Жаңалықтар

Не үшін әлемде аниме үлкен сұранысқа ие?

Не үшін әлемде аниме үлкен сұранысқа ие?
Фото: Әлеуметтік желіден 07.06.2023 18:30 2708

Жапондық анимацияның үлкен танымалдылық  пен сұранысқа ие екенін жоққа шығару мүмкін емес. Егер, 2000 жылдары аниме көретіндерге қоғамда теріс көзқараспен қараса, қазір әрбір үшінші адам аниме көреді. Ал, жастар арасындағы жапондық мәдениетке қызығушылық пен еліктеушілік тіптен дәстүрге айналып кетті.

Не үшін анименің көрермені көп? Жапондық туынды мұндай танымалдылық пен сұранысқа қалай жетті? Ендеше, себебін бірге білейік.

Баламасы  жоқ туынды

Мүмкін, анименің мұндай танымал болуының басты себебі - баламасының болмауы. Әрине, кез-келген елдің белгілі бір дәрежеде өз анимациясы мен суреткерлері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, тек Жапонияда ғана бұл салаға көп көңіл бөлінеді және тек Жапония ғана әр түрлі жанрларды қамтыған әр түрлі жастағы көрермендерге арнап анимациялық сериалдар шығарады.

Мысалы, үлкен жастағы аудиторияға арналып, 2016 жылы жарыққа шыққан «Мен жоқ қала» (Boku dake ga Inai Machi) анимесін назарларыңызға ұсына аламыз.

Мен жоқ қала анимесі (Boku dake ga Inai Machi) сюжетінің құрылымымен, анимациясының графикасымен және жоғары талғаммен таңдалған саундтректері арқылы көңілсіз атмосфераны керемет жеткізеді. Көңілсіз сөзі кездейсоқ айтылмады. Өйткені, сериалда тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам ұрлау секілді тақырыптар ашық қозғалады.

Енді, сіз Германия шығарған тек балаларға ғана емес, ересек аудиторияны қамти алатын қызықты әрі көп сериялы мультфильм туралы естідіңіз бе? Немесе Канадада, Польшада пайда болған керемет анимация туралы естіген шығарсыз? Жауабы, белгілі. Әрине, естімедіңіз. Себебі, анимацияның даму қарқындылығы мен ауқымдылығы жағынан Жапонияға бәсекелес табылмай тұр. Сондықтан да, бұл тұрғыла анименің қазіргі таңда баламасы жоқ.

Кескіндер ерекшелігі

Әрине, анимедегі кескіндердің салыну ерекшелігі негізгі фактор емес шығар. Бірақ, маңызды фактор. Халқымызда «көрсең, көзің сүйсінеді» деген теңеу бар. Аталған теңеу бізге анименің не үшін осынша танымал екендігіне жауап секілді. Өйткені, біздің сезім мүшелеріміздің бірі – ол көз. Адамдар эстетикалық ләззатты осы көру арқылы алады. Ал, аниме жан баласы эстетикалық ләззат алу үшін қажетті атмосфераны стиль және дизайн арқылы береді. Кескіндеменің стильі мен дизайны маңызды емес десеңіз, елестетіп көріңіз. Бәріміз сүйіп көретін «Мадагаскар» мультфильімі кеңес үкіметі кезіндегі «Винни Пух» стильінде салынған болса, аталған туынды көрерменінің 90 пайызын жоғалтып алар еді.

Айлакер жапондықтар Дисней мультфильмдерін көріп, олардың кейіпкерлерінің көздері көрерменге қалай әсер ететінін түсініп, анимациядағы кейіпкерлердің кескінінде көздеріне аса қатты мән береді. Соның арқасында, анимеде біркелкілік пайда болып, ерекшелігін тапты. Кескіндемесі мен суреттерінің салыну стильі арқылы соңғы уақытта тез танымалдылыққа ие болған «Клинок, рассекающий демонов» анимесін назарларыңызға ұсынамыз. 

