Небәрі 137 сантиметр: әлемдегі ең кішкентай көлік туралы не білеміз?

Небәрі 137 сантиметр: әлемдегі ең кішкентай көлік туралы не білеміз?
Фото: theglobeandmail.com

Жаңа автокөлік жасағанда инженерлер әдетте қозғалтқыштың қуатына, жылдамдығына, жүріс қашықтығына немесе жаңа технологияларға басымдық береді.

Алайда өткен ғасырдың 60-жылдары британиялық Peel Engineering компаниясы жұртты таңғалдырып, қуатты спорткар емес, әлемдегі ең шағын автокөлік жасап шығарды.

Сөйтіп 1962 жылы Peel P50 микрокары жарық көрді. Ұзындығы небәрі 1,37 метр болатын үш дөңгелекті бұл көлік бүгінге дейін Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең кішкентай сериялық автомобиль ретінде енген.

Peel P50. Фото: silodrome.com
Peel P50. Фото: silodrome.com

Былай қарасаң, ол көбірек балалар ойыншығына ұқсайды. Дегенмен бұл көлікті өз дәуіріндегі ерекше инженерлік тәжірибе деп айтуға әбден болады.

Бастапқыда бар болғаны 50 дана ғана шығарылған бұл көліктің шамамен 30-ы бүгінге дейін сақталған. Сирек кездесетіндігіне байланысты түпнұсқа үлгілердің бағасы бүгінде 100 мың АҚШ долларынан асады.

Peel P50. Фото: silodrome.com
Peel P50. Фото: silodrome.com

Peel P50 қандай көлік?

Шыққан елі: Ұлыбритания (Мэн аралы);

Шығарылған жылдары: 1962-1965;

Ұзындығы: 1,37 метр;

Ені: 99 сантиметр;

Салмағы: шамамен 59 келі;

Дөңгелегі: 3;

Сыйымдылығы: бір жүргізуші және шағын сөмке;

Қозғалтқышы: 49 текше сантиметрлік бір цилиндрлі екі тактілі DKW қозғалтқышы;

Қуаты: 4,2 ат күші;

Ең жоғары жылдамдығы: 61 км/сағ;

Беріліс қорабы: үш сатылы механикалық.

Peel P50. Фото: silodrome.com
Peel P50. Фото: silodrome.com

Артқа жүру үшін көліктен түсу керек болған

Peel P50-дің ең қызық ерекшеліктерінің бірі – оның кері жүріс берілісі болмаған.

Сондықтан жүргізуші артқа шегінгісі келсе, көліктен түсіп, артқы жағындағы арнайы хромдалған тұтқаның көмегімен көлікті өз қолымен бұрып алатын болған. Бұл аса қиындық туғызбаған, өйткені шыныталшықтан жасалған кузовы өте жеңіл.

Peel P50. Фото: silodrome.com
Peel P50. Фото: silodrome.com

«Дүкенге баруға арналған көлік»

Peel Engineering бұл микрокарды ең алдымен қала ішінде күнделікті қатынауға арналған көлік деп таныстырды. Компанияның айтуынша, оның ішіне жүргізуші мен азық-түлік салынған бір сөмке емін-еркін сыяды.

Peel P50 алғаш рет 1962 жылы Лондонда өткен мотоциклдер көрмесінде таныстырылды. Оның бастапқы бағасы 199 фунт стерлинг болған.

Бір ғана фара мен бір ғана әйнек тазалағыш

Бұл көлікте бар болғаны бір фара және бір әйнек тазалағыш орнатылған. Өндірушілер пікірінше, мұндай шағын көлік үшін бұдан артығының қажеті де болмаған.

Peel P50. Фото: silodrome.com
Peel P50. Фото: silodrome.com

Top Gear бағдарламасынан кейін қайта танымал болды

Peel P50 араға бірнеше онжылдық салып қайтадан көпшілік назарын аударды. 2007 жылы әйгілі Top Gear бағдарламасының жүргізушісі Джереми Кларксон (бойы – 196 см) әлемдегі ең кішкентай көлікті сынап көріп, BBC ғимаратының ішінде жүргізген еді.

Бір қызығы, ұзын бойлы жүргізуші микрокардың салоны өзі ойлағаннан әлдеқайда кең екенін айтқан.

Заманауи нұсқасы да шығарылды

2010 жылдары микрокарларға деген қызығушылық қайта артқан соң Peel Engineering Ltd компаниясы Peel P50 моделін қайта өндіріске енгізді.

Жаңа үлгілер Англияда құрастырылып, бензинді және электрлі нұсқада шығарыла бастады.

Сыртқы келбеті түпнұсқамен барынша ұқсас болғанымен, техникалық жағынан бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, аспа жүйесі, руль механизмі мен трансмиссиясы жаңартылып, ең бастысы – кері жүріс берілісі қосылды. Соның арқасында көлік қазіргі жол қозғалысына бейімделді.

Peel P50. Фото: silodrome.com
Peel P50. Фото: silodrome.com

Дегенмен оның басты ерекшелігі өзгерген жоқ: әлемдегі ең кішкентай сериялық автомобиль әлі де сағатына шамамен 60 шақырым жылдамдықпен қозғалады.

Оқи отырыңыз