Негізгі ҰБТ басталды: формат, шекті балл және емтихан ережелері қандай?

 gov.kz
Фото: gov.kz

10 мамырда Қазақстанда негізгі ҰБТ басталды, ол 10 шілдеге дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінде мәлім етілді.

74 пайызы – қазақ тілінде

Тестілеуге қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген. Екі мүмкіндік ескерілгенде, барлығы 446 мыңнан астам өтініш қабылданған. Оның ішінде талапкерлердің 74 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыруды таңдаса, шамамен 26 пайызы – орыс тілінде, ал 851 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтеді.

«Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және өтетін орнын өздері таңдады. ҰБТ-ның алғашқы күні ел бойынша 926 адам тест тапсыруда, оның ішінде 359 талапкер Астанада. Жалпы, ҰБТ 45 тестілеу орталығында ұйымдастырылған», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов.

Ең танымал пәндер

Байжановтың айтуынша, бірнеше жылдан бері ең танымал бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика–Физика». Оны талапкерлердің 17,9 пайызы таңдаған. Бұл инженер, мұғалім, энергетик, құрылысшы және басқа да техникалық мамандықтарға қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Келесі орында – «Биология–Химия» (14,5 пайыз). Бұл комбинацияны болашақ медицина саласын таңдағандар жиі алады. Ал үшінші орында «Шығармашылық емтихан» (12,4 пайыз), ол шығармашылық бағыттағы талапкерлер арасында сұранысқа ие.

ҰБТ қалай өтеді

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті пән және екі бейіндік пән тапсырады. Барлығы 120 тапсырма беріледі:
– 20 сұрақ – «Қазақстан тарихы»;
– 10 сұрақтан – «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық»;
– 40 сұрақтан – екі бейіндік пән бойынша.

Ең жоғары нәтиже – 140 балл.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.

Талапкерлерге қандай мүмкіндіктер бар

Қаңтар және наурыз айларындағы тестілеуден өткен талапкерлерге әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылған. Бұл оларға әлсіз тұстарын анықтап, дайындықты күшейтуге мүмкіндік береді. Бірінші мүмкіндіктен кейін екінші тестке дайындалуға уақыт беріледі.

Сонымен қатар, сынама тестілеуден өту мүмкіндігі бар. Ұлттық тестілеу орталығының сайтында:
– тапсырмалар жасалған әдебиеттер тізімі мен тест спецификациясы;
– Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша 100 тарихи дата;
– информатика терминдері;
– қазақ және орыс әдебиеті шығармаларының тізімі жарияланған.

Емтихан кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Қағаз нұсқалары да беріледі.

Талапкерлер апелляцияны тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Апелляция нәтижесі шыққан соң сертификат жеке кабинетте қолжетімді болады.

Өтінішті комиссия отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алуға болады. Бұл жағдайда сертификат бір жұмыс күні ішінде қайта жарияланады.

Шекті балдар

Шекті балл өзгеріссіз қалды:
– ұлттық ЖОО-ларға – 65 балл;
– басқа ЖОО-ларға – 50 балл;
– «Педагогикалық ғылымдар» – 75 балл;
– «Денсаулық сақтау» – 70 балл;
– «Құқық» – 75 балл.

Сонымен қатар, Қазақстан тарихы мен екі бейіндік пәннен кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» кемінде 3 балл жинау қажет.

Жоғары оқу орындары өз шекті балдарын да белгілеуі мүмкін.

Емтихан кезінде қауіпсіздік күшейтілген. Талапкерлер тексерістен металл детекторлар арқылы өтеді. Ұялы телефон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып кіруге болмайды.

Аудиторияларда байланыс сигналдарын басатын құрылғылар орнатылып, бейнебақылау жүргізіледі.

ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбалар тексеріледі. Егер ереже бұзушылықтар анықталса, талапкердің нәтижелері (соның ішінде грант болса да) жойылады.

Контекст

Бұған дейін 2027 жылдан бастап Қазақстанда ҰБТ-ға балама ретінде жаңа AIT (Admission Insight Test) тесті енгізілуі мүмкін екені хабарланған. Оның басты артықшылығы – халықаралық деңгейде мойындалуы.

Оқи отырыңыз