Мәдениет

Жалпы жапондар өте тұйық халық. Одан бөлек, жапондар өте ұлтшыл халық. Мысалы, Жапонияда жапондық пен шетелдік арасында тұрмысқа қатысты дау туындаса, халық та, күштік құрылым қызметкері, жергілікті полицейлер де жапон азаматы тарапынан қателік кетсе де, отандасының сөзін сөйлейді. Тіпті, олардың тілінде «гайдзин» деген термин бар. Бүгінде оны аудармашылар «шетелдік» деп аударғанымен негізгі аудармасы «жат жерлік» дегенді білдіреді.

Ұзын сөздің қысқасы, жапондар мәдениеті мен дәстүрін, ұлтын қатты құрметтейді. Мысалы, әлем халықтары сүйіп көретін, классикаға айналған «Наруто» анимесіндегі кейіпкер «Курама» - бұл жапондық Кицуне Ёкай. (Кицуне – жапон тілінен аударғанда «түлкі» дегенді білдіреді. Ёкай - жапон мифологиясының табиғаттан тыс жаратылыстары). Ал, аниме кейіпкерлері қолданатын шаринган, Тсукиёми, Аматерасу әдістері бұл – жапон мифологиясындағы құдайлардың есімдері.

Әуезді әндер

Аса мән беріп кететін факторлардың бірі - анименің саундтректері. Өйткені, талғамнан туған туынды жүрекке жететіні анық. Мысалы, «Наруто» анимесінің Ikimonogakari жазған саундтректерінің бірі – «Вlue bird» тек қана аталған анимациялардың жанкүйерлерін ғана емес, меломандардың жүрегін жаулап алды. Сөзімізге, бұл саундтректің әлемдік музыкалық чарттарды алдыңғы орындарды бермей тұрғаны дәлел бола алады. Тіпті, әлемдегі кейбір ұжымдар анименің саундтректерінен ғана құралған әндер топтасы арқылы тыңдармандарын жинады. Ал, сахнада сүйікті анимелерінің үзінділерін оркестр арқылы орындайтынын естіген көрермендер театрларда ине шаншыр бос орын қалдырмайды.

Идеология

Анименің ең маңызды аспектісі – идеология. Мысалы, «Паразит» анимесінде жер бетіндегі нағыз құбыжықтың кім екендігі туралы сұрақ туындайды. Аталған анимеде бұл сұраққа былай жауап береді: «Нағыз құбыжық ол мүмкін  адам шығар. Адамның әрекеті жануарлар мен көптеген тірі организмнің түрлерінің жойылуына әкеліп соқты. Сондағы бар ойы жануарларды өлтіру арқылы бір сәттік рахатқа бөленіп, дәмді тамақтану үшін бе?». Әрине мұндай сөз табиғатқа деген жанашырлық идеологиясының анық көрінісі.

Ал, «Блич» анимесіндегі «Мен өзі қорқақтың нағыз өзімін бе?» деген сұрақ анименің идеологиясын ашып тұрғандай. Анимациядағы басты кейіпкер, өзіне сенбейді, күшіне күмәнданады, жауларынан қорқады, бірақ ақыр соңында ол өзінің мықтылығын бірте-бірте көрсетеді, күреседі және жеңіске жетеді. Өйткені ол жеңіске жетемін деген шешім қабылдады. Қарап отырсаңыз, қарапайым ғана «өзіңе сену» керектігін үйретеді.

Сол секілді, бір аниме – бір идеологияны насихаттаушы. Одан бөлек, анимациядағы кейіпкерлердің өзара диалогы, тарихы мен өмір жолы және іс-әрекеттері көрерменді құндылықтарға үйретіп, тәрбиелеп ғана қоймай, адамды жүйелі һәм сүбелі құралған қанатты сөздер арқылы баурап алады. Біздің зерттеуіміз бойынша жапондық туындының мұндай танымалдылық пен сұранысқа ие болуының басты себептері осы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға