Қазақстанда Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімін 11 жылға қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет үйінде өткен брифингте айтты.
Президент тамыз конференциясында НЗМ мен жекеменшік мектептерде оқушылардың 18 жасқа дейін білім алуы қаншалықты орынды екенін зерделеп, қажет болған жағдайда тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырған. Министрдің айтуынша, осы мақсатта арнайы комиссия құрылды. Қазір оның мүшелері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру бағдарламаларын және оны 11 жылда аяқтау мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Еңбек нарығы өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Қазір біз өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Еңбек көші-қоны мен еңбек нарығындағы өзгерістер білім беру бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеуді талап етеді, – деді ведомство басшысы.
Министр келтірген мәліметке сәйкес, НЗМ түлектерінің 88 пайызы мектепті 18 жасында аяқтайды. Ал былтыр 300-ге жуық оқушы 19 жасында мектеп бітірген. Жұлдыз Сүлейменова жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырумен қатар ҰБТ-ға дайындалатынын атап өтті. Осыған байланысты министрлік қазіргі оқу моделінің тиімділігін бағалап, балалар арасында теңсіздікке жол бермеуді көздейді.
Қазір оқушылардың бағдарламаны 11 жылда аяқтау мүмкіндігін қарастырамыз. НЗМ – толық күндік мектеп. Балалар таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін оқиды. Оған қоса, апта сайын сегіз жеке сағаты бар. Сондықтан 12 жылдық білім беру мазмұнын жинақтап, 11 жылға сыйғызу мүмкіндігін де зерделеу қажет, – деді министр.
Оның айтуынша, кейбір ата-ана баласының тағы екі жыл оқуын қаламай, 10-сыныптан кейін НЗМ-ден жалпы білім беретін мектепке ауыстырады. Себебі жалпы білім беретін мектептерде негізгі оқу бағдарламасы 9-сыныпта, ал Зияткерлік мектептерде 10-сыныпта аяқталады.
Қазір арнайы комиссия білім беру бағдарламаларының мазмұны мен өзара сәйкестігін талдап жатыр. Комиссия жұмысын осы оқу жылы ішінде аяқтауы тиіс. Министрлік нақты ұсыныстарды 2027 жылдың қаңтарына дейін әзірлеуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін біз мектеп оқушыларының формасы туралы жазған едік.