Неге маңызды істі кейінге қалдыра береміз және одан қалай арылуға болады

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

«Қазір бастаймын», «тағы бес минуттан кейін», «ертең үлгеремін». Маңызды істі кейінге қалдыратын адамдар мұндай сөздерді жиі айтады. Нәтижесінде жұмыс жиналып, уақыт барған сайын азайып, күйзеліс күшейе түседі.

Мамандар мұны прокрастинация деп атайды. Көпшілік оны жалқаулықпен байланыстырады. Алайда мамандардың айтуынша, мәселе әрдайым еріншектікте бола бермейді. Кейде адам белгілі бір іске зауқы соқпайды, оны қиын деп ойлайды немесе қателесіп қалудан қорқады. Осындай ішкі кедергілердің әсерінен маңызды шаруалар кейінге қала береді.

Прокрастинация жалқаулық емес

Жай ғана демалып жатқан адамды прокрастинатор деуге болмайды. Прокрастинация кезінде адам маңызды істі кейінге ысырып, оның орнына басқа бір шаруамен айналысады. Яғни жұмыс істеуден қашпайды, тек маңызды міндетті басқа әрекетпен алмастырады.

Мысалы, диплом жазудың орнына бөлме жинау немесе маңызды есепті дайындаудың орнына электронды поштаны қайта-қайта тексеру – прокрастинацияның ең жиі кездесетін белгілерінің бірі.

Адам істі кейінге қалдырып жүргенін түсінгенімен, оны бастауға асықпайды. Оның орнына басқа жұмыстарға көңіл бөледі. Нәтижесінде уақыт тығыздалып, күйзеліс күшейе береді.

Өзін-өзі бақылау неге маңызды

Прокрастинация көбіне адамның өзін-өзі ұстай білуіне байланысты. Яғни маңызды іске көңіл бөліп, телефон, әлеуметтік желі немесе басқа да алаңдататын нәрселерге берілмей жұмыс істей алу маңызды.

Мамандардың айтуынша, өзін-өзі бақылау қабілеті жақсы дамыған адамдар оқуда да, жұмыста да табысқа жиі жетеді. Ең бастысы – бұл дағдыны уақыт өте келе қалыптастыруға болады.

Сонымен қатар күнделікті өмір салтының да әсері бар. Ұйқы қанбаса, дұрыс тамақтанбаса немесе аз қимылдаса, адам тез шаршайды. Ал шаршаған кезде бір іске ұзақ уақыт көңіл бөліп отыру қиындай түседі.

Неге ми маңызды жұмыстан қашады

Көп жағдайда адам жұмыстың өзінен емес, сол жұмыспен байланысты жағымсыз сезімдерден қашады. Кей тапсырма тым қиын, қызықсыз немесе жауапкершілігі ауыр болып көрінуі мүмкін. Сондықтан адам оны кейінге қалдыруға бейім келеді.

Ал әлеуметтік желіге кіріп шығу, видео көру немесе ұсақ-түйек шаруаларды бітіру әлдеқайда жеңіл. Оның үстіне мұндай әрекеттер бірден көңілге қанағат сезімін сыйлайды. Ал маңызды жұмыстың нәтижесін көру үшін уақыт пен күш жұмсау керек.

Сондықтан адам маңызды істі орындау қажет екенін түсінсе де, көбіне жеңілірек әрі жағымдырақ нәрселерге көңіл бөліп кетеді. Дәл осы әдет прокрастинацияның негізгі себептерінің бірі саналады.

Табысты адамдар да прокрастинацияға ұшырайды

Кейде мәселе жалқаулықта емес, адамның өзіне деген сенімінің аздығында жатады. Психологтардың айтуынша, прокрастинацияның бір себебі – сәтсіздікке ұшыраудан қорқу. Біреулер тапсырманы орындай алмаймын деп уайымдаса, енді бірі қателесіп қалудан қорқады немесе өз білімін жеткіліксіз санайды.

Сондықтан прокрастинация тек жауапсыз адамдарға тән құбылыс емес. Керісінше, ол өзіне жоғары талап қоятын, әр істі мінсіз орындауға тырысатын адамдарда да жиі кездеседі. Олар жұмысты мінсіз жасауға ұмтылған сайын, оны бастау да қиындай түседі.

Бос отырудың да пайдасы бар

Кейде адамдар уақытын барынша тиімді өткізуге тырысып, өздеріне демалуға мүмкіндік бермейді. Бірақ дене сияқты миға да тынығу қажет.

Мамандардың айтуынша, қысқа уақытқа демалу ойды сергітіп, ақпаратты жақсы қабылдауға көмектеседі. Мысалы, таза ауада серуендеу, аздап мызғып алу немесе күнделікті қарбаластан бір сәтке болса да алыстау адамның күш-қуатын қалпына келтіріп, жұмысқа деген ынтасын арттырады. Сондықтан әр үзілісті уақытты босқа өткізу деп қабылдамаған жөн.

Прокрастинацияны қалай жеңуге болады

Үлкен істі бірден емес, біртіндеп бастаңыз

Кейде адам жұмысты кейінге қалдыратыны уақыттың жоқтығынан емес, істің тым ауыр болып көрінуінен болады. Көзге үлкен көрінген жұмысқа кірісу қиын, сондықтан оны кейінге ысыра салу оңайырақ.

Мұндай жағдайда жұмыстың бәрін бірден бітіруге тырыспаған жөн. Оның орнына алдымен ең қарапайым қадамнан бастаңыз. Мысалы, мақала жазу керек болса, бірден мәтін жазуға отырмай, алдымен тақырып ойластырып, қажетті деректерді жинап алуға болады. Жұмыс осылай бөліктерге бөлінгенде, оны орындау да жеңілдей түседі.

«Тек 20 минут қана істеймін» деп бастаңыз

Кейде бір жұмысты бірнеше сағат бойы орындау керек деп ойлағанның өзі адамды шаршатып жібереді. Сондықтан өзіңізге «бәрін қазір бітіруім тиіс» деген талап қоймаған дұрыс. Оның орнына белгілі бір іске небәрі 20-25 минут арнауға тырысыңыз. Көп жағдайда ең қиын нәрсе – жұмысты бастау. Ал іске кірісіп кеткен соң, оны жалғастыру әлдеқайда оңай болады. Тіпті кейде жоспарланған уақыттан да ұзақ жұмыс істеп кетуіңіз мүмкін.

Алаңдататын нәрселерді шектеңіз

Кейде жұмысты кейінге қалдырудың басты себебі – телефон, әлеуметтік желі немесе түрлі хабарламалар. Бір сәтке ғана қараймын деп, сағаттап уақытын жоғалтып алуы мүмкін.Сондықтан маңызды іске отырғанда телефонның дыбысын өшіріп, әлеуметтік желілерге уақытша кірмеген дұрыс.

Біреумен келісіп алыңыз

Кей адамдарға өзіне ғана емес, басқа біреуге берген уәдесін орындау оңайырақ болады. Сондықтан жоспарыңызды досыңызбен, әріптесіңізбен немесе жақын адамыңызбен бөлісуге болады.

Мысалы, белгілі бір жұмысты қай күнге дейін аяқтайтыныңызды айтып қойыңыз. Сонда жауапкершілік артып, істі кейінге қалдыру ықтималдығы азаяды.

Оқи отырыңыз