Қазақ пен қырғыз кездескен көкпардың тартыссыз өткені сирек. Екі елдің ұлттық құрамалары арасындағы бәсеке жанкүйерлер үшін де ерекше маңызға ие. Жақында Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы нәтиже де қоғамда қызу талқыланды. Қырғыз көкпаршыларының басымдығы неде? Бұрын көкпар қалай ойналды? Қазақстан құрамасына не жетіспейді? Осы сауалдарға көкпар бапкері, ұлттық спорт жанашыры Дербіс Байділдаев жауап беріп, қазақ көкпарының өткені мен бүгінгі мәселелеріне тоқталды.
Бұрынғы көкпар мен қазіргі көкпардың өзгешелігі неде?
Көкпар ардагерінің айтуынша, қазақ пен қырғыз арасындағы көкпар бәсекесін тек соңғы жылдардағы халықаралық жарыстармен байланыстыру дұрыс емес, тарихы әлдеқайда тереңде жатыр.
Қазақ пен қырғыздың арасындағы көкпар қай уақытта болса да өте тартысты өтеді. Өйткені тартыс болмаса, көкпар көкпар бола ма? Қазақ көкпары 1950-60 жылдары қайтадан бас көтере бастады, – дейді Дербіс Байділдаев.
Оның сөзінше, осы кезеңде Әбілхан Дауылбаев, Сәриев, Оразқожа Сейдахметов, Зұлпыхар Тайырбеков сынды белгілі көкпаршылар ұлттық ойынды кейінгі буынға жеткізуге үлкен үлес қосқан.
Дәстүрлі көкпарда ауыл-ауылдан жиналған шабандоздар серкеге таласып, оны алып кеткен ауылдың жігіттері мерейлі болған. Кейін салым көкпар қалыптасып, шабандоздар белгілі бір межеге серке салу арқылы жеңімпазды анықтай бастаған.
Қазір көкпар тек ат үстіндегі күш сынасу емес. Командалық көкпарда ойыншылардан бастап аттарға дейін тіркеліп, жарыс төрешілердің бақылауымен өтеді.
Байділдаевтың айтуынша, қазіргі ел чемпионаттары ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында ұйымдастырылады. Аттардың жарақат алу қаупін азайтуға да ерекше мән беріледі. Жарысқа тіркелген аттарға чип орнатылып, олар ойын алдында тексеріледі.
Бұрынғы дәстүрлі көкпар мен қазіргі командалық көкпар – екі бөлек дүние. Қазір бәрінің тәртібі бар. Төрешісі, ойыншының формасы, аттардың тіркелуі – барлығы қадағаланады, – дейді ол.
Көкпар мен көк бөрінің айырмасы қандай?
Қазақ пен қырғыз арасындағы бәсекені түсіну үшін көкпар мен көк бөрінің айырмашылығына да назар аудару қажет.
Байділдаевтың сөзінше, екі халықтың ойынының түпкі негізі ұқсас болғанымен, кейін командалық форматтар әртүрлі бағытта дамыған. Қырғызстанда көк бөрі тайқазанмен ойналса, Қазақстанда жердегі шеңберге салым салатын мәре көкпарға басымдық берілген.
Қазақстанда өзіміздің мәре көкпарымызға қатты көңіл бөлінеді. Шабандоздардың физикалық дайындығы, аттарды дайындау жүйесі бар. Ал қырғыздар көк бөріні жыл бойы ойнайды. Оларда турнир көп, ел чемпионаты, президент кубогы, облыстық, аудандық жарыстар өтеді. Сондықтан олардың осы ойынға дайындығы өте жоғары. Мұны мойындау керек, – дейді бапкер.
Неге қырғыздар көк бөріде басым?
Дербіс Байділдаев мәселені тек шабандоздардың шеберлігімен байланыстыруға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, негізгі айырмашылықтың бірі – тұрақты ойын тәжірибесі.
Қазақстандық көкпаршылар жылдың көп бөлігінде жаппай көкпарға қатысады. Ал командалық көкпардағы ойын жүйесі, тактикасы мен атқа қойылатын талап басқа.
Бізде ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында жылына бір негізгі жарыстан өтеді де, сонымен қалып қоямыз. Қалған уақытта шабандоздардың көбі жаппай көкпарда жүреді. Ал жаппай көкпар мен командалық көкпар – аспан мен жердей. Қырғызстанда командалық жарыстар өте көп, – дейді Дербіс Байділдаев.
Демек, қырғыз шабандоздары бір форматта жыл бойы ойнап, командалық байланысты тұрақты шыңдайды. Бапкер Қазақстанда да мұндай жарыстар санын арттыру қажет деп есептейді.
«Жігіттердің дайындығы төмен болды деп айта алмаймын»
Соған қарамастан, Байділдаев Қазақстан құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындықсыз барғаны туралы пікірмен келіспейді.
Оның сөзінше, ұлттық құрама үш ай бойы дайындалып, 24 шабандоз физикалық тұрғыдан арнайы жаттығудан өткен. Құрамаға ойыншылар да ел чемпионатындағы көрсеткіштері негізінде іріктелген.
Біздің жігіттердің деңгейі немесе дайындығы қырғыз шабандоздарынан төмен болды деп айта алмаймын. Үш ай дайындалды. 24 жігіт физикалық тұрғыдан өте жақсы дайындықтан өтті. Федерация мен Ұлттық спорт орталығы тарапынан барлық жағдай жасалды. Жарыс болған соң жеңіліс те болады. Сондықтан жігіттерді жаппай сынай берудің қажеті жоқ. Енді жіберілген қателіктерден қорытынды шығару керек, – дейді ол.
«Атың дұрыс жүрмесе, қайдағы жеңіс?»
Сұхбат барысында көкпар ардагері Дербіс Байділдаев ерекше тоқталған мәселе – көкпар аттарын дайындау. Оның пікірінше, қырғыздардың басты артықшылығының бірі – көкпар аттарын селекциялау және оларды командалық ойынға бейімдеп өсіру жүйесі.
Астыңдағы атың дұрыс шаппаса, дұрыс жүрмесе, қайдағы жеңіс? Қырғыздарда селекция, ат дайындау жұмысы өте күшті дамыған. Оны мойындау керек, – дейді бапкер.
Байділдаев әр жарыс қарсаңында әр өңірден дайын ат жинағаннан гөрі, болашақ ұлттық құрама үшін жылқыларды арнайы өсіретін тұрақты жүйе құруды ұсынады.
20-25 бие алып, жақсылап бағып, таза қанды айғырлардан тұқым алу керек. Төрт жылдың ішінде командалық көкпарға күшті аттарды дайындап алуға болады. Жыл сайын туған еркек құлындарды бірден іріктеп, дайындыққа түсіру керек. Оған жауапты адамдар қажет, – дейді ол.
Қазақ көкпарына не жетіспейді?
Ұлттық спорт жанашыры Дербіс Байділдаев Қазақстанда тәжірибелі шабандоздар мен бапкерлер жеткілікті екенін айтады. Алайда халықаралық деңгейде тұрақты нәтиже көрсету үшін екі бағытқа басымдық беру қажет деп есептейді.
Біріншісі – командалық көкпар жарыстарын көбейту. Шабандоздар жылына бір жарыспен шектелмей, тұрақты ойын тәжірибесін жинауы керек.
Екіншісі – көкпар аттарының селекциясын жүйелі жолға қою. Ұлттық құрама әр халықаралық жарыс алдында ат іздемей, бірнеше жыл бойы арнайы дайындалған тұрақты ат қорына сүйенуі қажет.
Бізде барлық жағдай бар. Тек ат және жарысты көбейту керек. Қазақстанда турнирлерді көп өткізу қажет. Сонда біздің жігіттеріміз биіктен көрінеді деп ойлаймын, – деп түйіндеді көкпар ардагері Дербіс Байділдаев.
Қазақ пен қырғыз арасындағы көкпар бәсекесі бір жарыстың нәтижесімен өлшенбейді. Дербіс Байділдаев көтерген мәселенің түйіні де осында жатыр. Жеңісті тек шабандоздан талап ету жеткіліксіз. Оның артында жыл бойғы жарыс тәжірибесі, командалық жүйе, ат селекциясы және бірнеше жылға жоспарланған дайындық тұруы керек.