарыз алушы заң бойынша қарызды өтеу рәсімін жүргізуге міндетті. Яғни, берешекті өтеу бойынша шаралар қабылданғанын растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуы керек. Егер банк немесе микроқаржылық ұйым мұндай құжатты бермесе, онда тұлға банкроттық туралы арыз бере алмайды. Бұл қажетсіз талапты жою керек деп ойлаймыз. Үшіншіден, заңда 5 жыл бойы берешегі бар борышкерлерге оңтайландырылған талаптар көрсетілген. Бұл мерзімді 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартуды ұсынып отырмыз, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, коллекторлық агенттіктердің кейбір қызметтеріне шектеу енгізіледі, проблемалы кредиттерді коллекторлық ұйымдарға сатуға тыйым салынады. Бұл шектеулер коллекторлық нарықтың толық тоқтауын білдірмейді. Коллекторлар проблемалы кредиттерді сатып алмай-ақ, оларды өндіріп ала береді. Алайда бұл несиелер қаржы ұйымдарында қалады және олар проблемалы борышкерлермен жұмыс үшін жауапты болады.


«Қарызсыз қоғам» - п
артиялық жобадан ұлттық бағдарламаға дейін

Халықтың шамадан тыс кредит алуы талқыланған парламенттік тыңдауда «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімдігі ерекше аталды. Бастапқыда оны AMANAT партиясы халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін пилоттық жоба ретінде бастаған еді. Оған демеушілік еткен Halyk Bank халықты оқыту жұмыстарына 500 млн теңге бөлген. Жобада несиесі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер 5 күн бойы білім алады. Бүгінде 52 мың тұрғын қаражатын тиімді жоспарлауды, отбасы бюджетін қалыптастыруды, несие алу мен қайтару ережелерін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын және табысты бизнес құру жолдарын үйренді. Дәлірек айтқанда, 45 адамға банкроттық рәсімдеуге, 1 181 адамның несиесін қайта құрылымдауға көмек көрсетіліп, 16 мыңға жуық бизнес-жоспар жазылған, 2551 адамға депозит ашылып, екі мыңнан астам адамға жеке кәсіпкерлік рәсімдеуге көмек көрсетілген.

Мәжіліс мінберінде Түркістан облысы Түлкібас ауданынан келген Мөлдір Тұрысбекова бір басында бірнеше несие бар екенін, «Қарызсыз қоғам» жобасының қандай көмегі тигенін айтып берді.

«Өзім кредит алғанда пайызына мүлдем қарамаппын. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқу барысында көптеген мәселені шешіп алдым. Өзім қарызға үйренгендіктен бе, балаларым да қарызға бейім. Дүкеннен қарыз алғалы жатсам, “анашым, мен де алайыншы” дейді. Балаларға ондай нәрсені үйретпеуге тырысып жүрмін. Қазіргі айлық табысым – 131 мың теңге, жәрдемақым – 55 мың теңге. Ал кредитім - 250 мың теңге. Ол кредитті мен төлеп жатқан жоқпын. Банк шоттарымды бұғатттап тастады. Қаржы сарапшыларының арқасында заңгерлермен кеңесіп, шоттарымның біреуін ғана аштым. Қалғаны жұмыс үстінде. Енді аз пайызбен несие алуға мүмкіндік берсе, бизнес ашқымыз келеді», - деді ол.

Аз ғана уақытта өз тиімділігін көрсеткен партия жобасы жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін барша халық көруі керек деген еді. Жоба үшін бұл үлкен жеңіспен парапар.

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағындағы халық қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, 16 қыркүйекте «Қарызсыз қоғам» жобасының орындалуы Үкіметте қаралды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейтетін жол картасын және қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысы туралы Ережені дайындады. Жобаны жүзеге асыру үшін барлық өңірде жобалау кеңселері ашылады.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржы сауаттылығын арттыру. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржы сауаттылығы курстарын енгізу пысықталып жатыр. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде. Ол үшін әдістемелер мен оқу құралдары дайындалады. Нәтижесінде осы бағыт шеңберінде 550 мың оқушы мен студентті оқыту жоспарланған.

Тағы бір айта кетерлігі, жоба сарапшылары тұрғындар арасында үнемдеу мәдениетін насихаттағысы келеді.Мәселен, Алматы облысы Ақши ауылындағы отбасылық жұп баласы 1-сыныпқа барғанда депозит ашқан. Өзі еден жуушы, күйеуі – құрылысшы. Екеуі бірігіп, артық ақшаны депозитке жинай берген және қазір баласы 8-сыныпта оқыса, есепшотында 15 млн теңге жиналған. Қаржылық сауатқа келгенде ел ішінде осындай позитивті мысалдар да жетерлік.

Жыл соңына дейін «Қарызсыз қоғам» жобасында 60 мың адамды оқыту жоспарланса, келесі жылдан бастап – бірден 750 мың адамды оқыту көзделген. Оның ішінде мектеп оқушылары, колледж бен ЖОО студенттері және 200 мың ауыл-қала тұрғындары бар. Қаржылық сауатты үйрететін қазіргі 60 маман келесі жылы 200-ге дейін көбейеді.

Оған қосымша Amanat партиясы жанынан халыққа қызмет ететін колл-центр ашылады және «Қарызсыз қоғам» онлайн платформасын жасалады. Сондықтан олар локалды түрде әрбір ауданда отырады және халыққа күнделікті ақыл-кеңес береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға